Өзбекстандағы экскурсиялар мен гидтер қызметі туралы

Өзбекстанға осыған дейін жол түсіп жүрген соң, менде жергілікті гидтердің байланыс нөмірлері бар еді, бірақ, Айболат және Мамура әріптестерім маған қарағанда көбірек барып жүр, деректері жетеді. Жалпы, мысалы, мен өзім тарихшы әрі саяхатшы болғандықтан баратын нысандарым туралы зерттеймін, бірақ, әр қаланың және әр мемлекеттің гидтеріне жүгіну ләзім. Өйкені, олар білім алды, жергілікті гидтер мен экскуросводтардан артық ешкім білмейді әрі олардың қызметін пайдалану құрмет қой.
Сонымен, әдеттегідей алдын ала хабарласып, сөйлесіп, жоспар жасап қойдым, Самарқанд, Бұқара, Ташкент гидтерімен сөйлесіп, бағаларын да білдім. Әркім өз зияткерлік еңбегін бағалайды, 3 сағаттан 5 сағатқа дейін, тіпті күні бойы жалдауыңызға болады. Қалтаңызға қараңыз. Мен тәжірибелі және сауатты гидтермен сөйлестім, қызмет ақысы көліксіз және көлікпен дегендей, шамамен, 60-100 доллар аралығында. Алайда, қасымдағы өзге туристердің ұстанымы басқаша болды. Әр нысан маңынан алатын болдық.
Бірінші, Самарқанд. Регистан алаңына жетіп, нысандарды аралай бастағанда жергілікті гид қыз келіп, қызметін ұсынды. Төрт адамға 300 000 сумға, 11 400 теңгеге келістік, әрине бағам бойынша суммен қымбат емес, жақсы гид, ақпаратты жетік біледі. Әттең уақыт аздау, 30-45 минут ішінде айтып және көрсетіп шықты. Кейде көп ақпаратты қабылдау қиын, бұл да дұрыс шығар. Айтқандай Регистанға кіру бағасы - шетелдіктер үшін 60 000 сум (әлде 100 000 сум), яғни, 2277 теңге, ал, өз азаматтарына - 15 000 сум, яғни 570 теңге. Түркиядағыдай мұнда да шетелдіктер мен өз азаматтары үшін айырмашылық бар. Жалпы, мен мұны дұрыс деп ойлаймын. Қазақстанда да осылай жасау керек. Бұл заңдылық.
Оның маңындағы нысандарға жаяу баруға болады. Ерінсеңіз тук-тук алыңыз, бірақ, бағасын алдын ала келіскеніңіз жөн. Оның қасында Өзбекстанның бірінші Президенті И.Кәрімовтың зираты (кешені), атақты Сиоб базары және т.б. нысандар бар. Маған базар ұнады, саудаласасыз, қалаған заттарыңызды қолмен ұстап көресіз, қандай кәдесыйлар мен дүниелер десеңіз, жергілікті халуа, мата, киімдер, магнетиктер, қыш ыдыстар және тағысын тағылар. Кейін Ұлықбек обсерваориясына бардық, оның жанында музейі де бар. Бірақ, біз тек кіру бағасын төледік, гид алмадық. Кейінгі нысан - Самарқандтағы Өзбекстан халқы тарихы және мәдениеті музейі, өте танымды, бірақ, мұнда экскурсовод жоқ екен. Мән берілмейтіндей көрінді. Кіру бағасы тағы да екітүрлі. Шетелдіктер үшін 140 000 сум, яғни 5313 теңге адам басына. Яғни, шетелдіктер үшін қымбат, кей отандасымыз өзін жергілікті қазақ не қарақалпақ деп арзанға кіруге тырысады. Ұят тірлік қой, айналып келгенде Қазақстан атына кір келтіресіз және орысша айтқанда "всех денег не заработаешь". Әрине, Самарқандта басқа да музейлер бар, бірақ, біз бір және басты музейге баруға тырыстық. Айналып келгенде Өзіңіздің уақытыңыз бен қаражатыңызға келіп тіреледі. Кей кісілер Әл-Бухари кешенін мақтайды, бірақ, мен осыған дейін оған барған едім. Сосын Шахи-Зиндаға, оған дейін Рухабадқа да соқтық. Әрине, Самарқанда көретін нысандар көп, жоғарыда айтылғандардан басқа бастылары: Гүр-Әмір мавзолейі, Бибі-Ханым мешіті, Данияр пайғамбардың мавзолейі. Меніңше, мата, қағаз музейлері, өндірістері, олардың жұмыс процестері қызық. Әрине, бәріне бір-екі күнде үлгеруге тырысу қажет. Келген соң ерте тұрып алып бәрін аралауға тырыстық. Дегенмен, әрбір рет мына нысанға соға алмай қалдым деген бір ішкі ой болады. Мысалы, Семейге жол түсіп жүр, бірақ, Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейіне жете алмадым. Ол Семейге қайта баруға себеп. Сол сияқты ғой, құдай қаласа Самарқандқа қайта ораламын. Айтқандай өзбек ағайындар енді Атыраудан да Ташкентке тіке рейс ашып жатыр.
Келесі шаһар - Бұқара, қала бұрынғыға қарағанда көп өзгерген, осы жолы неге екенін білмеймін, Самарқандтан гөрі Бұқара ұнады. Орысшай айтқанда "аутентичный" көрінді. Қонақ үйден шығып, жаяу келе салдық. Жергілікті гид алдық, айтқандай гидтің сертификатына мән беру қажет. Сертификаты жоқ алаяқтарды кейін Хиуада жолықтырдым. Ал, Самарқандағы гидіміз қымбаттау алды, бірақ, тақырыпты жақсы біледі екен. уақыты 3,5-4 сағат болды, қызметін 600 000 сумға бағалады, яғни 22768 теңге, төрт адамға бөлсек әр туристке 5692 теңге. Бұқара тарихын басқа қырынан таныдым, сауда тақырыбына байланысты болды. Ал, негізінде, Бұқар әмірлігінің тарихын оның ескі тарихына қарағанда көбірек біледі екенмін, әрине Саманидтер дәуірі мен оның ескерткіштерінен де хабарым бар. Ал, ескерткіштердің көбі Шайбанидтер әулеттері кезінде салынған. Қандай нысандар дейтін болсақ, олар: Ләби Хауыз, Пои-Калян, Арк қамалы, Саманидтер мавзолейі, сауда күмбездері және Чор-Минор. Еврей мәхалласы да қызық. Барлық шаһарда жергілікті астарының дәмін татып көру, оларды салыстыру да қызық. Мұнда жібек өндірісімен таныстық. Айтқандай, Самарқанда Сиоб базарында Қыш өндірі туралы мағұлмат алып едік. Қыш өндірісі, оның жасалуын Ташкенттегі Чорсу базары маңынан көруге болады, қолмен ұстап, шеберлік сағатын да ала аласыз.
Үшінші қаламыз - Хиуа, мұнда алаяқтарға жолықтық, бірақ, олардан түбі жақсы гидтер шығар деп үміттеміз, бірақ, мен үшін "критичный" емес, өйткені, Хиуаға бұрын да келіп, Ишан-қаланы зерттеп тастадым. Ишан-қала дегеніміз Хиуаның тарихи һәм ескі бөлігі. Нысандардың бәрі бір жерде, айтқандай, мұнда қазақша, дұрысы қарақалпақша гид алуға болады. Бағасы келісуіңізге байланысты, орысшадан анағұрлым арзан.
Төртінші шаһарымыз - Нөкіс. Мұнда екі экскурсовод қызметіне жүгіндік. Бірі - Қарақалпақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті мемлекеттік музейі, музей жақсы екен, орталықта орналасқан. Экскурсовод бәрін жақсы түсіндірді. Екінші музей - ол И.Савицкий атындағы өнер музейі. Музейде экскурсоводты түске дейін және түстен кейін де жалдадық. Бұл музей танымал музей және реквизиттердің 2 проценті ғана қойылған дейді. Біздің Семейдегі ағайында Невзоровтар музейі де жаман емес сияқты. Қалған музейлерге уақыт болмады әрі басқа да мақсаттарымыз бар. Яғни, шаһар тұрмысын көру, қарақалпақ дастарханымен танысу, ол жағынан ағайындар мықты екен.
Бесінші шаһар - Ташкент. Егер, алғаш рет келсеңіз Өзбекстан қонақ үйнің алдындағы екі қабатты экскурсиялық автобустарға мінуге кеңес беремін. Өткені ол біріншіден 5 нысанға тоқтайды, қаланы аралайды және қалаған жерден (5 нысанның бірінен) түсіп, келесі автобусқа отыра аласыз. Билет бір тәулікке жарамды, бағасы адам басына 200 00 сум, яғни, 7590 теңге. Шетелдіктер үшін бұл баға, өздеріне арзандау. Болмаса такси ұстап көретін жеріңізді аралаған жөн. Біз метро, сурет галереялары мен Ә.Науаи атындағы опера театрына, Ташкент Бродвейіне бардық. Шолу экскурсиясынан гөрі жеке алған жөн болар. Әрине, Чорсу базарын және қауіпсіздікті ұмытпайсыз ғой, және Чорсуда құстың сүтінен басқасының бәрін табуға болады. Мысалы, мата бұйымдарын осы жерден алдым, Самарқанд мен Бұқараның туристік нысандарында үш есе қымбат еді.
Өзбекстанға 8 күндік саяхатым өте қызықты болды. Бәрін айтып жеткізу мүмкін емес, көзбен көргенді Сіздер де біле жүрсін деп қағаз бетіне түсірдім. Жалпы, Өзбекстанда шетелдік туристер бізге қарағанда көп сияқты көрінді, араб пен парсыдан, АҚШ пен Африкадан өзге елдердің туристері толып жүр, кім жоқ дейсіз? Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Ресей, Еуропа, Малайзия, Тайланд, Қытай туристерін көзім шалды. Өзбек ағайындар үшін қуандым, ішкі туристері де жетерлік.
Сіз де саяхат жасаңыз, Өз бетіңізбен де бара аласыз. Болмаса менен ақыл сұраңыз, тегін де айтамын, ақысын төлесеңіз бағдарламасын да жасап беремін. Ал, Әбеке Сізбен бірге барып, саяхаттаған күшті ғой десеңіз, ол да болады. "Ақшасын төлесе боқшасын шығарамыз" деуші ме еді?!