Өзбекстан туризмі туралы бірер сөз!
Өзбекстан туризмі туралы айтқанда, керісінше мына жайтты ескеруіміз керек, Өзбекстан азаматтары Қазақстанға келіп қаражат жұмсаған шетелдік туристердің үштігіне кірген, олар - Ресей, Өзбекстан және Түркия туристері. Қызық ә?
Ал, біз Ташкентте қазақ туристерін жиі жолықтырдық. Хиуада бір-екеуін ғана көрдік. Батыс қазақтары болмаса, өзге қазақтар көп білмейтін сияқты.
Ал, Өзбекстан меніңше өз туризм саласына диверсификация (әртараптандыру) жасап жатқан секілді. Яғни, кіріс қай саладан түседі, соның бәрін дамытады.
Бірінші, Орталық Азиядағы ең үлкен мегаполис Ташкент. Әсіресе, біздің Түркістан облысының саяхатшыл халқына жақсы таныс деп ойлаймын. Әуежайда қазақ (Қазақстан азаматын) көрсе, такси жүргізушілері "Черняевка, Черняевка" деп айналшықтайды.
Ташкент шаһарының танымал бес-алты локациясын айтсам жететін шығар, ол - Төле бидің кесенесі, Мэджик Сити (бірақ, мені таң қалдыра алмады), Чорсу базары (Шығыстың колоритін сезінемін демесеңіз, оның орнына жақсы сауда орталығына барған дұрыс сияқты, алайда орысша айтқанда "о вкусах не спорят"), Ташкент метросы, Көкілдаш медресесі, Шымған таулары (Ташкент облысының Бостандық ауданы аумағында керемет кешендері бар). Мен осы жолы Ташкенттегі Орал Таңсықбаевтың музейі-үйіне бармақшы болып едім, уақыт тығыз болды. Жалпы, Ташкент тарихы қазақ тарихымен бұрыннан тығыз байланысты ғой.
Екінші, Самарқанд. Оның туристік әлеуетінің жақсы дамып кеткені сондай, "Афросияб" поездымен жетіп, екі сағатта Самарқандта отырасыз. Заманындағы Әмір Темір астанасын Өзбекстанның екінші бас қаласы деп айта аламыз. Бір кемшілігі, нысандар шашыраңқы орналасқан. Регистан алаңы, Гүр-Әмір мавзолейі, Бибі ханым мешіті, Сиаб базары, Шахи-Зинда, Ұлықбектің обсерваториясы. Айтқандай, қала іргесінде Әл-Бухаридің кешені бар. Қазір Самарқандтан тікелей рейстер ашып қойған, оны айтасыз-ау, Hertz, SIXT және Europca сияқты халықаралық компаниялар көліктерін жалға беретін болған. Бір барғанда көру керек екен.
Үшінші, Бұқара. Жалпы, Бұқара ұнады, оның кешендері тіпті Самарқандтан да ескі көрінді. Ләби Хауызының өзі неге тұрады?! Калян мұнарасы, Саманидтер мавзолейі, Арк бекінісі, ескі сауда пассаждары және шаруа базары.
Төртінші, Хиуа әрине. Хиуаның маған ұнаған жері жинақы, қамал ішінде адамдар әлі де тұрады. Тіпті, 400 жылдық ескі үйлерін қымбат бағаға отбасылық мейманхана жасап жіберген. Сатушылар ағылшынша біраз біліп қалыпты. Біз тізім бойынша 15 нысан араладық, негізгілері - Шерғазы мешіті, Кальта-Минор мұнарасы, Ислам Қожа мұнарасы, Жұма мешіт, Ишан қала бекінісінің қабырғалары, Таш-Хаули сарайы.
Енді, туристерді тарту үшін не керек, әрине дәмді ас керек, ол жағынан өзағаңдар мықты, бірақ, шынын айтайын, кейбір жергілікті халық баратын дәмханадарда (мысалы, Хиуада) сервис әлі де әлсіз. Шетелдіктер кіретін мейрамханалардың бағасы қымбат, қызмет көрсету әрине өте жоғары. Шетелдік туристер көп, бірақ, өзбек туризмінің басты қозғаушы күшті - өз халқы деп ойлаймын. Мысалы, Хиуада қонақ үйлер көп, босы жоқ, соған қарағанда, өз азаматтарын ынталандырудың қандай да бір механизмін ойлап тауып отыр. Оның үстіне, климаты жылы, мысалы, біз кәдімгідей күнге қарайыппыз, былай қарасаң қазан айының соңы мен қараша айының басы!
Бұдан өзге, Қарақалпақстан да жақсы туристік бағытқа айналған. Оның және Хорезмнің ежелгі өркениет іздері - қала жұрттары да туристердің қызығушылығын туғызады. Нүкістен Мойнаққа (яғни, Арал теңізі жағасына) ұшақ ұшады. Ал, көлікпен барған жағдайда барып-қайтуға екі күн керек. Жалпы, өз басым, Қарақалпақстан бағытын қазақтар үшін өте қызықты және мазмұнды бағыт деп санаймын. Мен мысалы, Астана көшелерінде 100 процент естімейтін қазақшамды (дұрысы қазақалпақ тілін) сонда естідім. Жасы да кәрісі де өз тілінде сөйлейді, құлаққа сондай жағымды.
Одан басқа біздің азаматтар үшін Өзбекстанның гастрономиялық, зиярат, медициналық турлары да қызықты болар деп ойлаймын. Медициналық турлар туралы айта алмаймын, өйткені ол менің тақырыбым емес, екінші жағынан, Қазақстандағы медициналық сервис Өзбекстаннан артық болмаса, кем емес.
Енді, аталған бағыттардан өзге, мысалы, биік таудағы тұрғындардың өмірімен танысуға болар еді, мен үшін мысалы Ферғана аңғары қызық, жол түссе Сухандария-Қашқадария жағына да барар едім. Әрине, Тамды, Бостандық, Мырзашөлдегі қазақ ауылдарының тұрмыстарымен танысар едім, мүмкіндік болса мысалы, Қыпшақ ауылына барар едім. Әрине, бәрі жоспар ғой, бірақ, Өзбекстан туризмі жаман емес, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары үшін "Тәшкен көрген" деген сөз тіркесі бекерден шықпаса керек?!
Материал асығыстау болды, аяқ астынан жаздым. Бастысы, көргенім мен білгенімді бөліссем деген ой!
Суретте: Хиуа қаласындағы Ишан қала!
