kk
Default banner
Разное
426 297 постов48 подписчиков
Всяко-разно
0

Ө.ШӨКЕЕВ: «ЖОЛ КАРТАСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШЕДІ»

Ө.ШӨКЕЕВ: «ЖОЛ КАРТАСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШЕДІ»

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы кезең-кезеңімен жүйелі әрі уақтылы орындалады. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мәжілісінде айтылды. Жиында депутаттар Түркістан өңірінде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын талқылады. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев аталған жол картасында аймақтағы ең өзекті мәселелер мен жоспарлар қамтылғанын атап өтті. Соған сәйкес, құжатқа 26 көрсеткіш пен 128 іс-шара енгізілген. Мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, фракция мүшелері, әкім орынбасарлары және жауапты басқарма басшылары қатысты.

«Бүгін сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы ұсынылып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған тапсырма. Сондықтан сайлауалды бағдарламаны сапалы әрі уақтылы атқару қажет. Жол картасын жүзеге асыру барысында 5 жылда облыста 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 152 жаңа кәсіпорын ашу және кеңейту арқылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 350 мыңға жақындайды. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейеді. 53 ферма, 900 мал бордақылау алаңы құрылады. Бес жылда 21 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі. Жол картасы Түркістан облысындағы ең өзекті мәселелерді шешеді. Партияластарға, жергілікті жауапты басшыларға осы тапсырмаларды жүйелі орындауды тапсырамын. Баршаңызды халық алдындағы аманатқа адал болуға, елге шын ниетпен қызмет етуге шақырамын!», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Күмісбек Жаппаровтың баяндамасы тыңдалды. Ол Жол картасындағы негізгі индикаторлар мен жоспарларды баяндап берді.

Партияның Түркістан облысына арналған 5 жылдық жол картасында елдің ұсыныс-тілектері ескерілген. «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сәйкес, облыста ауыл шаруашылығы, туризм, инвестиция тарту, аймақтарды өркендету, денсаулық сақтау, білім, инфрақұрылым, құрылыс салаларын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарына басымдық берілген. Сонымен бірге Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру міндеті де көрініс тапқан.

Осы және өзге де жоспарлар туралы партияның облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев баяндап берді. Оның айтуынша, фракциядағы 37 депутатқа жол картасының салалары бойынша нақты міндеттер жүктелген.

«Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, партияны қайта жаңғырту жұмыстары атқарылды. Сайлауалды бағдарламамыз қабылданып, жол картасы талқылауға ұсынылды. Осы жоспар негізінде Түркістан облысының әрбір аудан, қаласын, елді мекендерін жан-жақты дамыту көзделіп отыр. Жол картасының әрбір тармағына жауапты депутаттар бекітілген. 2025 жылға дейін Түркістан облысында 111 медициналық нысан, 266 мектеп, 15 балабақша, 236 спорт, 27 мәдениет нысаны салынады. «Nur Otan» партиясының фракциясы осы жобалардың жүзеге асырылуына тікелей атсалысады», – дейді Бейсен Дәулетұлы.

Мәжіліске қатысқан фракция мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған жол картасын бір ауыздан қолдады. Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы партияның облыстық Саяси кеңес бюросына бекітуге ұсынылды.

Жол картасына арқылы 2025 жылға дейін Түркістан облысында 214 туристік нысан салынады. Осы арқылы өңірімізге келушілер саны 1,5 есеге артып, 2 миллионға жетеді деген жоспар бар. Бес жылда облыста 5656,11 шақырым жол жөнделеді. 2300 шақырымға жуық таза ауыз су жүйесі жүргізіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі