Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

PR

PR саласы мамандар көзімен

Қоғаммен байланыс, жалпы тілмен айтқанда, PR жеке тұлғалардың, мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ түрлі ұйымдар мен бірлестіктердің қоғам алдында жақсы бедел қалыптастыруына жол ашуды мақсат етеді. Көбінесе теледидар, радио және басқа да баспасөз құралдардың көмегімен жүзеге асатын қызметтің негізгі мағынасы билік пен қоғамды байланыстыратын басты көпір десе де болады. АҚШ президенті Том Джефферсоннің билік құрған тұсында пайда болған бұл сала алғашында халықтың мұқтаждығын, олардың сұраныс-өтініштерін билікке жеткізу үшін қолданылса, қазірде басқа да мақсаттарға пайдаланылуда.

Жалпы, PR қызметінің басты міндеті – халықпен  түсіністікке қол жеткізу, тұтынушымен немесе жалпы қоғаммен жақсы қарым-қатынас орнату. Тұтынушыға әсер ету үшін PR қадамдарды дұрыс жасау тек саясатта ғана емес, саудада да өз нәтижесін оңынан көрсетеді. Мысалы, тарихқа көз жүгіртсек, сатылымға түскен тауарларды жарнамалауға байланысты жасалған бірнеше ерекше PR-қадамдардың тізімін жасауға болады. Оның алғашқысы өте ауыр естелік болып есептелгенімен, тарихтағы үздік жарнаманың бірі болып сақталған. 1910 жылы өлім жазасына кесілген қылмыскер өз жағдайына қарамастан,  «Ван Гуттеннің какаосын алыңыздар!» деп жар салған екен. Келесі күннен бастап, Ван Гуттеннің есімі барлық газет беттеріне жарияланып, оның тауары күн санап өз тұтынушыларын арттыра бастаған. Ал келесі PR қадам мүлде ерекше және ауқымды деуге болады. 1797 жылы әйгілі Наполеон Бонопарт өз валютасына ерекше жарнама жасаған. Оның айтуынша, 5 франктік монеталар арасында миллион франктің чегі басылған біреуі болған. Банк қызметкерлері аталған ақша көлемін қазір де беруге дайын тұрғанымен, ол монета әлі күнге дейін өз иесін таппаған көрінеді. Ал, қазіргі уақытта күнделікті қолданатын картоптың өзі Франция мемлекетінде ерекше жарнамамен сатылған. Бұл көкөністі сату барысында министр Тюго өте қызықты қадам жасаған. Ол картопқа арнайы қарауылдар тағайындап, халыққа қымбат әрі қолжетімсіз тауар ретінде көрсеткен. Осыдан кейін бұл көкөніске барлық жұрт өз қызығушылығын таныта бастапты.

Жоғарыдағы мысалдарға көз жүгірте отырып, PR дегеніміз халықтың назарын аудару мен оларға дұрыс және нақты ақпаратты өте қызықты етіп түсіндіру екеніне көз жеткіземіз.  Ал аталған қызмет бойынша  өзге саланың мамандары не дейді? PR-қызметкерлері қандай болу қажет?

«Рассвет PR и упадок рекламы» кітабының авторлары Эл және Лора Райстың айтуы бойынша, жарнама өмірлік брендты қалыптастыруға сенімді элемент бола алмайды, тек қана PR тұтынушы көзқарасына қажетті деңгей құруды қамтамасыз ете алады. Ал ағылшын жазушысы Джеремми Танстал «PR дегеніміз – дос табу және адамдарға әсер ете білу» деп нақты көрсеткен. Тарих саласының маманы американдық Дэниэл Бурстиннің айтуынша, біреулер ұлы болып туады, келесілер ұлылыққа қол жеткізеді, ал соңғылары қоғаммен байланыс саласының мамандарына жүгінеді. Дәл осы ойды «1996 жылы өткен сайлауда бір қорап қаражаты бар үміткерлер емес, сол ақшаны қоғаммен байланыс мамандарына берген кандидаттар жеңіске жетті» деп журналист Виктория Арутюнова да атап көрсеткен. PR мамандарының атқарған қызметтері жоғары сұранысқа ие екендігін қазақстандық мамандар да тілге тиек ете алады. Мысалға алар болсақ, PR маман Гүлнар Ахмедова:«PR – өтірік те емес, жарнама да емес. Біз тек шындықты ерекше жолмен жеткіземіз. Компанияның бет-әлпетін қалыптастырып жатқаныңды, әр түрлі адамдармен қарым-қатынас орнату үстінде екендігіңді сезіну – үлкен  жетістік. Бұл сала мамандарына қойылатын басты талап-кез келген сферадағы тұлғалармен жылдам қатынас орнатып, түсіндіріп, қажет болған жағдайда сендіре алу. Ал осы қадамдарға даяр болу үшін PR қызметкері әрдайым өз білімін арттырып отыруы қажет. Қазіргі заман жылдам дамып жатқандықтан, жаңа технологиялардың көптеп жарыққа шығуына байланысты бұл мамандықты оңай деп айта алмаймын» дейді.  Ал қазақстандық белгілі пиаршы Әлішер Елікбаев өз сөзінде Қазақстанда PR саласы дұрыс бағытта дамып келе жатқандығын, жалпы қоғаммен байланыс маманы барлық саладан хабардар болу керектігі туралы атап өткен. Ал, Қазақстанда енді өркендей бастаған репутациялық PR-дың соңғы жылдардағы көрсеткіші туралы "Big Name" Brand agency компаниясының коммерциялық директоры Азиза Шужеева: «Үстіміздегі жылы Қазақстандағы репутациялық PR өте белсенді түрде дамыды. Біріншіден, 2016 жылы парламенттік сайлау өтіп, депутаттық корпуста көптеген есімдер айқындалды. Аймақтағы мәслихат депутаттарын сайлау да осы уақытта өткізіліп, кандидат PR-ы өте жоғары маңыздылыққа  ие болды. Біз көптеген сайлауалды науқандарға қатысып, мәслихат депутаттарына қолдау ғана емес, халық алдындағы өздері қалыптастырған беделі қажет екендігін түсіндік. 2016 жыл ақпараттық салада да ерекше орын алды, себебі Қазақстандағы ақпараттық алаң дәл осы жылы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бұл жыл басындағы сайлаудан бастау алып, кейіннен биліктің ақпараттық қызметті қарқынды атқаруымен жалғасты.» деп өз ойын нақты жеткізген.

ҰЛЖАН ИБРАИМОВА

ЖАННА ЖҮНІСОВА

 
0
0
622

Еще по теме