Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМЫЗДЫ ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАҒАНЫМЫЗҒА ӨКІНБЕЙМІЗ

Бүгін – Мұғалімдер күні. Қалам ұстағаныңнан бастап, қабырғаң қатайғанша білім нәрімен сусындатып, өмір соқпағында түзу жол таңдауыңа дейін үлес қосатын ұстазға бас иетін, бар жақсылығы үшін алғыс айтатын күн.


Республикаға еңбегі сіңген ұстаз, еңбек жолын 70-жылдары тақта алдында бастаған ерлі-зайыпты Құсбек Сейітханов пен Райфа Хисамиддинованы кәсіби мерекесімен құттықтап, аз-кем тілдескен едік. Екеуінікін қосқанда 80 жылдан асатын еңбек өтілі бар қос мұғалімнің алдынан шыққан талай түлек пен өз балалары іздерін басып, кәсіптерін жалғастырды. Бұл – кезекті кәсіби мерекесін қарсы алып отырған қариялардың еңбегінің жемісі. Қазан айының бірінші жексенбісіне тура келетін мереке алдында бақытты отбасы, мұғалімдер династиясының көшбасшысы болған қос ұстаздың естелігін тыңдап қайттық.


Сонау 1975 жылдан бастап уақыттарының көбі мектепте өтетін. «Ұстасқан қолдары ажырамаған» деген теңеу дәл осы кісілерге арналғандай. Райфа Құсайынқызы мектептегі жұмысын ерінен екі жыл ерте, 1973 жылы бастады. Құсбек Құдайбергенұлы өзі туған ауылға үлбіреген бойжеткеннің келген кезін жылы жымиып еске алады. Алғаш кездескен сәттен бастап-ақ бірін-бірі жақын тартқан жастардың сезімі көп ұзамай махаббатқа ұласты. Той 1973 жылдың бірінші тоқсанында өтті. 4 қараша еді. Көп ұзамай Райфа Хисамиддинова тоғыз жылдық жергілікті мектепті басқарса, жұбайы Құсбек 1975 жылы Абай атындағы Алматы педагогика институтына сырттай түсіп, тарих пен жаратылыстанудан сабақ бере бастады.


«Мектеп директоры болу – өте үлкен жауапкершілік. Әсіресе, жасың жиырма алтыда ғана болса, – деп еске алады Райфа Құсайынқызы. – Маған арқа сүйейтін адам керек еді. Ал күйеуім жұмыс барысында көп көмек көрсетті».

Құсбек Құдайбергенұлының мамандық таңдауына бас құрап, үй болғанының да әсері зор болғары байқалады. Бұл шешімі үшін бір сәт те өкінген емес. Отағасы бастан кешкен қиындықтарын көп еске алғысы келмейді. Алғашқы жылдары мұғалімдікпен қатар мектептің шаруашылық жұмыстарын да атқаруға тура келетін. Әрі ол кездің мұғалімдерінде бүгінгідей жайлы жағдай болмады. Дайын оқу құралдары жоқ, барлығын қолдан жасауға мәжбүр. Ақпаратты іздеп жүріп қана алуға болатын заманды бастан өткерген қос ұстаз бүгінгідей ғаламторы алдында, «жылдам хабар алғызатын» заманның мұғалімдері жаңашыл, шығармашылық ізденісі жоғары болуы керек деп есептейді. Білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңалықты қалт жібермей отырған ұлағатты ұстаздар бұл өзгеріс елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуға септігін тигізетін бастама екеніне сенімді.


Құсбек Сейітханов әлі күнге дейін кәсібінен қол үзбеген. Жас әріптестерінің проблемаларынан хабардар. «Мұғалімдерді университеттен соң тәжірибесіз қалпында мектепке жібереді. Оларға бағыт беретін курстар керек, – дейді Құсбек Құдайбергенұлы. – Білімді жастар көп. Бірақ тәжірибе жетіспейді». Елге еңбек сіңірген ұстаз мектепте жиі семинар ұйымдастырып, педагогтарды жаңашыл бағдарламалармен таныстырып отыру керек деген ойда. «Елбасымыз айтқандай, болашақ – үш тілде білім беруде … Ал біз жастарға жол сілтеуіміз керек. Қарт ұстаздар жастармен тәжірибе бөліскені жөн», – деген Құсбек Сейітханов мектепте ұстаздар арасында алауыздық жоқ екенін, барлығы бір кісідей жұмылып еңбек етуге тырысатынын айтады.


Құсбек Құдайбергенұлы мен Райфа Құсайынқызының қыздары да ата-ана жолын таңдаған. Тек тұңғыш қыз ғана экономист мамандығына бет бұрыпты. Ортаншысы Павлодар педагогикалық университетін үздік бітірген. 36 жастағы ортаншы қыз Еуразия инновациялық университетінде ғылыми кеңесті басқарып, математика мен физикадан сабақ береді. Кенже қызы Айгерім екі диплом алды. Жоғары техникалық және педагогикалық мамандық иесі. «Дене шынықтыру» мамандығын алған Айгерім қазір жергілікті колледжде ұстаздық етеді.


«Біздің елде мұғалім қай кезде болса да зор құрметке ие болған. Осыны әркез есте ұстап, мұғалім мәртебесін көтеруге тырысу керек», – дейді Құсбек Сейітханов. Кәсіби мереке қарсаңында Құсбек Құдайбергенұлы Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзін еске алып, әріптестеріне жемісті еңбек пен жетістік тіледі. Ерінің сөзін қостаған Райфа апай: «Адам өз мамандығын сүйе білу керек. Педагогика – қастерлі мамандық. Барлық әріптестеріме тынымсыз еңбек және сол еңбектерінің жемісін көруді тілеймін!» – деді.


Біз де айрандай ұйып отырған осы ұстаздар отбасы мен еліміздегі барша педагогтарға кәсібінде биіктерді бағындыруды, еңбегіне сай сый-құрмет тілейміз. Мерекелеріңізбен, құрметті ұстаздар!

0
0
572

Еще по теме

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМЫЗДЫ ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАҒАНЫМЫЗҒА ӨКІНБЕЙМІЗ - Yvision.kz