САХНА МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Шарада Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шынар Молданиязованың «Қос қарлығаштың қасіреті» әңгімесі желісімен түсірілген қысқа метражды фильм көрсетілді. Фильмнің қоюшы режиссері – Ақкүміс Мұрадимова. Бұл фильмге саундтрек ретінде ақын Бауыржан Ширмединұлының сөзіне жазылған әуесқой сазгер Нұрлан Төлеуішевтің «Қарлығаштың мұңы» әні шығарылған болатын.
Одан кейін Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлинаның «Алжир» лагеріндегі тағдырын бейнелейтін «Күнжамал» атты қысқаметражды фильм назарға ұсынылды.
«AMANAT» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның театр әртістері кәсіби әртістер болмаса да, соларға жетеғабыл екенін айтты. Партия атынан театр тарланы, ұзақ жылдар Жымпиты халық театрын басқарған Айгүл Лұқпанова, жас әртістер Айкерім Еслямова, Есбол Ниетқалиевтерге алғыс хат пен «Қаңтар оқиғасы» атты кітап табыс етті.
«Демалыс орталығының» директоры Эльдар Әубекеров бұрын театрда еңбек етіп, бүгінде өмірден озған Ғаділ Рамазанов, Батыр Меңдіғалиев, Лұқпан Жұмағалиев, Көпбол Мұхамедов ағалардың есімін құрметпен атады. Олардың ізін жалғап келетін Жымпиты халық театрының режиссері Сәндібек Өтеғалиев, театрдың суретшісі Талғат Бахметов, әртістері Қайрат Илашев, Армат Жүсіпқалиев, Лаура Даулованы, Бұлан халық театрының режиссері Гүлбадан Өтешова, әртісі Аманбек Өтешовті марапаттап, кәсіподақ атынан сыйлықтар ұсынды.
Ш.ХАЛИТ
#AMANAT

