ҚОСШЫ АГЛОМЕРАЦИЯНЫҢ АЛДЫ БОЛУЫ КЕРЕК
Бүгінде Астанадағы миграциялық ахуал мен қалааралық агломерацияны дамыту кезек күттірмейтін мәселенің бірі десек қателеспейміз. Елорда үшін агломерациялық үрдісті қалыптастыратын Қосшы, Қоянды, Талапкер, Жібек жолы, Бозайғыр, Малотимофеевка, Қызыл суат сынды елді мекендердің маңызы зор.Ақмола облысының картасын алдымызға жайып салғанда Астанаға қолсозым жерде тұрған Қосшы елді мекені ерекше көзге түседі. Әлеуметтік мәселесін айтып, Астана қаласы әкімiнің блогына жаңбырша сұрақ жаудыратындар да қосшылықтар екенін білеміз. Өз кезегінде Иманғали Нұрғалиұлы бір сөзінде «Серіктес қаланың міндеті – үлкен қаланың ауыртпалығын бөлісу, бірақ әзірге керісінше болып тұр» деген болатын. Сонымен агломерацияның алды болатын Қосшыдағы атқарылған істерді оқырман өзі таразыласын.

Расында солай. Қосшының халқы жұмыс істеу үшін Астанаға ағылады. Олар қатынайтын №43, 27 бағдардағы автобустардың иіні жеңілдеген күні сирек. Ол қатынас көлігі де қосшылықтардың талап-тілегімен Елорда әкімдігінен бөлінген. Ресми мәліметке сүйенсек, яғни 2009 жылғы халық санағы бойынша Қосшыда 6040 адам тұрады. 2007 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қосшы елді мекенін Астанаға серіктес қала ретінде дамыту туралы Жарлығы шыққанда, мұндағы халықтың ұзын-ырғасы 2086 адам. Үш-төрт жылда 3654 жан тағы қосылған. Бұл ресми тіркелгені.
Ал негізі мұнда 14 мыңнан астам халық өмір сүреді. Қосшы халқының 80 пайызы Астанада жұмыс жасайтынын жоғарыда айттық. Жұмысқа орналасу үшін қалаға тіркеледі. «Қосшы халқы Астанаға ауыртпашылық түсіріп отыр» дейміз. Бірақ мен айтар едім, Қосшыда тұратын кісілер Астанада тек қызметін жасап келеді де, бар салмақты бізге салады. Күндіз Астанада күнелтеді, ал мұндағы үйіне келіп, бізден жылу, таза су, күл-қоқысының шығарылуын талап етеді. Көңілге демеу болар бір ғана нәрсе – олар Қосшыда жұмыссыздық мәселесін туындатып отырған жоқ. Дәл қазір Қосшыда сол 7-8 мың адамды жұмыспен қамтып отыратындай кәсіпорын да жоқтың қасы», – дейді Қосшы ауылының әкімі Елібек Қазбекұлы.
Кәсіпорынның ең үлкені – былтыр Құрбан айт мерекесінде үш күннің ішінде 12 мың қой сойылған «Алтын таға» ет комбинаты. Халал жолмен арнайы мал соятын қасапханалары, сүт айыратын, шұжық-шұрқан шығаратын, мал терісін өңдейтін цехтарда елу шақты кісінің еңбекпен қамтып отыр. Елбасы биылғы Жолдауында мал шаруашылығын дамытуды көтерді. Мұнда мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтар бар. «Асыл түлік» шаруашылығында 120 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, кірпіш зауытта, «Альянсстройинвест» компаниясында, «Қаржы полициясы академиясында» қосшылықтар жұмыс істейді. Алайда, он төрт мыңнан астам жан жағалай қоныстанған мекенге осыдан артық өндіріс бұйырмай тұр.
Қарапайым халық мән-жайды түсінбей әуре. «Біз қашан Астананың аумағына қосыламыз» деген жауыр сұрақты көп қояды. Ал қала статусын алу үшін кемі 35 мың тұрғын болуы керек. «Егер деймін-ау, сол 7-8 мың адам Қосшыда тіркеуде тұрса, халық санын көбейтіп, ертерек қала болуымызға, бюджеттен бөлінетін қаржыны молайтып, жұмыс орындарын ашуға септігін тигізер еді.
Тағы бір қиындығы, халыққа қызмет көрсету, қағаз жұмыстарымен айналысу секілді жауапкершілігі мол маңызды шаруалар әкімшілікте өте көп. Әкімшіліктегі қызметкерлер саны тіркелген халық санына сай бөлінеді. Ал бізде қазір тіркеудегі 6040 адамға шақталған төрт-ақ адам қызмет етеді» – дейді Қосшының ауылдық округінің әкімі тағы бір қиыншылықты алға тартып. Қосшыны жағалайтындар қаладан баспана сайлауға жағдайы келмегендер. Оларды тіркеуде жоқ екен деп жылы орындарынан қозғауға тағы болмайды. Ең дұрысы, Қосшыға қала типтес елді мекен статусын алып беру.
2007 жылғы Елбасының Қосшыны серіктес-қала қылу туралы Жарлығының дүмпуімен 6 миллиард теңге бөлінген. ҚР Құрылыс және үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин бір сөзінде Президенттің Жарлығы шыққалы бері Қосшыға инфрақұрылымдық желілер жүргізуге 8 млрд. теңге бөлінді деп айтып қалды. Оны игілікке жаратуы тиіс Ақмола облыстық әкімдігінің берген есебіне көз жүгіртсек, Қосшыда бірқатар істер жасалғанын байқаймыз. Бұл қаражатқа ең алдымен ауылдағы ақлақ, көп қабатты үйлерге су беру жүйелері, жылу жүйесі жүргізілді, жарық беру, жол жөндеу қолға алынды. Қосшы әкімі Елібек Әбуовтың ертуімен бірқатарын аралап көрдік. «Лесная поляна» шағын ауданын жылумен қамтамасыз ететін соңғы үлгідегі фин құрылғыларымен жабдықталған орталық қазандықтар салынуда.
Біз көрген қазандық құрылысы былтыр мамыр айында басталыпты. Бұйыртса, осы күзде қазандықтың үлкен жылытқыш жүрегі соғатын болады. Жылытқыш қазандық құрылысының басшысы, жылу нысандарын салуда жиырма бес жылдық жұмыс тәжірибесі бар Александр Димидовичтің сөзіне қарағанда, аяқталып қалған қазандықты іске қосу үшін тамыз айында жұмыс комиссиясы құрылады. Қазандықты салуда тұтастай отандық мамандар жұмыс жасап жатыр. Тіпті, тоқсан пайызы қосшылықтардың өздері. Тек жекелеген мамандар ғана Қарағандыдан арнайы шақырылған. Тағы бір маңызды нысанның бірі – жобалық қуаттылығы тәулігіне 10000 текше метр ақлақ суды тазарту стансысы.
Фин технологиясымен жабдықталған стансыға 300 миллиард теңге жұмсалыпты. Көпқабатты үйлерде тұратын Қосшы халқының Астана жұртынан асып түскен бір тұсы бар. Мұндағы халық тап таза мөлдір су ішіп отыр. Мұның сыры ең алдымен жер асты суын қайта өңдейтін су жаңа құрылғыларының бар болуында. Барлық жүйе автоматтандырылған. Алып қондырғылардың басы-қасында бар жоғы төрт адам жұмыс жасайды. Мембраналар арқылы келетін су резервуарларға толған кезде автоматты түрде сөнеді. Елу жылға шыдас беретін пластикалық құрылғылар бір мезгілде 30-40 мың адамды сумен жарылқайды.
Астана маңындағы елді мекендерді дамытудың бағдарламасына сәйкес 2012-2014 жылдарға жол құрылысы үшін 571,5 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2011 жылы дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты салынбақшы. Қосшылықтарды толғандыратын мәселе осы. Облыстық әкімдік «Қосшы амбулаториясында бес маман қызмет етеді, УАЗ жедел жәрдем көлігін бердік» дейді. Қосшы ауылдық округіне қарасты «Лесная поляна» орамының тұрғыны Татьяна Базыкина: «Мұндағы дәрігерлердің нақты қабылдау кестесі жоқ, қашан қарағысы келсе, сонда келеді. Біз Астанадан 10 шақырым қашықтықта орналасқанбыз, ал көмекті басқа ешқайдан күте алмаймыз. Мұнда жасы келген қарт кісілер, балалар, жүкті әйелдер көп. Сенесіз бе, тіпті акушер-гинекологымыз жоқ.
Ауырып-сырқай қалсақ, артынып-тартынып аудан орталығы Ақмолаға, облыстың орталығы Көкшетауға барамыз. Неге бізді Астанада дәрігерлік көмек алуға мүмкіндік бермеске, себебі бізге Ақмола мен Көкшетауға қарағанда Астана жақын емес пе?», – дейді. Әрине, қосшылықтарға Астана қаласында орналасқан Целиноград аймақтық клиникалық ауруханасына қаралуға болады. Бірақ бұл жерде де бір кілтипан бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл ауруханаға зордың күшімен жатуға тура келеді, не сырқаты меңдеп, ет-сүйегінен өтіп кеткенді ғана алады, не тамыр-таныстықпен шешіледі. Аурухана, мәдениет үйі, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізетін орындар мен кітапхана атаулыдан жұрдай қосшылықтардың қоңыр тірлігін қалалық дағдыға көшіруге әлі ұзақтау.
Олардың әзіргі білім ордасы да, мәдениет үйі де – 500 орындық жалғыз мектеп. Әкімдіктің жиналыстары да осы жерде өткізіледі. Онда қазір 675 бала оқиды. Бір партаға сығылысып, үшеуден отыру үйреншікті жайт. Ал сыймағаны – амалсыз сол жағалаудағы мектептерге, қаланың ішіндегі мектептерге қатынауға мәжбүр. Бұл жерде 2012 жылдың соңына дейін 1200 орындық бір мектеп салу жоспарланған. Ал шын мәнінде, үш мектеп салса да, мәселе түпкілікті шешілмейді. Дегенмен Қосшы ауылы үш жылдан кейін адам танымастай өзгеретініне Қосшы әкімінің сенімі мол.
– Бүгінде су тарату құбырларын толық өткізіп болсақ, халық алған жерлеріне үйлерін сала бастайды. Қазірдің өзін де, ауылымызда «Лесная поляна», «Орион» деген қала қалыбындағы үйлер соғылды, – дейді Елібек ағамыз, өзі құрқылтайдың ұясындай кеңседе отырса да, көңіл кеңсесін тарылтқысы келмей. Үй демекші, қаржының қаттығын сездіріп қойған соңғы сергелдең екі жыл Қосшыдағы жеке үй салушыларды да қаңтарып қойыпты.
Қосшыны серіктес қала қылуда там-тұм тірлік бар да, тұтас бір тұжырым осалдау. Қалааралық агломерация, серіктес-қала сияқты ірі жобалар өзіне сай ірі құзырлы мекеменің қолына тізгінделіп, тірлігі тиянақты, яғни жүйелі жұмыс болуы керек емес пе? Ал бізде, мұны Құрылыс және коммуналдық шаруашылық агенттігі бақылауы тиіс болғанымен, облысқа арқа сүйейді.
Біздің білуімізше, Қосшыны серіктес қала деп тану жөнінде Президент Жарлығы шыққанмен, оның орнықты дамуына жағдай туғызатын қала типтес елді мекен мәртебесі де, инвесторларды осы бастан қызықтыратын еркін экономикалық аймақ мәртебесі де әлі нақты емес. Ал осындай қораштау мәртебесіне мән берместен, ҚР Мәжілісі биылғы бюджеттен Астана мен Алматының серіктес-қалаларын дамытуға деп тағы да 6,6 млрд. теңге, жалпы құрылыс жүріп жатқан алаңдарға инженерлік-коммуникациялық ин- фрақұрылым жүргізуге деп 10 млрд. Теңгені бөлінуіне қол қойды. Қаржының кірген ізі мен шыққан ізін кім бағып отыр?
