Президент Жолдауы: Цифрлық Қазақстанға жол
8 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадық. Ақпараттық технологиялар саласында қызмет ететін маман ретінде, Жолдауда көтерілген цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыптары ерекше қызығушылық тудырды.
Президент еліміздің толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы керектігін нақты атап өтті. Жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық активтер, криптотехнологиялар — бұлар тек тренд емес, біздің экономиканың жаңа тіректері. Digital Qazaqstan стратегиясы, Цифрлық кодекс, ЖИ және цифрлық даму министрлігінің құрылуы — бұл болашаққа жасалған нақты қадамдар.
Жолдауда ЖИ-дің геология, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және миграция процестерін басқаруда қолданылатыны айтылды. Сонымен қатар, университеттерге, ғылым мен білімге үлкен мән беріліп, ЖИ бағытында жұмыс істейтін ЖОО-ларды қолдау, зерттеушілерге жағдай жасау, шетелдегі мамандарды елге қайтару сияқты бастамалар айтылды.
Жолдау – IT саласы үшін нақты бағдар. Енді бізге — инженерлер мен оқытушыларға, осы бағытта аянбай еңбек ету міндеті тұр. Қазақстан цифрлы болашаққа қадам басуда және біз соның бел ортасындамыз.
