«СЕРПІН-2050» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫНЫҢ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕРІ БАР?
«Серпін» жобасының барша жұртшылық үшін қолжетімділігі және жастарға зор мүмкіндіктер беретіні жайында жиі айтылады. Шын мәнінде осылай ма, осы жоба аясында білім алып, бітірушілердің жұмыспен қамтылуына кепілдік бар ма және баспана мәселесі қашан шешіледі? Осы және басқа да сұрақтарға біз «Білім» ток-шоуының бүгінгі шығарылымы барысында жауап табатын боламыз.
Жоба туралы: қатысу шарттары, мамандықтар, жоғары оқу орындары
«Серпін» жалпыұлттық жобасы үш жыл бұрын пайда болған. Оның ұйымдастырушылары жоба алдына мынадай ауқымды мақсат қойды: жастарды еліктіретін құндылықтар қалыптастыру.
«Серпін» – бұл тиімді мемлекеттік құрал. Біріншіден, жобаның арқасында ішкі көші-қон мәселесі шешіледі, экономикалық белсенділік артып, ішкі әлеуметтік ширығыс бәсеңдейді. Оңтүстік аудандар үшін бұл жастардың еркін гранттар мен сапалы білім алуға қол жеткізуін білдіреді. Қабылдаушы тарап үшін – жаңа мамандардың келуін, экономикалық белсенділікті, жоғары оқу орындары колледждердің толығуын, туу деңгейінің артуын қамтамасыз етеді. Елдің оңтүстігіндегі білім мекемелерінің жеткіліксіздігін жаңа білім ордаларын салу арқылы емес, жастарды ақысыз бос жоғары оқу орындарына жіберу арқылы шешкен жөн екендігі айқын.
Сарапшылар жобаның жас қатысушыларға сапалы білім алулары мен тұрақты жұмыс табуларына мүмкіндіктер беретінін атап көрсетті. Өткен жылы бұған 2050 адам қатысты, ал биылғы жылы «Серпін» үшін гранттар саны үш есе көбейіп, 6200-ге жетті. Олардың тек бес мыңы – жоғары оқу орындарының гранттары.
Әлбетте, жобаның іске асырылуын негіздеу үшін зерттеулер жүргізілген, ол мынадай проблемалалары бар облыстарды анықтады: жұмыс күшінің, мамандардың жетіспеушілігі, білім мекемелерінде студенттердің аздығы, экономикалық белсенділіктің төмендігі, жұмыс орындары мен бюджеттің қысқаруы, бала бақшалар мен білім беру мекемелерінің жетіспеушілігі, кәсіптердің ескіруі.
Қатысушылардың пікірі
Бүгінде «Серпін» жобасы аясында шығарылған бірнеше өнімнің үлгісін келтіруге болады. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда оқитын студенттер кәсіппен айналысады: монша сыпыртқыларын жасап, оңтүстікке жібереді. Бұл өңірде балалар жерді жалға алып, оған картоп өсіреді, сөйтіп шағын бизнестерін жүргізеді. Басқа студенттер болса, электрондық билеттер, кептірілген жеміс-жидектер сатады, бірқатары жеке дүкендер, шеберханалар, кафе ашқан. Үй күтушісі, бармен, шаштараз, аспаз болып жұмыс істейді, сөйтіп өз беттерінше ересек өмірге қадам басып, дербес тіршілік етуге жағдай жасауда.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева «Серпін» жобасы жастардың бойында білімге деген ұмтылысты оятуға жол ашты деп есептейді. Оларды диплом алғаннан кейін де жоба аясында жұмысты ары қарай жалғастыруға болатыны туралы ой ерекше ынталандырады.
Тағы бір жағымды жағы: студенттердің соңынан ата-аналарының да қоныс аударғандары туралы мысалдар көп. Бағдарлама іске асырылған бүкіл кезең ішінде бұған 50 отбасы қосылды. Бұл ақпаратты Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсенбаев былайша растайды: «Біздің қызметкеріміз өзімен бірге ағасын, әпкесін, ата-анасын әкеле алады. Отбасының әрбір мүшесіне көшкені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия бөлінеді», – деді ол.
Ғалымжан Бегалы Риддерге Оңтүстік Қазақстан облысынан келген. Ол үш жыл бұрын мектеп бітіріп, «Серпін» бағдарламасы туралы естігеннен кейін еліміздің шығысына аттануға бел буады. «Бізде даму үшін бүкіл жағдай бар. Қазіргі кезде мен жергілікті кәсіпорында жұмыс жасаймын, оқу бітіргеннен кейін осында қалғым келеді. Бұл жердің табиғаты да керемет, ауасы таза, көгалы мол», – дейді Ғалымжан.
«Серпіндіктер» жұмыс істейтін кәсіпорынар мен ұйымдардың өкілдері олар туралы еңбекқор, ынталы қызметкерлер деп жылы лебіздерін білдіреді. Олардың әрқайсысында жұмыс орнында тәлімгерлері бар. Сөйтіп олар онда жаңа дүниелерді үйреніп, дағдыларын арттырады – тәлімгерлер оларға өз білгендерін үйретіп, ұзақ жылғы жинақтаған тәжірибелерімен бөліседі.
Таяудағы перспективалар
«Серпін-2050» – бұл шын мәнінде болашақтың жобасы. Ол қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждерде оңтүстік өңірлердің мыңдаған жастарының сапалы білім алуларына мүмкіндік ұсынады.
2015 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде 14 инженерлік-техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы және ветеринарлық мамандықтарды қамтыды, ол осы бағдарламаны іске асыруға қатысушы жоғары оқу орны ретінде бекітілген.
«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша университетте 2015-2016 оқу жылында білім алуға 450 студент бөлінген, ал 2016-2017 оқу жылына – 145 мемлекеттік білім гранты бөлінген.
Келесі қадам – «Серпін Іскерлері» жобасын іске асыру және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Жоба жетекшісі жаңа жұмыс орындарын құруға ары қарай да көмек беруді жалғастыруды жоспарлап отыр. Бүгінде олар тарапынан мектептерде үгіт-насихат, кәсіптік бағдар іс-шаралары жүргізіліп, экономика мен кәсіпкерлік негіздері бойынша дәрістер оқылуда.
Жастарды мынадай мүмкіндіктермен қамтамасыз ету қажет: оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа кірісіп кету, жатақханадан орын алу, бизнеспен айналысу және т.б. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының мақсаты – еңбек нарығында теңдікті сақтау, халық тығыз қоныстанған аудандарда жұмыссыздық деңгейін төмендету, халық аз қоныстанған аудандарда демографиялық көрсеткіштердің өсуіне ықпал ету және жақында ашылған кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз ету.
