Перейти к содержимому

Өзбекстан бойынша лайфхактар!

Өзбекстанда не көруге болады, қайда тоқтау керек, қалай жетеміз?

Өзбекстан бойынша лайфхактар!

Бірінші, әуелі құжаттарыңыздан бастайық. Шетелге шығу үшін құжатыңыз (құжаттарыңыз) (паспортыңыз, паспорттарыңыз) бар болар. Халыққа қызмет көрсету орталығында бірнеше күнде рәсімдеп береді. Төлем ақысы есімде жоқ, қымбат емес. Айтқандай, баламен шетелге шықсаңыз күйеуіңіздің (келіншегіңіздің) келісімі керек. Оны нотариус рәсімдеп береді. Сосын, жаман айтпай жақсы жоқ бұл құжаттардың екі көшірмесін алып алыңыз.

Екінші, Астанадан Ташкентке бару үшін Шымкент арқылы, одан әрі қазақ-өзбек шекарасы арқылы өтуге болады. Бірақ, мен әу бастан бұл нұсқаны қарастырғаным жоқ. Себебі уақыт жоқ, оның үстіне 1-1,5 күнді жоғалтқым келмеді. Әрине, поезбен арзандау түсер, осы жерде қандай лайфхак қолдандым? Әуе билетін ерте алсаңыз, соғұрлым арзан түседі. Айтқандай, билетті алар кезде, деректеріңізді екі рет тексеріңіз, қате кетіп қалып жүрмесін. Біз 4-5 ай бұрын ғана алдық (негізі жарты жыл, бір жыл бұрын аламын). Бағасы мысалы, Астана-Самарқанд бағыты бойынша ұшаққа https://vietjetqazaqstan.kz/kk?locale=kk сайтында ересек адамға 30 000 теңге болса, балаға (14 жасқа дейін) 15 000 теңге. Тамаққа тапсырыс алдын ала не орнында беруге болады. Қымбат емес. Тегін багаж 7 кг.

Қайтар билетті Ташкенттен Астанаға ұшаққа алдым, құны бір адамға (балаға деген түсінік жоқ) 45 000 теңге, өзбек лоукостері https://centrum-air.com/ru арқылы сатып алдым. Тегін багаж 7 кг, 0,3 л су тегін береді. Жолға артық зат (киім-кешек) керегі жоқ, өйткені, өз басым 4 күн не 8 күн болсын, бес килограммнан артық зат алмаймын. Қажеті де жоқ.

Ұшақ билеттерін агрегаторлар арқылы алатын болсаңыз, бағаны әбден зерттеу керек, мысалы, ұшу бағасын салыстыру үшін https://www.aviasales.kz/ сайтын пайдаландым, ол ең төмен және жетуге ыңғайлы нұсқаларды тауып береді. Қазір Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Атырау, Ақтау, Қостанай қалаларынан Өзбекстанның шаһарларына әуе рейстері бар. Өте ыңғайлы деп ойлаймын.

Үшінші, қонақ үйге қатысты. Қалауыңызға қарай әрине, бірақ, ыңғайлы, қауіпсіз және баратын нысандарыңызға жақын болу керек. Мысалы, біз Ташкентте әуежайға салыстырмалы түрде жақын жерден таңдадық. Енді, келесі лайфхакты айтайын. Қонақ үйді https://www.booking.com/ сайты арқылы рәсімдеймін. Артықшылығы - ақшаны алдын ала төлемейсіз, келген соң төлем жүргізесіз, орныңыз сақталып тұрады, картадан төлеген жөн және ең бастысы аталған сайттан нақты бір қаладағы қонақ үйлердің бағасын, ыңғайлылығын, жағдайын өзгелердің жазған пікірлері (отзывтары) арқылы білуге болады. Және, тұрақты клиенті болсаңыз, 5-20 процентке дейін жеңілдік береді. Сонымен бірге, таңғы асы қосылған қонақ үйлерді таңдау керек. Айтқандай, Өзбекстанда туристік алым бар, ұмытпасам 5 процент. Біз 3 күнге - Смарқанд, Бұқара, Ташкент қалаларынан қонақ үй алдық, әр қонақ үйдің бағасы шамамен 62 000 теңгеден 75 000 теңгеге дейін (екі нөмірден).

Төртінші, көлік қозғалысы. Такси қызметі үшін келесі лайфхак. https://taxi.yandex.kz/ru_kz/ орнатып алдым. Басқа такси қызметтері бар шығар, бірақ, бұл ыңғайлы көрінді. Тарифтері сол, Қазақстандағыдай. Эконом алсаңыз, кішкентай көліктері келеді. Мен қолма қол ақша төлеу нұсқасын ұнаттым. Айтқандай, әрбір қонақ үй трансферлерін ұсынады, артық төлеп қажеті жоқ деп санаймын. Яндекс таксиді шақыртып, жеткен жөн.

Сосын, Самарқанд пен Бұқараға және Хиуаға Ташкенттен "Афросияб" деген жүрдек поезды жүреді. Билетті ерте қамдап, олардың https://railway.uz/ru/ атты сайтынан алуға болады, бірақ, өз басым https://bilet.railways.kz/ сайтынан алған ыңғайлы деп санаймын. Бұл лайфхактың артықшылығы жоспарыңыз өзгеріп, алған билетіңізді қайтару керек болса, сапарға бір күнге дейін негізгі төлемін қайтарады, бірақ, жоспарды алдын ала бекітіп алып, соны басшылыққа алу керек деп санаймын. Біздің жоспар - Астана-Самарқанд (ұшақ), одан соң поезд арқылы Самарқандтан Бұқараға және Бұқарадан Ташкентке жету. Және Астана-Ташкент бағытына ұшаққа билет алдық.

Бесінші, ақша ұстау, айырбастау. Самарқанд әуежайында теңгені өзбек сумына айырбастап алдым, Өзбекстанның жақсы жері туристік нысандары болсын не шаһарда болсын валюта айырбастайтын банкоматтар болады. Дұрысы доллар алған жөн, соны сумға айырбастап береді. Сосын, банкоматтардан картадан шешіп ала бересіз. https://halykbank.kz/kz мен https://kaspi.kz/ карталары жарап тұр. Айтқандай, әуежайдан түсіп, тексеруден өткенде Смарқандтағы валюта айырбастау нүктесін табу оңай, сол жерден ең болмағанда 50 доллар айырбастап алуға болады. Қолдан ауыстырып көрмедік, бірақ, қажеті жоқ деп санаймын. Қанша дегенмен, "көрмеген жердің ой-шұңғыры көп" дегендей немесе "Құдай, сақтансаң сақтаймын" дейді. Бұрын бір жүз доллар ауыстырғанда бір бума (пакет) ақша беретін, қазір 100 000, 50 000, 20 000, 10 000, 5 000, 2 000, 1 000 сумдары бар, ыңғайлы. Әмиянға еркін сияды.

Алтыншы, телефон байланысы туралы. Қонақ үйлерде Wi-Fi жұмыс істеп тұр, кейбірінде жақсы, өзгесінде әлсіз болуы мүмкін. Жаңағы Ташкент, Самарқанд әуежайларында валюта айырбастау пунктіне жақын маңда сим-карта алуға болады. Бір айға береді, өткен жолы 6 мыңға алсам, осы жолы ең арзанын, яғни, 3000 теңгеге алдым.

Жетінші. Тамақтану орындары. Ташкентте https://beshqozon.uz/ дәмханасынан ас ішкен ыңғайлы, қаланың барлық бөліктерінде бөлімшелері бар. Мысалы, біз 5 адамға шамамен 340 000 сумға тамақ іштік. Айтпақ ойым, жергілікті халық тамақтанатын жерге бару керек. Әрине, сервис және өте дәмді ас ішемін десеңіз мейрамханалар табылады ғой. Сондай жайттарды ескеру керек. Туристік нысандарда сусын, тамақ қымбат болатынын ескерген жөн. Өткен жолы Ташкентте Kamolonosh деген мейрамхана (дәмхана) тауып алдық, өте жақсы, ұсынамын. Бұқарада "Чинар", Смарқандта "Самарқанд" атты мейрамханалар. Таңғы ас қонақ үй есебінен, жолда болсаңыз боксқа салып береді.

Сегізінші. Музейлерге бару, гид қызметі. Өзбекстанда музейлерге кіру бағасы екі түрлі. Мысалы, шетелдіктер үшін бір баға, жергілікті халық үшін басқа баға. Мен бұны әділетсіздік деп санаймын. Бірақ, Стамбулдың музейлерінің бағасы еске түскенді шүкірлік етесің. Өткен жолы гид алған едік, осы жолы гид алмадық, өйткені оған дейін зерттеп алғанмын. Музейлерде фотоаппаратқа түсіруге рұқсат бермейді, телефонға болады. Дегенмен, жалпы, гид қызметін пайдаланған жөн деп санаймын.

Тоғызыншы. Кәдесыйлар. Өздерінің айтуынша туристік локациялардағы кәдесыйлар бағасы арзан. Өйткені туристер де біліп алған деседі. Дегенмен, бағада айырмашылық болады деп санаймын, екінші жағынан базар қарап жүретін уақыт болмас және ұсақ-түйек кәдесыйларды туристік орындардан ала салған жөн. Дегенмен, үш қаладан да кәдейсыйлар алдық. Ташкенттегі Чорсу базары ұнады. Бағалары анағұрлым арзан көрінді.

Атлас мата, орамал, қыш ыдыстар, сәндік бұйымдар, ең болмағанда тоңазытқышқа жапсыратын мангитка алуға болар.

Балалармен барған соң оларға қызықты нысандарға көбірек баруға тырыстық. мысалы, Ташкентте Мэджик Сити, кітаптар дүкендері, балалар тағамдары дәмханалары дегендей.

Қысқаша айтқанда бәрін жазған сияқтымын.

#Өзбекстан #Саяхат #Amandyq Amandyq Amirkhamzin

0
0
8189

Еще по теме