ӘР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА – ТӘЖІРИБЕЛІ РЕКТОР
2016 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындарына ректор тағайындау тәртібі өзгерді. Бұрын тағайындау туралы шешімді министр жеке өзі қабылдайтын. Үміткерлер педагогика саласының мамандары арасынан типтік біліктілік сипатына сай іріктелетін. Бұл үлгіні талдау барысында бірқатар кемшіліктері белгілі болды:
- шарт мерзімінің жоқтығы (ректорлардың айтарлықтай бөлігі бұл қызметті 3 жылдан 2 мерзімнен артық атқарады);
- басқару ұтқырлығының төмендеуі: қазіргі ректорлардың 40%-ы зейнет жасында немесе зейнетке шығуға жақын.
Жаңа ереже бойынша, үміткерлер ашық конкурсқа қатысады. Оқу орнының дамуына қатысты стратегиялық бағдарлама жасап, оны екі кезеңде қорғайды: алдымен оқу орны орналасқан аймақтағы Бақылау кеңесінің алдында, содан кейін Республикалық комиссия алдында. Өзгерістің мақсаты – ректорларды тағайындау ісін заманға лайық әрі таза жүргізу, оқу орындарына тәжірибелі ректорлардың баруына, бәсекеге қабілетті бола түсуіне, академиялық және басқару еркіндігін кеңейтуіне ықпал ету https://yvision.kz/post/766799.
Қызметке осындай конкурстан өту арқылы тағайындалған жоғары оқу орындары басшыларымен таныстыруды жалғастырамыз. Марат Ибатов Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің (ҚарМТУ) ректорлығына 2016 жылдың желтоқсан айында тағайындалған.
С.: Марат Кеңесұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
М.: Қарағанды қаласында шахтерлар отбасында туып өстім. Еңбек етуге, өзімді жетілдіріп отыруға және адал күрес жолымен алға қойған мақсатқа жетуіме тәрбиелеген ата-анам мен ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Мәскеу автокөлік жолдары институтын бітіргеннен кейін политехқа жолдамамен келдім, осында 30 жыл жұмыс істеп, инженерден бастап бірінші проректор қызметіне дейін көтерілдім. Ғылым жолында да стажер зерттеуші болып бастап, техника ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін жеттім. Кәсіби қалыптасу жолым Қарағанды политехында өткеніне қуанамын, кеңестік кезеңде Одақ көлеміндегі 870 оқу орны арасында ҚарПТИ Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірге 1-орын алған болатын. 36 жасымда ірі факультеттердің бірі – көлік-жол факультетінің деканы қызметін атқаруыма сенім артылды.
90-жылдардағы дағдарыс кезі. Бұл кезең өлшеусіз тәжірибе жинауыма көмектесті, ол тәжірибе бірінші проректор болғанымда және Теміртаудағы Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің ректоры болғанымда көп көмектесті. Қарағанды мемлекеттік индустриалды университеті кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оқыған оқу орны, осындағы төрт жылға созылған басшылық қызмет мен үшін жаңа деңгейдегі үлкен мектеп болды. Ең маңыздысы, осы жылдар ішінде жаңа ұжымда керемет команда қалыптасты, жаныма жақын болып кеткені сондай, қазірге дейін осы ұжымды ойлап отырамын. Осы ұжыммен бірге оқу орнының қызметі барысында кездесетін бірқатар күрделі мәселелерді шештік, оның бәрі мүмкіндік шектеулі уақытта тиімді шешім қабылдай білуге баулыды.
Бүгінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті сынды елдегі жетекші техникалық оқу орнын басқара отырып, мыңдаған адамнан – оқытушылардан, қызметкерлер мен студенттерден тұратын ұжымның алдында зор жауапкершілікті сезінемін.
С.: ҚарМТУ даму бағдарламасы туралы әңгімелеп берсеңіз.
М.: Калифорния және Пенсильвания университеттерінде (АҚШ) тағылымдамадан өту кезінде және Назарбаев Университетте біліктілігімді арттыру барысында әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарының озық тәжірибесін талдауға мүмкіндік болды, олардың табыс кілті неде екенін бағамдадым. Бүгінгі заманда техникалық университет экономикалық жағынан тәуелсіз инновациялық және кәсіпкерлік даму орталығы болуы керек, оның тұрақты кірісі болуы тиіс. ҚазМТУ даму бағдарламасында осы идеяны ұсындым.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – Орталық Қазақстан аймағында инновациялық-кәсіпкерлік типтегі техникалық университет қалыптастыру. Мақсат – білім, ғылым және инновацияны өндіріспен және бизнеспен ұштастыру. Болашақ маман жоғары оқу орнында оқи жүріп-ақ кәсіпкерлік қызмет үшін керек тәжірибе жинақтауы тиіс, инновациялық технология мен өнімдерді жасау және сатуды, стартаптар мен спин-ауттар жасауды білуі керек. Алғашқы 5 айдың өзінде айтарлықтай нәтиже көріп отырмыз:
- 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструктор жұмысын (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемі 601,2 миллион теңгеге жетті, бұл тұтас 2016 жылғы көрсеткіштен асып түсіп отыр (490,5 миллион). ҒЗТКЖ әрі қарай дамыту үшін мамандықаралық зерттеулерді дамыту, кешенді жобаларды жасау, технологияны коммерцияландыру керек. Университеттің инновациялық ғылыми-техникалық кешенінде бүгінде 6 ҒЗИ, 16 ғылыми орталық, халықаралық материалтану орталығы, инженерлік сынақ зертханасы, 5 әлемдік деңгейдегі зертхана бар. Мұның барлығы зерттеу жүргізуге және әлемдік стандарт негізінде технологияны трансферттеуге мүмкіндік береді;
- Студенттердің инновациялық бизнес жобаларына байқау жарияланып, болашағы бар деген 14 жаңалық белгілі болды, олардың 3-еуі дайын тұрған стартап.
Ғылыми-инжиниринг саласы бойынша қызмет көрсетуде университеттің бай тәжірибесі бар. ҚарМТУ базасындағы Қазақстан көппрофильді қайта құру және даму институты ғимараттар мен өзге де құрылыс нысандарын салу кезінде ғылыми-техникалық қолдау көрсететін елдегі ірі инжиниринг орталықтарының бірі. Бір сөзбен айтқанда, инновациялық-кәсіпкерлік университет құру үшін қажетті мүмкіндіктің бәрі бар.
Оқу орнын дамытудың тағы бір бағыты – кадр қалыптастырып, адам ресурсын басқару жүйесін жасау. ҚарМТУ магистранттары мен докторанттары ғана 700 адамнан асып жығылады, біз бұл көрсеткішті арттыруды көздеп отырмыз. Біздің университет кәсіптік магистратура шеңберінде индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға қажетті инженер мамандар даярлайды. “Металлургия саласындағы нанотехнология”, “Робот техникасы. Басқару жүйесі” секілді инновациялық бағыттар бойынша 127 магистр диплом алып үлгерді. Барлық түлектер Аймақтың индустриализация картасы бойынша кәсіпорындарға жұмысқа орналасты.
С.: Аймақта қандай мамандар сұранысқа ие?
М.: Қарағанды облысы Қазақстанның индустрия орталығы: ел экономикасындағы негізгі сала – тау-кен және металлургия кешені осы жерде. Тау-кен және машина жасау факультеттерінің әрқайсысында мыңнан астам студент оқиды. Аймағымыз сервис саласының мамандарына да зәру, атап айтқанда: тасымал саласының мамандары, құрылысшылар, энергетиктер, экономистер мен программистер керек.
Біздің оқу орнында “Корпоративті университет” атты инновациялық білім консорциумы құрылған. Оған өзіміз тығыз қарым-қатынас орнатқан еліміздегі 70-тен аса ірі өнеркәсіптік кәсіпорын кіреді. Консорциум шеңберінде кафедралардың 60 өндірістік филиалында мамандарды даярлаудың дуальді жүйесінің элементтерін пайдаланамыз. Олардың барлығы дерлік заманауи құрылғылармен жабдықталған, ал сабақ бекітілген кесте бойынша өндірістегі жетекші мамандарды тарту арқылы жүреді. Сонымен қатар, жыл сайын кәсіпорын мамандарымен бірге білім бағдарламасын жетілдіріп, келісіп отырамыз. Кәсіпорындардың ұсынуымен магистратура үшін бірқатар кәсіптік бағдарламаларды енгіздік.
Біздің түлектердің көпшілігі “Корпоративті университетке” кіретін ірі кәсіпорындарда қызмет етеді, атап айтқанда: “АрселорМиттал Теміртау” АҚ, “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС, “Шұбаркөл көмір” АҚ және тағы басқа. Жыл сайын 400-ден астам студент пен магистрант ҚарМТУ-де тікелей кәсіпорындардың тапсырысымен және солардың қаржысына оқиды, кейін олардың жұмысқа орналасуына кепілдік бар. Сондай-ақ, консорциумға кіретін кәсіпорындарда студенттердің өндірістік тәжірибесіне арналған 200-ден астам база бар.
С.: ҚарМТУ ректоры ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?
М.: Күрделі мәселелердің бірі жалпы техникалық оқу орындарына ортақ дер едім. Яғни, оқу және ғылыми-өндірістік базаны оңтайландыру және дамыту. Бұл мәселені кәсіпорындардан демеушілік қаржы тарту көмегімен де шешіп жатырмыз. 14 маусым күні ғана ҚарМТУ- Mitsubishi Electric - Казпромавтоматика» атты жаңа оқыту орталығы ашылды. Барлық жабдықтарды Mitsubishi Electric трансұлттық корпорациясы ұсынды. TOTAL, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, Leica Geosystems, Epam Systems және FLUOR корпорацияларының есебінен ҚарМТУ-де инженерлік құзырет бойынша – 7, жұмысшы мамандықтары бойынша 6 орталық ашылды, олардың барлығы дерлік бірегей оқу-өндірістік кешенмен жабдықталып, заманауи бағдарламамен қамтамасыз етілді. Кафедраларымызға тұрақты серіктестеріміз – “Корпоративті университет” кәсіпорындары да көмек көрсетеді. Биылғы жылдың екі тоқсанында ғана серіктестерден құны 12 миллион теңге болатын заманауи құрылғы алдық.
Тағы бір мәселе – білікті жастардың Ресей жоғары оқу орындарына кетуі, кеңестік кезеңнен таныс проблема. Бір ғана Томск политехникалық университетінде (ғылым мен білім саласындағы әріптестік бойынша ресейлік серіктестеріміздің бірі) 2500 қазақстандық студент оқиды, олардың көпшілігі қарағандылықтар. Осындай жағдайда екі дипломды білім беру жүйесін дамытып отырмыз, алыс және жақын шет мемлекеттермен академиялық ұтқырлық бойынша ауысым бағдарламалары бар, әділ бәсекеде әр абитуриент үшін күресіп отырмыз десек те болады.
С.: Ректорларды тағайындау ережесінің өзгеруіне сіздің беретін бағаңыз қандай? Конкурстан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
М.: Өз бағдарламамды алдымен Бақылау кеңесінің алдында қорғадым, оған мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылым мен бизнес өкілдері кіреді. 9 үміткердің ішінде 4-еуі сол кездің өзінде ректор болатын, солардың арасынан екі адам іріктеліп алынды. Екінші кезеңде премьер-министрдің орынбасары жетекшілік ететін республикалық комиссияның алдында қорғадық. Комиссия құрамында Үкімет мүшелері, көрнекті сенаторлар мен мәжіліс депутаттары, саяси тәжірибесі бай адамдар болды, олардың бәрі де еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының жүзеге асуына үлес қосып жүрген азаматтар, білім беру саласындағы түйткілдерді де жақсы біледі, ұсынылған ұсыныстардың мәніне терең бойлай алады. Бәсекелесім де осал болған жоқ, оның бағдарламасын республикалық комиссия жоғары бағалады, үміткерді Білім және ғылым министрлігі проректор қызметіне ұсынды. Қазір профессор Сергей Георгиевич Ожигин ҚарМТУ-де ғылыми жұмыстар бойынша проректор қызметін атқарады.
Ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесінің ашықтығы мен жария түрде болғанына тағы бір мысал: конкурстың әр кезеңінің нәтижесі бірнеше сағаттың ішінде интернетте жарияланып отырды.
Ректорларды тағайындау тәртібін өзгерту көптен бері ойластырылған мәселе болатын, ол ұлттық білім беру жүйесін оңтайландырумен байланысты. Жаңа жүйенің негізгі ерекшеліктері – объективтілігі, ашықтығы және демократия талабына сай болуы. Конкурстық бағдарламаны талқылау деңгейі жоғары, үкіметтік комиссия алдында қорғайсың. Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламаларын саралайтын жауапты тұлғалардың, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың да қатары артты. Үміткерлерге қойылар талап та осал емес, олар бағдарламасын түзуге және қорғауға асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Тақырыпқа байланысты басқа сұхбаттарды келесі сілтемелер бойынша оқи аласыздар:
Әр жоғары оқу орнына – тәжірибелі ректор: Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустрия университетінің (ҚМИУ) ректорын тағайындау туралы https://yvision.kz/post/771613.






