ОТЫРАРЛЫҚ ДЕЛЕГАТТАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Праймериз – елімізде жүргізіліп жатқан Саяси реформаның тағы бір жарқын қадамы. Бұл қадам мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға білікті тұлғалар мен тәжірбиелі мамандардың келуіне кең жол ашады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс XL конференциясында кеңінен сөз болды.
Конференция жұмысына партияның Отырар аудандық филиалынан делегаттар барып қатысып қайтты. «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Әбдіғали Жүнісов бастап барған делегаттар дебатқа қатысушыларға дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Айта кету керек, праймериз қорытындысы бойынша аудан, қалалардан ең жоғары дауыс алған 15 және облыс орталығы саналатын Түркістан қаласынан 7 үміткер, сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанмен бірге жалпы 23 азамат шешуші дебатқа қатысты. Үміткерлер 4 топқа бөлініп, сынға түсті. Олар өңірдің өзекті мәселелерін қозғап, шешу жолдарын ұсынды. Конференцияға қатысқан делегаттар арнайы кабиналарда «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта дауыс берді. Конференцияда облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жеңімпаздарға сәттілік тіледі.
Жалпы Түркістан облысы праймеризге қатысу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Облыста 2 миллионнан астам тұрғын болса, оның 80-мыңнан астамы «Nur Otan» партиясының мүшесі. Соның ішінде Отырар ауданында 3129 азамат партия мүшелігінде. Аудан бойынша 17-28 тамыз аралығында праймеризге қатысуға 52 азаматтың өтініші тіркелген. Олардың – 20-сы әйелдер 38,4%, 20-сы 35 жасқа дейінгі жастар 38,4%. Мұнан бөлек бастауыш партия ұйымдарынан 15 азамат ұсынылса, 32-сі өзін-өзі ұсынушылар. Өтініштердің 8-і онлайн түрде берілсе, ұйымдастыру комитетіне келу арқылы 44 үміткер өтініш берген.
