ШАРДАРА: АУҚЫМДЫ ЖОБА ІСКЕ АСУДА
ШАРДАРА: АУҚЫМДЫ ЖОБА ІСКЕ АСУДА
Жерасты суының жақын болуы және жер бетіне тұзды судың көтерілуі Шардара ауданының басты проблемалық мәселелерінің бірі болып саналады. Осы тұрғыда 2016 жылдан бері ПУИД-2 (ИДЖЖЖ-2) (ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы) бағдарламасы іске асырылуда.
Аудандағы Алатау батыр, Қызылқұм және Сүткент ауылдық округтеріндегі суармалы егістік алқаптарындағы ағын су нысандарын тазалау жұмыстары басталған болатын.
Міне биыл аудандағы 311 шақырымды құрайтын каналдарды тазалау, қаптау жұмыстары (облицовка),гидроқұрылыстар (ағын су тоспалары, су өлшегіш қондырғылар) салу және бетондау жұмыстарына мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, Алатау батыр және Қызылқұм ауылында үлкен жоба іске асқалы отыр. Сондай-ақ, 404 шақырымды құрайтын ағын су қашыртқылары тазалануда.Оған қоса, Шығыс және Батыс қашыртқылары арқылы жиналып қосылған ағын суды Көксарай су реттегішінің төменгі сағасы арқылы(Сүткент және Байырқұм ауылдарының маңы) Сырдария өзеніне қосу және сол жерге қосымша 19,3 шақырым ағын су қашыртқысын салу қолға алынуда.
Күрделі тазалау және қазу жүйесін, мердігер Израилдік «Тахал» ЖШС және Қызылордалық «Мелиоратор» ЖШС мекемелері жүргізуде.
Бүгін осы тұрғыда аудан әкімінің орынбасары А.Таженов, ПУИД-2 жобасының жетекшісі А.Атантаев, құрылыс жұмысына техникалық бақылау жүргізуші (технадзор) С.Төлешов, Шардара аудандық "Қазсушар" КМК мекемесі филиалының басшысы Е.Иса және мердігер компаниялардың басшылары мен бірқатар жобаға жауапты мамандар Қызылқұм және Алатау батыр ауылының диқандарымен кездесу өткізді.
Бұл жиынның мақсаты, диқандар мен компания өкілдерін жүзбе жүз кездестіріп, жөндеуден өтетін каналдардың схемаларын таныстырып, егін су алатын уақытты анықтау.
Тарқатып айтқанда, ПУИД-2 жобасы ауықымды түрде екі ауылдық округте іске асырылмақ.Сондықтан да, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті шаруалар мен құрылыс жұмыстарына тікелей жауапты мамандар кездесіп, бір келісімге келді. Жиында диқандардың наурыз айының ортасына қарай ағын су бер деген өтініштері қабылданып, әкімдік тарапынан екінші кезекті егін суды алмай тұру ұсынылды. Яғни, ауқымды құрылыс жұмыстары басталғанда ауылдық округтердегі ағын су каналдарында қызу жұмыс жүргізілетін болады. Сол үшін шаруаларға биылға суды көп қажет етпейтін дақыл егу жайында айтылды.
Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары А.Таженов: " Құрметті диқандар бұл ПУИД-2 жобасы 4 облыста 11 жобаны іске асыруда. Соның ішінде ең ауқымдысы біздің ауданда жүргізілмекші. Бұл жоба арқасында талай жылдан бері ауылдарда тозығы жеткен ағын су каналдарын толықтай жөндеп алуға мүмкіндік аламыз. Мұндай жоба жылда келе бермейтін үлкен мүмкіндік дер едім. Ауданымызға Үкіметтен биыл қомақты қаржы бөлініп отыр. Өйткені былтыр пандемияға байланысты қаржы аз болып жұмыс баяу жүрген еді.
Сондықтан да биыл ағын суды үнемдеп сәл ғана шыдап берсеңіздер, каналдар бетондалып жаңаланып жөнделсе, 20-25 жылға дейін кедергізі егін суды алар едік. Сол үшін екі жақты келісе отырып жұмыс жүргізіп,қолдау көрсетсеңіздер.
Бұл жобаны іске асырушы мердігерлерге ағын су қажеттіліктерімізді кесте бойынша бекітіп берсек, олар сол уақытқа дейін құрылыс жұмыстарын реттеуге әрекет жасар еді. Біз бұл жұмыстарды толықтай аудандық әкімдік тарапынан бақылауға алып отырмыз.
Құрметті диқандар, жұмыс сапасын жақсарту үшін құрылыс компаниялары халықтық бақылау қояуға да келісір отыр. Яғни, әрбіріңіз өз ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді жауапты мамандарға осы жерде немесе ауыл әкімдеріңізге жазбаша түрде айтып, ағын су алатын каналдарыңызға қатысьы мәселелеріңізді шешуге мүмкіндіктеріңіз бар. Және құрылыс басына барып, жөндеу жұмыстарын бақылып, кемшіліктерін бізге айтып отырсаңыздар, дер кезінде кемшілікті реттеуге тырысамыз.
Сондай-ақ, бұл жоба іске асса көптеген егістікке жарамсыз қалған жерлерді қайтадан іске қосу мүмкіндігі туады.
Сондықтан да, екі жақты келісімге келсек, мердігер компаниялар кедергісіз жұмыс істесе және биылға көктемгі суды беріп, мүмкіндік болса биылға шілде суды талап етпейтін дақыл ексеңіздер. Барлығыңыз диқаншылықпен күн көріп, жердің нанын жеп отқандарыңызды біліп отырмын. Алайда осы жоба арқылы жердің сорын, зәгін және ағын су жүйесіне қатысты проблемаларды шешу мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан бір жылға түсіністік танытуларыңызды сұраймыз"- деп түсіндіріп өтті.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі
