ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ТАЛАПҚА СӘЙКЕСТІГІ АНЫҚТАЛДЫ
5 тамыз күні «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сәрсенбай Молдашев ауыл тұрғыны Нұрлан Құсайыновтың Казталов ауылында жаңадан салынып жатқан Алма Оразбаева атындағы орта мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарына бұрын қолданыста болған кірпіш тастардың пайдаланылуы және тиісті бақылау жүргізілмейтіндігі туралы жазбасына орай мердігер – «Жиенбай» ЖШС-нің учаске басшысы Сағат Ғаббасовпен кездесті.
Мердігер ұсынған дәйекті құжаттар бойынша құрылысқа пайдаланылып жатқан кірпіш тастардың тиісті талаптарға сәйкестігі анықталды. Барлық сатып алынған құрылыс материалдарының сәйкестендіру сертификаттары толықтай жинақталған. Қызығушылық танытқан тұлғаларға мердігер алынған құрылыс материалдары бойынша түсінік беріп, барлық құжаттарды ұсынуға әзір.
Аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша тұрғындардың ұсыныс-пікірлері әр кез назарда болады.
