Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӘР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТӘЖІРИБЕЛІ РЕКТОР

Былтырғы жылдан бастап мемлекеттік ЖОО-ның ректорын тағайындау ашық әрі әділетті өтуі үшін министрлік тарапы жаңа ереже шығарған болатын https://yvision.kz/post/766799. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған бұл ереже әділеттілікпен қатар, оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті нығайтады. Жаңа талап негізінде ректор лауазымына үміткер іріктеудің негізгі талаптарына толығымен сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар, белгіленген құжаттардан бөлек ЖОО-нын дамыту бағдарламасын ұсынуы шарт. 

Бұған дейін университет ректоры ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалатын. Бұрынғы ереже бойынша, үміткер біліктілік сипаттамасының негізінде педагогикалық қызметтегі маман таңдалатын еді. Ол жүйенің кемшілігі неде? 

- мерзімі көрсетілмеген келісімшарт (ректордың басым көпшілігі 2-3 жыл бойы лауазым орнын иеленеді); 
- басқару мүмкіндігін азайту: қазіргі кезде ректордың 40% зейнеткерлік жасында немесе зейнеткерлікке шығатын жаста. 

Былтырдан бері ректорлыққа үміткер 2 кезеңнен тұратын ашық конкурстан өткізіледі. Әрбір кезеңде үміткер оқу орнын дамытуға бағытталған даму бағдарламасын жасауы тиіс. Ол бағдарламаны ЖОО-ның Бақылау кеңесі және конкурс комиссиясы қарайды. Қатысушыдан талап етілетін басты жайт – өзінің алдында тұрған стратегиялық мақсат-міндеттерді толық түсіну. Сондай-ақ, үміткер мемлекеттік кәсіпорын басшысын аттестаттау туралы ережеге сай болуы тиіс. Осылайша, ректорды тағайындаудың жаңа жүйесі аталған лауазымға қатаң талаптар қою арқылы ЖОО қызметінің сапасын арттырып, сайлаудың ашық және әділ өтуіне ықпал етеді. 

Осы ретте, біз жаңа жүйе негізінде ашық конкурстан өтіп, осыдан екі ай бұрын ғана ректорлық қызметке келген Теміртау қаласындағы (ҚМИУ) Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры Жәутіков Бақыт Ахатұлымен сұхбаттасқан едік. 

С: Бақыт Ахатұлы, алғашқы сұрақты өмірбаяныңыздан бастасақ. Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. 
Б: Мен Қарағанды қаласында туып-өстім, 25 жыл бойы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде (ҚМТУ) қызмет атқардым. Өзімнің мамандығым техник болғандықтан, жоғары оқу орнында техникалық бағытта білім берудің ерекшелігін жақсы меңгердім. ЖОО-на келмес бұрын өндірісте еңбек еттім. «Ақтас» шахтасы және «Қарағанды көмір» шахталарында жұмыс істедім. 1986 жылдан бері ЖОО-да дәріс беріп келемін. Сондықтан, кеңестік білім беру жүйесімен де, тәуелсіз Қазақстан кезіндегі жүйемен де жақсы таныспын деуіме негіз бар. Соңғы 10 жыл көлемінде Болон үдерісі негізінде жұмыс істеп, тәжірибе біраз жинадым. 

Мен ғылыми және академиялық жолдардың барлық сатысынан өттім деуіме болады. Бакалавриатты бітірген соң, зерттеушінің көмекшісі, кіші ғылыми қызметкер болдым. Аспирантураға түскен соң конкурс нәтижесінде ассисент, аға оқытушы, доцент болып жұмыс істедім. Кейін деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, декан, оқу ісі жөніндегі проректор, ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары және бірінші проректор сияқты қызметтерге тағайындалдым. Жұмыс бабымен шет елдердің көптеген жоғары оқу орындарын араладым. Мұндай қызметтік сапардың бір жақсысы – басқа елдің білім беру жүйесімен танысып, зерттеп, оны біздегі ЖОО-мен салыстыруға мүмкіндік туындайды. Кеңес Одағы заманында Мәскеу, Донецк, Кривой Рог және Киевтің жоғары білім беру орталықтарында болдым. Еліміз тәуелсіздігін алған соң, АҚШ-тың (British Council мекемесі Inspire бағдарламасы бойынша Кембридж университетіне шақырды), Ұлыбритания, Испания, Ауғанстан, Иран және Ресей Федерациясының университтеріне баруға мүмкіндік туды. 
«Егемен Қазақстан» газетіндегі ҚМИУ ректорын тағайындауға қатысты хабарландыруды оқыған соң, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. 

Атыраудағы университетте және Рудный индустриалдық институтында проректор қызметінде болып, ректордың міндетін уақытша атқарған кездер аз болған жоқ. Сонымен қатар, ҚМИУ бағыты маған жақын болды, әрі сол қызметте жүрген уақытта ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысу үшін және аккредитациялық мәселелерді шешу мақсатында аталған оқу орнында жиі барып тұратынмын. Сондықтан, конкурста ұсынған университетті дамыту бағдарламасы сәтті жасалғандықтан ғана конкурстан өтіп, жеңіске жеттім деп айта алмаймын. Өйткені, сол бағдарламаны жасау кезінде мен өзімнің жылдар бойы жоғары білім беру ұйымында жүріп жинаған тәжірибеме сүйене отырып, түзіп шықтым. Ұзақ жылғы тәжірибе менің бұл саладағы негізгі мәселелерді көріп, стратегиялық жолдарды таңдау арқылы сол жағдайларды шешуге көмегін тигізді десем артық айтқандық болмас. 

С: Ректорды тағайындау ережесін өзгерту неліктен қажет болды? 
Б: Ректорды сайлау жүйесі үміткер ұсынған дамыту бағдарламаны құзіретті мамандардың жан-жақты талқылауына жол ашады. Өйткені, конкурс барысында үміткер жобасын бірнеше рет ұсынуына тура келеді. Әуелі, Бақылау кеңесінде, одан кейін республикалық комиссия алдында өз жұмысын қорғайды. Ал, Бақылау кеңесінің құрамында кездейсоқ адам жоқ, оған әртүрлі мамандар жинақталады – мысалы, ҚР БҒМ мамандары, әкімшілік, мәслихат өкілдері, банк және кәсіпорын қызметкерлері, «Атамекен» кеңесі, депутаттар. Менің ойымша, жоғарғы оқу орны ең алдымен, қоғамдық-саяси жағдайды жан-жақты жақсы білетін жақсы маман дайындауы тиіс. Мен өзімнің жобамда осы жайтты ерекше айтып өттім. 

С: ҚМИУ-ды дамытуға арнаған бағдарламаңыз жайында айтсаңыз. 
Б: Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті – тау-кен және металлургия саласы үшін жоғары білікті кадрларды дайындау бойынша Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі. Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы университеттің түлегі. Бізде заманауи ғылыми-зертханалық база бар. Ол білім алушылар үшін таптырмас тәжірибелік-өндірістік алаң (нақты металлургиялық пештер) деуге болады. Сонымен бірге, 59 мамандандырылған зертханамыз бар. Онда студенттер оқумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Университет жанында кәсіби бағдар беретін кәсіби профильді он екі зертханасы (оның ішінде инженерлік – «Электронды микроскопия және нанотехнология») бар металлургиялық орталық жұмыс істейді. Онда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті мен Ебіней Бөкетов атындағы ҚарМУ т.б. магистранттары тұрақты түрде тәжіибеден өтеді. 

Біздің студенттер жоғары деңгейлі кәсіби даярлықтарымен, өндірістік міндеттерді шешуге қатысты ерекше қабілеттерімен ерекшеленеді. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Осы ретте мен өз бағдарламамда студенттің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына баса назар аудардым. Менің ойымша, студент оқу барысында жаңалық ашып, өз қолымен жұмыс жасап үйренуі керек. Біздің білім алушылар 3D-принтер құрастыруда. Өйткені, мұндай мамандар нарықта үлкен сұранысқа ие. 

Сондай-ақ, мен жаңа білім беру бағдарламасында (металлургия, құрылысшы, көлік және энергетика мамандарына арнап) өнеркәсіптік бағытқа автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект сынды мәселелерді қамтуды енгізуді ұсындым. Егер бұларды енгізбейтін болсақ, онда біз әлемдік деңгейдегі ғылыми және технологиялық дамудан артта қаламыз. Бірінші курстың студенттері үшін біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. 

Біз жаңа бағдарламаның аясында өзіміздегі мамандарды қолдап, олардың еңбек нарығында қажет маман болуына жағдай жасаймыз. Мысалы, дрон операторы көп ұзамай барлық жерде сұранысқа ие болады. Ал, мұндай мамандық әзірге жоқ. Біз биылғы жылдан бастап колледжде ІТ-мамандарын дайындау аясында, дрон операторларының білім беру бағдарламасын жасамақпыз. Сондай-ақ, мысалы, күн электр станциясының инженерлерін оқытқымыз келеді. Өйткені, мұндай маман иесі көптеген кәсіпорында қазірдің өзінде қажет. Сондай-ақ, электромобильді жөндейтін инженерлерді оқытуды да жоспарлап отырмыз. 

Айта кететін тағы бір жайт, мен өз бағдарламамда қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сапалы тәрбие және қоғамдық жұмыс нәтижесінде қол жеткізуге болатынына назар аудардым. Бірінші кезекте «Серпін» бағдарламасы аясында, біз жатақхананы жабдықтадық (сапалы ағаш төсек сатып алдық, әрбір қабатқа соңғы үлгідегі теледидар қойдық, жергілікті арналарды көру үшін). Студенттер үшін бөтен жерде өз үйіндегідей ыңғайлы әрі еркін сезінуі маңызды. «Серпін» — өте жақсы жасалған бағдарлама, біз болашақта аталған бағдарламаның магистранттар үшін де жұмыс істегенін қалаймыз. 

С: Сіздің өңіріңізде қандай мамандар сұранысқа ие? 
Б: Бізде негізінен, металлургия, құрылыс, көлік және энергетика сынды салалардағы мамандар сұранасқа ие. Біз үнемі өңірімізге қажетті мамандарды білу үшін жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Тәжірибелік базаны дамыту және студенттердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде барлық кәсіпорындардан қажетті мамандар тізімін алып отырамыз. 

Біз «АО Арселор Миталл Теміртау», «Қазақмыс» Корпорациясы», «Қазхром», «Силициум Қазақстан», «Централ Азия Цемент», Соколов-Сарбай кен орны, «Ақтөбе рельс арқауы зауыты» және тағы да басқа көптеген ірі компаниялармен меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде, студенттер практика барысында ірі өнеркәсіптік компаниялардың тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік алады. Кейін, диплом алған соң, маман ретінде жұмысқа орналасуына да болады. 
Айта кету керек, «Серпін» бағдарламасы аясында металлургия, құрылыс, көлік және энергетика мамандықтарына құжат қабылдап жатырмыз. Біз оңтүстік өңірлерден келген студенттердің іс-тәжірибеден өткізіп, біздің өңірден жұмыс табуына мүмкіндік жасаймыз. 

С: Ректорлық қызмет барысында қандай қиыншылықтар кездесті? 
Б: Ең басты туындаған мәселенің бірі — материалдық-техникалық базасының (МТБ) ескілігінде. Студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру үшін заманауи үлгідегі, мүмкіндігі көп технологияларды қолдануы керек. Сондықтан, мұндай технологиялар үнемі жаңартылып отыруы тиіс. Қазіргі кезде біз мәселенің шешімін жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындардың көмегі арқасында тауып отырмыз. 
Екінші мәселе ауқымдырақ: жастар Ресейге оқуға кетіп қалып жатыр. Өйткені, онда шетелдік азаматтарға гранттар беріледі. Теміртау қаласы халқының басым көпшілігі орыстілді болғандықтан, олар үшін Ресейден тегін оқу грантын алып, білім алу тиімді. Сондықтан, біз мектеп оқушылары мен талапкерлерге үнемі мамандық жайлы пайдалы ақпараттар беріп, Теміртауда оқудың артықшылықтарын түсіндіреміз. 

Университетте оқу циклын толықтай өту мүмкіндігі бар – бізде бакалавриат, магистратура және докторантура оқытылады. Бізде шетелдік оқу орындарымен үзілмейтін байланыс орнатылған. Егер студент Ресейде оқығысы келсе, онда ол бізге түсіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша, Ресей немесе басқа елге барып оқуына болады. Сонымен қатар, София (Болгария) химиялық технологиясы және металлургия университетімен, Остравадағы (Чехия) техниқалық университетімен, Катовице (Польша) экономиқалық университетімен және Люблин техникалық университетімен (Польша) өзара келісімшарттар бар.

Оған қоса, біз Ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, магистранттарға арналған оқу бағдарламасын әзірледік. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – магистранттарға бір жыл шетелде оқуына және қос елдің де дипломын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде біз техникалық бағытта білім беретін Челябинск, Астрахань және Элиста (Калмыкия) университеттерімен келіссөз жүргізудеміз. 

С: Конкурстан алған әсеріңізбен бөліссеңіз. Конкурс қандай кезеңдерді қамтыды? 
Б: Бірінші кезең Теміртауда өтті. Үміткерлер еліміздің түрлі өңірінен келді. Мысалы, Алматыдан, Астанадан, Қарағандыдан екі үміткер және Теміртаудан мен. Конкурстық кеңестің отырысына біз бес адам қатысып, әрқайсымыз өз кезегімізді жеке бөлмеде күттік. Шыны керек, бірінші кезеңге дейін мен өзімнің бәсекелестерімнің кім екендерін білмедім. Әрқайсымыз комиссия мүшелеріне бағдарламамызды таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап бердік. 

Екінші кезең Астанада өткізілді. 6 жоғары оқу орынынан 19 үміткер қатысты. Біз жобамызды комиссия мен барлық үміткерлердің алдында қорғадық. Оқу орнын дамытуға қатысты қиын да қызықты сұрақтар қойылды. 

Екі кезең өткеннен кейін Республикалық комиссия білім және ғылым министріне ректорды тағайындау туралы ұсыныстар жолдап, соның негізінде келісімшартқа қол қойылды және қажетті құжаттар өткізілді.


0
0
677

Еще по теме

ӘР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТӘЖІРИБЕЛІ РЕКТОР - Yvision.kz