САЛА БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Соңғы жылдары ауданымыздың құрылыс саласы жанданып келеді. Ақжайық пен Казталовты байланыстыратын қара жабындыны былай қойғанда, бірқатар білім ордасы мен спорт алаңдары, тұрғын үй кешендері, фельдшерлік амбулаториялар салынып, ауруханамыз да күрделі жөндеуден өтті. Бұл ауданымызда цивилизацияның қалыптасқандығын айқындайды. Әйтсе де бірнеше нысанның құрылысы әлі де болса тұралап тұрғандығын айта кеткеніміз жөн. Бұған облысымыздың құрылыс саласына жауапты басқарма басшысы да куә болды.
18 маусым күні БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Сайынұлы Антазиев, БҚО құрылыс басқармасының басшысының орынбасары Нұркен Еділұлы Молдашев ауданымызда жұмыс сапарымен болды. Арнайы сапары барысында сала басшысы Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектеп, Жалпақтал ауылындағы спорт кешені, Жалпақтал ауылы Байқоңыр көшесі №3 жер теліміндегі 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй, Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектеп, Казталов ауылында 600-орындық А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің құрылысы және Казталов ауылындағы 2 қабатты 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған нысандардың жұмысына жауапты мердігерлермен кездесіп, сын-ескертпелерін айтып, тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар басқарма басшысы мен орынбасары қоғамдық кеңес мүшелерімен бас қосты. Жиында 300 орындық спорт кешені, 600-орындық А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі, 2 қабатты 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына қатысты сауал жолдап, пікірн білдірген қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарын жауапсыз қайтармай, айтылған ұсыныстардың ескерілетінін тілге тиек етті.





