Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР САПАСЫН АРТТЫРУ

Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік басқару институтына ел сенімін арттыру, отбасындағы зорлық-зомбылық, қатігездік, діни ағымдар, нашақорлық, ішкілікке салыну, шылымқұмарлық, ажырасу, СПИД індетіне ұшырау, құқық бұзушылықтар сияқты жат әдеттермен күресу мақсатында ішкі істер органдарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді қорғау бойынша бөлімшелер, гендерлік теңдік пен әйелдер мен балалардың көзқарасын қолдайтын ресурстық орталықтар құрылып, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қарқынды жұмыс жасауда.

Зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі, ал жағымсыз құбылыстардың алдын-алу күрделі үрдіс болып келеді.

Мен бұл мақалада, отбасындағы зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлыққа деген жалпы төзбеушілікті қалыптастырудың қазіргі кездегі көкей­кестілігі, жат әдеттерге қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мәселесін отбасылық құндылықтар сапасын арттыру, адалдыққа тәрбиелеу арқылы болдырмау жөнінде ой бөліскім келеді.

Қыз бен жігіттің арасындағы сүйіспеншілік, адал махаббаттың күшімен екі жас қосылып шаңырақ құрады, өмірдің ащысы мен тұщысын, қызығы мен шыжығын, бірге көріп, ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, адал болуға жағдай жасауға міндет алады, өмірге бала келеді.

Ия, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында өседі, білім алады, ер жетіп, тәрбиеленеді. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер, дегені бар. Шындығында, әр отбасының өзіне тән тынысы, тіршілігі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын құндылықтары бар, сондықтан ол дұрыс басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Ата бабамыздан қалған өсиет бойынша, ер азамат басшы, немесе отбасының Президенті, әйел шаңырақтың ұйытқысы, берекесі, шапағат көзі, қосшысы. Отбасы беріктігін сақтау, ана болу, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, ерінің адал жары, үйдегі шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық та отбасында басталады. Көрегенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсіреді. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

Әйелдің еріне қарым-қатынасы, үй ішіндегі әдептің бастау көзі, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы, әкені құрметтеу - ол айрықша парыз, сондықтан да отбасындағы береке - ерлі зайыптылырдың біржаққа қарап, болашақтың іргесін бірігіп қалауында. Отбасы біздің қоғамымызда дәстүрді сақтаудың басты институты болып саналады. Ендеше, бүгінгі отбасында ұлағатты тәрбие бере алып жатыр ма? Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына сіңіретін тәрбиеге тікелей байланысты,сондықтан да жеке тұлғаның ұлттық сана-сезімін, адалдық, рухани-адамгершілік құндылықтарды, қарым-қатынас этикасы мен мәдениетті қалыптастыруға отбасында жағдай жасалу қажет.Мысалы, көп отбасында материалдық құндылықтарға табынушылық, баланың санасында тілегеніме ақшамен қол жеткіземін деген ой пайда болады, себебі, кейбір ата-аналардың ойынша, бәрі сатылады, ақша болса, балаға үйде жағдай жасасам болғаны, қалғанын балабақша, оқу орындары, яғни қоғам тәрбие беруі қажет деп қателеседі. Қазіргі кезде, отбасының әлеуметтік жағдайы дұрысталып, азаматтар атқа мініп, үлкенді кішілі қызметке тұрса, отбасынан алшақтап, ерте кетіп, кеш келіп, немесе, семьяның шырқын бұзып, арақ ішіп, әйелдер де еркектерден қалмау үшін, ақша тауып, үй шаруашылығына көңіл бөлмей, бір баламен шектеліп, карьера құрбанына айналып, бала тәрбиелеуді басқаға жүктеп, немесе маскүнемдікке, нәпсіқұмарлыққа беріліп, абыройдан айрылып, ұрыс-керіс, жанжал, әке-шеше ажырасып, шаңырақ шайқалып жатқан келіссіз жағдайлады көріп өскен бала тәрбиесі ақсай береді, отбасылық құндылық төмендейді.

Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады деп, дана Абай айтқандай, отбасының берекесі, ырыс несібесі, адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі жетістігі, қадір-қасиеті, адам бойындағы адалдық, ізгілік, кісілік белгісі, абыройы отбасында қалыптасып, жетіледі, мемлекеттік деңгейге көтеріледі.

Адалдық - адамның ең асыл қасиеті, әділдік пен адалдықты ту еткен тұлға тәрбиелеу, қоғам талабы. Кезінде біз отбасында әженің ұлағатты сөздері мен атаның артында қалдырған жақсылықтары,өлеңдерімен тәрбиелендік. Әжемнің қасынан қалмай өстім, мақал-мәтелдерді орынды пайдаланып, жан–жағындағы туыстарға, көршілерге қамқорлық жасап,ақылын айтып, қажет болған жағдайда тәртіпке келтіріп отыратын, абыройлы, сыйлы, қатаң, әділ адам болған еді. Өмір бойы санама сіңіп қалған нақыл сөздерді «адал бол,ала жіпті аттама», «таспен ұрғанды,аспен ұр», «қайырымды бол», «қызға қырық үйден тыйым», «шешен кісі сөз бастар, адал кісі - ел бастар», «күшіңе сенбе, адал ісіңе сен», «ұрлық - түбі қорлық...» кішкентайымнан әжемнен естігенмін. Шынымен де, адалдық - ардың ісі, адалдық жүрген жерде, адамдық, кісілік, кішілік жүреді. Ала жіпті аттамағанның абыройы биік болады. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін»деген өсиетті арқалап өстік, жетілдік. «Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін арнайы бағалаған. Бала өмірдегі әр түрлі жағдайларда ұрлық, қиянат жасамау, адалдық, әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, білгір болу, ұстаз бен ғалымның, көпті көрген данышпан қарияның сөзін тыңдату, үлкенді, ата-ананы сыйлату сияқты тәжірибені отбасында жинақтайды және оны меңгереді. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге...» деген гуманистік ой-пікірлерін, өнегелі өсиетін тек қуаттау емес, өмірлік ұстанымға айналдыру арқылы келесі ұрпақты тәрбиелеу құралы ретінде пайдаланамыз.

Қаламызда, облысымызда істелініп жатырған аумақты жаңалықтарды дұрыс қабылдайтын, бағалайтын, әрі қарай білікті, мәдениетті орта қалыптастыру - әр әйелдің, ананың борышына айналса ғана,біз қоғамдағы жат қылықтармен күресе аламыз. Атам қазақ ер-азамат табыс табушы, әйел сол табысты көзге көрсетіп үйлестіруші деп текке айтпаған болар. Менің ойымша, үкіметте, қалалық, облыстық әкімшілікте, маслихатта ұлттық сана, тәлім-тәрбиеге бағыт беретін, жастардың жан дүниесін өзгертуге өз жанұясының үлгісімен көзге түскен, еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы, аналар мен әжелер санын көбейтуіміз керек.

Баланы жастайынан ұлттық құндылықта тәрбиелейтін ата-әже,отбасы институты бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Облыс Әкімі жанында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесі, облыстық ақпараттық–ағартушылық штабы сыбайлас жемқорлықты, отбасындағы зорлық–зомбылықты, өмірде кездесетін түрлі проблемаларды болдырмау бағытында студенттерді болашақ отбасылық тұрмысқа дайындауға, отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие беруге қатысты проблемалық сұрақтарды зерттеуге, әйелдер арасында құқықтық сауаттылықтың деңгейін көтеру бойынша ақпараттық–кеңес беруге, үлгілі отбасылардың тәжірибесін таратуға,бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілік деңгейін көтеруге, әлеуметтік қауіпті жағдайдағы отбасыларға, қиын жасөспірімдерге, толық емес отбасыларға көмек көрсетуге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге белсенді қатысуда. Отбасы, мемлекет, азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдармен әрекеттестікті күшейту арқылы кәсіби еңбекке дайындаудың құралы ретінде білімнің қажеттілігін сезіндіру, барды бағалау, оны сақтау, отбасында адалдыққа тәрбиелеу өмір нормасына айналу керек.

Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» онлайн дәрісі жас ұрпақты адалдық, әділдік, парасаттылыққа шақырған маңызды шара, жас ұрпақтың бағдары болуы тиіс деп ойлаймын. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Отбасылық құндылықтар сапасын арттыруда Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық жойылады, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. «Ел болғың келсе, бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, бекер айтылмаған, ана рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірсе, әке сол ұяны сақтаушы, қорғаушысы болып, адалдыққа тәрбиелейтін отбасында ата-әженің, әке мен шешенің тәлімін көріп бой түзесе, ерлі зайыптылардың сөздері мен істері, үйде де, түзде де бір болса, бір біріне деген ыстық махаббат, жылдар бойы сыйластық пен туыстыққа айналса ғана үлгілі отбасы мемлекеттің берік тірегіне айналады, қоғам тазарып, зорлық-зомбылыққа, сыбайлас жемқорлыққа орын болмас еді.

ҚҰРМАНАЛИНА ШАЛҚЫМА ХАЙРОЛЛАҚЫЗЫ

п.ғ.д., профессор, облыстық ақпараттық-ағартушылық

штабының мүшесі

1
0
579

Еще по теме

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР САПАСЫН АРТТЫРУ - Yvision.kz