СЪЕЗДЕ НАҚТЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ
Партияның сайлауалды бағдарламасы мен Парламент мәжілісі сайлауының партиялық тізімі бекітілді.
Сонмен қатар съезге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Бүгінгі әлемді алаңдатып отырған жағдай мен дағдарыстар туралы айтылып, осыған орай елімізде нақты әзірленген даму жоспарының бар екендігін және оның қаржы ресурстарымен нығайтылғандығын атап өтті.
Шынымен де күрмеуі қиын мәселелердің оң шешім табуы жолында, біраз реформалардың жүзеге асырылуы барысында "Nur Otan" партиясының қажырлы еңбегі мен зор әлеуетіне сүйенеміз. Оған дәлел -- Президенттің қоғамдағы партияның жетекші рөлге ие екендігін, халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқандығын, нақты жұмыстың бірлікті арттыра түскендігін тілге тиек етуі.
ХХ съезде бекітілген бағдарлама мен алдағы уақытта жүзеге асатын тың идеялар көңілге қуаныш ұялатты. Әсіресе, балаларға қосымша білім беру, бос уақыттарын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелерінің шешім табуы жолында атқарылатын жұмыстар білім саласына көп көңіл бөлінгендігін аңғартады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен толық қамтылуға тиіс екендігін, осы ретте тұрғылықты жеріне қарамастан баланың бәріне бірдей көңіл бөлінетіндігін баса айтты. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін білім, мәдениет саласын өркендету мақсатында еліміз бойынша 800 жаңа мектептің салынып, 5000-нан астам мектептің жаңартылатындығын, педагог мамандарға сұранысты арттырып, жалақыларының 2 есеге көбейетіндігін жеткізді. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша кем дегенде тағы 2 озық өңірлік оқу орнының ашылатындығы да -- қуанышты хабар.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы жәрдемақы мөлшерінің ұлғайтылатындығы, Әлеуметтік кодекстің әзірленуі, партиялық тізімде жастардың 20% -ға, әйелдердің 30%-ға жетуі -- халық сенімін арттырып, ел аманатына ерекше көңіл бөлу.
"Nur Otan" партиясының осындай бастамалармен ел игілігі үшін еңбек ететініне, қолға алған істі жүзеге асыратынына сенімім мол. Ең бастысы, ел аман, келер күн жақсылықтарға толы болсын!
Дана Оспанова,
Праймериз жеңімпазы,
№1 М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының директоры.
