ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР
Құс шаруашылығы саласының қазіргі даму қарқыны көңіл көншітеді. Өткен жылдың қорытындысын жасағанда еліміздегі құс фермалары 3,2 миллиард жұмыртқа мен 138 мың тонна құс етін өндіргені мәлім болды.
Осы көрсеткішпен-ақ отандық өндірушілер ел тұрғындарының жұмыртқаға де-ген сұранысын 95 пайызға қанағаттандырған. Қазіргі таңда жылына 250-300 мың тонна құс етін тұтынады екенбіз. Бұл сұраныс әзірге 50 пайызға ақталып отыр. Дегенмен, саланың даму қарқынына қарағанда алдағы үш-төрт жылда құс етіне қызығушылардың талабы да толығымен орындалады деген үкілі үміт бар. Қазақстан құс өсірушілер одағының дерегіне қарағанда, биыл 3,6 миллиард жұмыртқа мен 180,5 мың тоннадан артық құс еті өндіріледі деген жоспар жасалған. Бұл меже бағындыруға болатын, нақты жоспар. Бұлай деуімізге себеп, саланың дамуына негіз болатын басты қажеттілік – құс фабрикаларының жұмысы күннен-күнге жанданып келе жатқандығы.
Әйтсе де, салада ешқандай мәселе жоқ, бәрі ойдағыдай деуге болмайды. Құс шаруашылығындағы ең үлкен мәселенің бірі – жем тапшылығы. Дәнді-дақылдар бойынша отандық құс фабрикаларының 2015-2016 жылдарға арналған жылдық қажеттілігіне келсек, бидай 573 мың, арпа 58 мың, жүгері 64 мың тонна шамасында. Бір жағынан алып қарғанда, біздің ел сияқты аграрлық мемлекетте жалпы жем тапшы деудің өзі қисынға келіңкіремейді. Анығы – құс фермаларын жем бағасының қымбаттығы қинап тұр. Қазір құс шаруашылығымен айналысушыларға жағымды жаңалық жет-ті. Ақпан айынан бастап Қазақстанда құс фабрикалары 215 мың тонна жемді арзан бағамен сатып алады. Қазақстан құс өсірушілер одағының баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда,елімізде құс өсірумен айналысатын 60 фабрика «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамымен және облыс әкімдіктерімен келісімшартқа отырды. Осы құжаттың негізінде дән арзан бағамен берілетін болады.Одақ басшысы Руслан Шәріповтің айтуынша, қазіргі уақытта құс өсіретін фабрикаларға қажетті жемнің 50 пайызын мемлекеттің реттелген бағамен беруін көздейтін заң жобасы Үкіметте қаралып жатыр.
Қазақстан құс өсірушілер одағы сала жұмысының жандануына біршама жұмыстар жасап жатыр. Одақ басшысы Руслан Шәріпов отандық өндірушілерді қолдау үшін, олардың шетелден келетін тауық етіне бәсекелес болу үшін таяу мерзімде бірқатар шараларды қолға алу керек екенін алға тартады. Олар – АҚШ-тан келетін тауықтың сан етін 50 мың тоннаға дейін азайту, оларға баж салығын енгізу, демпингтік бағалармен күресу, шет мемлекеттерден келетін тоңазытылған құс еті сапасына бақылауды күшейту, делдалдар арқылы өзге мемлекеттерден келетін импорт құс етіне шектеу қойып, тек өндіруші компанияның ресми дилерлерімен жұмыс жасау.
Қазіргі таңда құс шаруашылығы саласында да үнемі ізденіс қажет. Бір орында тұрып қалуға әсте болмайды. Себебі, нарықтық экономикадағы тегеурінді бәсекелестік өндірісті үнемі жаңғыртып, техникалық және технологиялық жағынан жаңарып отыруды талап етеді. Өнімді арттыру үшін құс фермалары уақыт талабына сай технологияларды пайдалануға тиіс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Оның үстіне өндіріс құрал-жабдықтары мен оның қосалқы бөлшектері өз елімізде өндірілмейді. Құс шаруашылығына қажет жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала сақтану үшін қолданылатын дәрі-дәрмек те, құстарға берілетін азықтың қоректік сапасын жақсартатын биологиялық қоспа да сырттан әкелінеді.
Соңғы жылдары құс шаруашылығы саласын мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны бұл салада жұмыс жасап жатқандар кәдімгідей сезінуде. Құс өсірушілер одағы бұл саладағы біраз мәселелердің шешілуіне мұрындық болып жүр. Салада жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді мемлекеттік органдардың назарына салып, жұмыс-шы тобының кеңестеріне қатысуда.
Құс етіне сұраныс жыл өткен сайын ар-та түсуде. 2000 жылдары бар болғаны 53,2 тонна құс етін пайдалансақ, қазіргі сұра-ныс 250-300 мың тонна екенін айттық.
2000 жылдары кісі басына шаққанда жылына 3,6 келі құс етін тұтынатын болсақ, қазір бұл көрсеткіш 20 келіге жақын. Елдің әл-ауқатының жақсаруы олардың дастар-қан мәзірінен де байқалады. Қай кезде де тұтынушы қалтасына қарай сауда жасайтыны белгілі. Бір қуанарлығы, елдің құс етіне деген сұранысы артқан сайын, оны өндіру көлемі де ұлғайып келе жатқан-дығы. 2000 жылдары елімізде бар болғаны 16,7 мың тонна құс етін өндіріп, негізінен, импортқа тәуелді болсақ, жыл өткен сайын отандық өндірушілердің адымы ашылып, тек өткен жылдың өзінде 138 мың тонна құс етін өндіргенін әңгімеміздің басында тілге тиек еттік. Демек, елде құс шаруашылығы саласының болашағы зор екенін осы деректерден-ақ аңғаруға болады. Болашағы бар, қолдан келетін осындай кәсіпті жергілікті тұрғындардың игергені қажет-ақ.
http://mgov.kz/kz/kz-s-sharuashyly-yny-bolasha-y-zor/
