Перейти к содержимому

Санжар Сейсенбаев Журналистика факультеті Қоғаммен байланыс PR мамандығының 2-курс студенті Болаттай тасқа шапса кетілмеген

    «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды, бәрібір жарқырап сыртқа бір шығады»

               І.Есенберлин

«Әр халықтың есі кіріп, есейер шағы болады» деген екен жазушы Ғабит Мүсірепов. Қазақ әдебиетіндегі бір күйменің төрт дөңгелегі бір тұлпардың төрт тұяғы саналған жазушының бірі Ғабеңнің бұл сөзіне иланбасқа болмас. Жат елдің мәдениетіне жұтылып, жаһанданудың жаханнамына түспес үшін халық өткеніне оралып, артына бағдар жасап, ұлылар салып берген соқпақты саралап, сарабдалдық танытып отыру керек. Өткенге оралмай ешқашан болашаққа көз сүзе алмаймыз. Тек алға ғана қарай беріп артыңа үңілмесең қалай жол таппақсың? Артқа қарау дегеніміз- кері шегіну емес, өткеніңе үңіліп жақсылығын екшеп, жамандығынан ада болып,сабақ алу. Бүгінгі күні халқымыз өткеніне үңілмейтін тәрізді. Бесіктегі балаға ертегі айтып өсіретін әже жоқ, телефон қаратып батыстың мултфильмдерін көрсететін шеше бар. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа, тәйт дейтін ата» болмаған соң бала қайтіп жетелі боп өссін? Баланы жастан деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін телефонға үңіліп ұлттық болмысымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Ресей империясы жерімізді жаулап, халқымызды отарлағаннан кейін біз халықтың формамызды жоғалтып алдық. Кейіннен патшалық Ресей мен Цин империясы жер бөлісіп қазақ жерін тулаққа айландырғанда шекараның ар жақ бер жағында қаншама қазақ бір-бірінен ажырап, аңырап қалды. Меніңше біздің нағыз ұлттық бедеріміз де, халықтық болмысымыз да шекараның бер жағында емес ар жағында (Шығыс Түркістан) қалып қойған сияқты көрінеді. Тіпті бай мұраларымыз ұмыт болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, санадан өшіп кеткен сөздердің бәрін біз Шығыс Түркістан аймағындағы қазақтардан байқап жатамыз. 1962 жылы қаны сұйылып тұрған өлкеге шекара асып, отандарын аңсап 200 мың қазақты бастап Қабдеш Жұмаділов келгенде елге ел қосылып, халық еңсесі көтеріліп қалмап па еді. Алайда бұл көшке ілесе алмай, қалып қойған қазақтарда болды. Олар қазақтың 1937-38 жылдары кеңестік биліктен көрген құқайын (репрессия) «мәдени төңкеріс» деген атпен 1969 жылы Қытайда көрді. Соның бірі жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәнік еді.

Зейнолла Мүбәрәкұлы 1935 жылы, көкек айының 15 жұлдызында Шығыс Түркістан Тарбағатай аймағы, Шағантоғай ауылында дүние есігін ашты. 1945 жылы он жасында мектеп табалдырығын жаңадан құрылған Шығыс Түркістан мемлекетінде аттайды. Мектептке кешірек бару себебі елде аласапыран уақыт болып жатқан кез еді, яғни мемлекетте «ұлт азаттық»күресі жүріп жатты. Сөйтіп жаңадан округтер құрылып, мектептер салына бастағанда Зейнолла атамыз мектепке барып, сегіз сыныптық біліммен аяқтайды. Орта білімімен мамандар тапшылығы салдарынан туған ауылындағы комсомол қызметіне шақырылады. Кейіннен алғырлығымен көзге түсіп, Пекиндегі комсомол мектебіне оқуға жіберіліп,небәрі екі жылда қытай тілін толық меңгеріп, гуманитарлық ғылымдардан хабардар болып шығады. Бұдан біз Зейнолла Сәніктің білімге әбден шөліркегенін, сөйтіп суатқа бас қойғандай оқу-білімге де бірден ден қойғанын байқаймыз. Әсілі адам баласы бір іске соншалықты ықыласты, ынтызар болса оған жетпей тынбақ емес. Осы ретте тілге тиек ете кетуіміз керек, ұлтымыздың бірегей қайраткер тұлғасы ғалым, тұңғыш дәрігер Халел Досмұхаммедұлы да Петерборға оқуға барып, емтиханда латын тілін білмей, бір ай мұрсат сұрап, бір ай бойы Петербор кітапханасында латын тілін жіті меңгеріп, емтиханды үздікке тапсырып шықанын айта кетуіміз ләзім. Осыдан шығатын қорытынды жалпы қазақ халқының бойында ежелден полиглоттық қасиет болған. 

Жан дүниесі әдебиет, руханият деп тұрған жас жігіт оқуды тәмәмдаған соң Пекинде қалмай, Үрімжідегі «Жастар» баспасына келеді. Бұнда Зейнолла атамыз 1970 жылға дейін қызмет атқарады. Тәй-тәй басып келе жатқан баспаның бойына қан жүгіртіп, жұмысын ілгері жүргізген де Зейнолла Сәнік еді. Оқу, білімге сусап жүрген балалар мен жастарға арнап түрлі кітаптар шығарады. Кейіннен жалпы орта білімге арналған кітаптарды қазақ тілінде шығарып, кейбір аударылмай тұрған шығармаларды қазақшағааудартып немесе өзі тәржімалап бастырады.

1966 жылы ҚХР төрағасы Маоның « мәдениет зор төңкеріс» деген атпен идеологиялық жарлығы шығады. Яғни «ескі мәдениет, әдебиеттен арылып жаңа мәдениет құрамыз» деген ұран тастап ел ішінен «жау» іздей бастады. 1970 жылы Зейнолла Сәнікке де «халық жауы» деген айдар тағып, баспаны жауып, қуғынға жібереді. Өзінің өтінішімен еңбекпен түзеу лагеріне Жың ауылына айдалады. Мұнда жер жыртып, мал бағып ауыр жұмысқа жегіле жүріп ауылдағы көне көз қариялардың аузынан батырлар жыры, ежелгі аңыз әфсаналарды, ертегілерді, шежірелерді жазып алып жинақтай береді. Зейнолла Сәнік Қаракерей Қабанбай, Демежан, Сүлеймен би, Тұғырыл хандарға қатысты аңыздар мен деректерді жинаған. Зейнолла Сәніктің үлкен еңбегінің бірі үйсін заманынан бері келе жатқан күйлерді зерттеген. Басқа адам болса қуғында жүріп, азып-тозып кетер еді ал Зейнолла Сәнік ұлтына қажет нәрселерді там-тұмдап зерделей берді. Қуғында жүріп физикалық жұмыспен қатар ой жұмысымен де айналысады. Жүрек дауаламайтын істі жасап кейіннен халқына ұшан-теңіз бай мұра қалдырды. Ұлтты сақтайтын, табиғи болмысын бедерлейтін әдебиет десек, Қытайдағы екі миллионнан астам қазақтың қазақ боп қалуына осындай еңбектер жазу арқылы қарлығаштың қанатымен су сепкендей әрекет етті. 1978 жылы толық ақталып қайтадан баспа саласына келген соң екі томдық «Қазақ халық ертегілерін» шығарады. Ел арасынан жиған тергенінің барлығын хатқа түсіреді. Онымен қоса Қытай ақын-жазушыларының шығармаларын қазақша сөйлетеді. Сонымен Зейнолла Сәнікті аудармашы депте айтуымызға болады. Тек қана баспа ісімен айналысып қана қоймай этнограф, фольклорист ретінде зерттеушілігін қатар алып жүрді. Осы ретте айта кетуіміз керек қазақ этнографиясына қастысты мол әрі терең мағұлматты жан-жақты зерттеп (заттық этнография, мәдени этнорафия) Қытайда «Қазақ этнографиясы» атты көлемді еңбек жазып шықты және баспадан жарық көргізді. 

​Зейнолла Сәнік- Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы. Бұған дейін Қабанбай батыр туралы жырым-жырым болып әр жерде жарияланып жүрген еді. Ал Зейнолла Сәнікте батырға қатысты құнды деректер бар болатын. Соны жинақтай келе «Хан батыр Қабанбай», «Қаракерей Қабанбай» кітаптарын жазып шығады. Осы кітабы 1991 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Аталған еңбектердің негізінде Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойы Тадықорған қаласы Үйгентаста жерінде атап өтілді. Еңбектері еленіп Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығын алады. 

Халық ақыны Ахат Үрімжанұлының да шығармаларын зерделеуде Зейнолла Сәнік көп еңбек етті. Оны зерттеп қана қоймай баспадан шығарған болатын.

Жалпы Зейнолла Сәніктің Қытай жерінде жинақтаған қазақ халқының фольклорларын ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Бабалар сөзі атты 100 томдық еңбектің 20 томына кіргізген. Осыдан-ақ ғалымның ұшан-теңіз еңбегін аңғарамыз. Ғалым Сейіт Қасқабасов «Тау сілеміндей мол мұра фольклор, ауыз әдебиеті, жыр-аңыздар, ел әңгімелері, көркем проза, романдар, көркем әңгімелер, нақыл сөздер секілді әдебиеттің әр алуан жанрында қалам тербеуі Зекеңнің шығармашылық қазынасы бай адам болғанын қапысыз көрсетеді.» Бұл ғалымның өшпес шығармашлығының айқын дәлелі.

Қазақ совет әдебиетінің бір олқы тұсы міндетті түрде кез-келген шығармада партия, Ленин, Сталин, Маркс, Энгельс есімі аталып, шығарманың бойына қызыл империяның қан құйып отыру керек болды. Сөйтіп қазақ әдебиетінің қанына импералистердің қаны араласып тазалығы бұзылды. Ал Шығыс Түркістан аймағынан келген ақын-жазушылардың шығармаларынан таза қазақтың болмысы, бітімі тұнық көрнеді. Яғни еш саясат араласпаған шығарма нағыз әдебиет бола алады. Академик Рымғали Нұрғали жиырмасыншы ғасырды «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп баға береді. Біз болсақ осы пікірге сәл өзгертулер енгізіп қазақ әдебиетіне боямасыз қазақ адамының келбеті мен психологиясын алып келген Зейнолла Сәнік дер едік. Халқымыз «жақысының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Қазақ халқының жадынан да осындай дара да дана тұлғаларымыздың есімі өшпек емес. Біз бұл кісілердің аттарын біліп қана қоймай, бай мұраларын оқысақ ұлттығымызды сақтап, табиғилығымызды тәрбиеде ұстар едік.      

 

 

0
0
399

Еще по теме

Санжар Сейсенбаев Журналистика факультеті Қоғаммен... - Yvision.kz