Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Оныншы түс

Өткенде кешке таман телефоным толғай жөнелді. Түймені бастым да тілдестім. Өзін Айгүл деп таныстырған атыраулық апай амандық-саулықтан соң шаруасын айтты. Бір топ белсенді Атырауда «Ел-сана» атты клуб ашыпты. Сонда келіп «Отбасы Хрестоматиясы» жайлы лекция оқып берсеңіз деді. Келісіп, жолға шықтық. Алыс аймаққа темір құспен ұшқан жақсы ғой әрине, тез жетесің. Бірақ ең жаманы таңда ерте ұшады. Ұйқың үнемі шала болады. Тіркеліп орныңа жаңғасқанша жанға тыныштық жоқ. Самолет көкке көтеріліп, эшалонға бауырын төсей бергенде ұйқы қысып, сылқ ете қалдым. Ұйықтап жатып түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Ұшақтың салонына кіріп, терезе жақтағы орныма жайғасып, белдігімді тағып жатыр едім, көзәйнекті, ірі денелі бір қария келді де:

- Шәнжархан, терезе жаққа мен отырайын. Біраздан соң көкжиектен қызарып Күн шығады. Арайлап атқан таң нұрынан ләззат алып, жансарайымды құндылықпен байытушы едім. Бері отыршы, - деді. Алакеуімде қарттың бет-әлпетін жөнді көре алмадым. «Атымды қайдан біледі? Бұрын сабақ берген профессор ма екен? Құндылығы несі?» деп маужырап онша ұқпай отырмын. - Әлбетте, көкесі! Қалаған жеріңізге жайғасыңыз. Қазір онсыз да ұйықтаймын. Күн шыға ма, бата ма маған бәрібір, - дедім де ортаға ауыстым. - Әй, жарайсың, балам! Қазақы тәрбиенің осы қыры ұнайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деп иіліп тұрасыңдар деп мақтап қойды. Тілінде мүкісі бар екен. Р-ды анық айта алмайды. Горбочев сияқты Р-ды Ғ-деп шығарады екен. Киімі жұпыны. Бірақ тоқпақтай қызыл галстугы көздің жауын алады. Өте қымбат галстук екені көрініп тұр. Қария жайғасып жатып: - Сынықтығың жақсы, әрине. Дегенмен сахар тұрып, Күннің қызыл арайына сұқтануға құмар емессің, Шәнжархан! Сол жерің логосқа сәл-пәл томпақ. Бүйте берсең жансайрың байымайды. Болмаса Күннің атуы мен батуы Тәңірімнің адамзатқа берген ғажайып сыйы емес пе?! - деді сүйсініп. Осы сәтте шыдай алмай «Бұ кім?» дегендей қарияға үңіліп қарадым. Тани кеттім. Дәл қасымда Виктор Франкл отыр екен! - Оу, Франкл көке, армысыз! - Рақмет, армыз, бармыз Шәнжархан балам! Әбден шаршағансың-ау шамасы? Күн шапағын тамашалауға мұршаң келмей қылжия кетуге дайын отырсың. Ұйқы өлімнің туысы деген. Атырауға барған соң ұйықтай жатарсың. Одан да экзистенциялық коммуникация құралық. Содан дауасы жоқ, - деді. Франкл көкені көріп ұйқым шайдай ашылды. Дүр сілкініп алдым да: - Намаздың қазасын өтерсің. Сұхбаттың қазасын қалай қайтарасың деген ғой. Мүмкіндікті жібермей рухани сұхбатты қыздырайық, - дедім. - Не айтқың келеді, оны сөйлеме. Ел не білгісі келеді, соны айт деген. Әлеумет не сұрайды, не білгісі келеді? - деді қарт профессор. - Фейсбуктегі жұрағат көбіне «Логотерапия деген не? Нені көздейді? Қай алаңда тартысады?» деп сұрайды. Осыны маған оңайлатып түсіндіріп бересіз бе? - дедім. - Бұл психология мен философияның қақ ортасында тұрған экзистенциялық ілім. Жаңалығы діннің де даналығын кері теппейді. Жүрек көзі ашылған әулие-әнбиелердің рухани мұраларын керегіне жарата береді. - Көбі мұны психоаналитикамен шатастырады. Одан не айырмашылығы бар?-дедім тура бір ол саланы да ішіп алған адам құсап. - Психоаналитика пациенттің өткен өмірін қазады. Яғни олар бүй дейді. Бұрын жайсыз бір оқиға саған қатты әсер еткен. Санаға тиген ауыр соққы жаныңа жара салып, өскен соң еріксіз есіңе түсіп, ұдайы мазаңды алып тұр. Бүгінгі күйгелек көңіл күйің мен тынышсыз жүрегің соның салдары деп қазіргі сағаттан өмір сериясын кері қарай айналдырады. Осылайша оңбаған оқиғаның болған себебі мен салдарын анықтап, сараптайды. Сосын кері әсерін жүйкеден жою үшін түрлі әдіс қолданады. - Ал, логотерапия ше? - Логотерапия кері бағытта айналмайды. Алға қарай дөңгелейді. Біз бүй дейміз. Болған нәрсе кетті, бітті. Енді мен де пациент те өткенді өмірден өшіре алмаймыз. Болған оқиға сиқырлы сандыққа түсіп, тағдырға айналып болды. «Өткен іске өкінбе» деген содан қалған. Біз енді пациенттің назарын болашаққа бұрамыз. Адамның өмірлік мұраты әманда алдында тұрады. Тағдырдың өзіне ғана тиесілі нығметін игеру керегін түйсінгенде пациент бұрынғы қорлығын ұмытады. Ұмытпаса да оған мән бермейді. Есіл-дерті жаңа өмірге жалғану болады. Терапия сәтті өтсе қайта туғандай күй кешеді. - Бірақ жан-жүрегінде жарасы бар бейбақ көрген қорлығы мен зорлығын қалай ұмытады? Олар жанға кірген жантақтай жүйкені жүндей түтіп, жадымызда өлгенше тұра бермей ме? - Тұра бермейді. Бір ғана қорлықтан рухани қирап қалсақ, жануарға ұқсап қаламыз. Мысалы күшігінде таланып, ынжық боп өскен қанден сияқты. Онда Тәңірім адамды әуелден ез етіп жаратты деген сөз. Сапасыз пендені құрметтеудің және адамды мығым етіп жарата алмаған Жаратушыны да ұлықтаудың не қажеті бар? Тағдырдың бір соққысына төзе алмайтын бишара пенденің Құдайға құлшылық қылуында не мағына бар? – деді Франкл көке берік логикамен. - Қалайша? Пенденің құлдығы құлшылығында емес пе?- дедім ойын онша ұқпай. - Тағдырдан бір рет таяқ жеген соң өмір бақи тентіріп кетер болса, пенденің жаратылысы нашар болғаны да? Шыбық тимес шыңқ етер тіршілік иесін төбемізге тұтып неміз бар? Меніңше олай емес. Құдіретті Құдай ондай сапасыз зат жаратпас болар. Табиғат Ана әсіресе адамды суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын қып жаратқан. Ойшылдардың «Адамды өлтіріп, таптап тастауға болады. Бірақ оны ешқашан жеңе алмайсың» дейтіні осы. Сол үшін де адамды барлық мақұлықтан үстем тұр деп санаймыз. Ал, Исламда Адам атаны Алланың ең бірінші халифасы деп ұлықтайды. - Батырлар жыры мен дін қиссаларды еске түсіріп жібердіңіз ғой. Жарайды, темадан ауытқымай осы ойды кеңірек тарқатсаңыз қатып кетуші еді, - деп әдемі басталған әңгімені үзгім келмеді. - Шәнжархан, бері қара. Адам ұрпағы үш түрлі сипаттан құралып, бір ғана адам болмысын сомдап тұр. Оны «Unitas Multiplex» яғни көптіктің бірлігі дейді. Біріншісі кірпіш тәні. Оны соматика дейміз. Ет пен сүйектен жаралып, физиология заңымен өмір рақатын көреміз. Денеге соққы тисе жарақат алады. Оны хирургтер емдейді. Екіншісі: психофизика. Бүкіл дене- мүшеміз мидағы орталық жүйке жүйесіне жалғанып, тұла бойды сансыз сезімге бөлеп тұр. Психологиялық соққы алсақ санада уытты ізі қалады. Психологиялық травма деген сол. Оны психоаналитиктер емдейді. Үшіншісі Ноологика немесе Рухани Ядросы. Адамның мәңгілік Болмысы осы! Бұған сырттан соққы тимейді. Оған ештеңе де әсер етпейді. Іштегі үрей деген жалғыз ғана жауы бар. Пендеге үрейі үстем болғанда «рухани өмір сүрсем тобырдың талқысы мен талауына түсемін» деп қорқады. Сосын психофизикалық қабатта жәндік сияқты инстинктпен өмір сүруге көндігеді. Соның кесірінен кісі кеселге шалдығады. Жүре келе жүріс-тұрысы малға ұқсап қалады. Емделіп санасы сауықса проблема жоқ. Мәңгілік болғандықтан МЕН деген рухани өзек өлімнен қорықпайды. Сократ немесе Ғайса пайғамбар сияқты ажалды қорықпай қарсылап алады. Өзінің өзгермейтін, тәңірлік МЕНІН тапқандар кез келген қорлыққа төзбейді. Осылайша қайтпас қайсар РУХТЫҢ тұлға түрін сомайды. Осы ойды иврит тілінде дәл беретін мардымды мақал таппадым. Есесіне қазақ тілі дәл беріпті. Білесің бе қандай сөз екенін?-деп Франкл жүзіме үңіле қалды. - Қазақ тілінде ондай сөз маржаны бар ма? - дедім сенімсіз пішінде. - Охо, ойнапсың сен бала қазақ тілімен. Ресейшіл қазақ үкіметінің идеологиясына уланып, нигилист боп бітіпсің ғой өзің. Сөз маржаны қазақ тілінде сақталған, қалқам! Әттең оларды жинап-теріп, көңіліне түйіп алар қайсар қазақ тумай тұр, - деп өзімді бір түйреп өтті. Сосын: - Жаттап ал, Шәнжархан! «Өлім барда ер азаматқа қорлық жоқ!» деген еді атаң қазақ - деді де бал жалап отырған қонжық құсап «пах, шіркін, не деген сөз! Не деген тәмсіл! Не деген руханият! Не деген хикмет! Логотерапияның бүкіл концепциясы бір ауыз сөзге сиып тұр. Алаштың ата-бабасы түгелімен логотерапиямен шұғылданған ба, не кәрәмат өзі, бұл?» деп өзімен өзі тамсанып самбырлап сөйлеп кетті. Кайфы тарқасын деп біраз күттім. Көкеме қосыла кетіп, лепіруге шама жоқ. Өзің сондай болмаған соң «иә, біз ғажаппыз» деуге аузың қалай барады?! - Ой үзіліп қалды ғой, Франкл көке? - дедім мастығы тарқай бастағанда. - А, иә қай жерге келдік? Жер тұрмақ бүтін ғаламға симайтын Рухани ядро өмірлік миссиясын аңсайды. Фрейд ілімі «адам рақатқа талпынады» десе біз «жоқ, кісі баласы асыл мұратқа ұмтылады» дейміз. Рухани сау адам тіршілікте ғибратты із қалдыруды армандайды. Сондықтан бұл өмірде тән ішінде тіршілік ету адамзат үшін тамаша шанс! Зор бақыт! – деді Франкл ерекше екпінмен. - Қандай шанс? Талай адам «бұл өмірге неге келдім?» деп еңіреп жүрген жоқ па? Кей қазақ орыс, енді бірі араб, тағылары ағылшын боп тумағанына өкініп жүр. Қазақ боп туылып, тіршіліктен Мән тауып, мәңгілік қуанышқа қол жеткізу мүмкін емес деп торығады. Кейі арабша білмегеннің кесірінен Құдайға құл боп жарытпадым деп аһ ұрады. - Меніңше бұл надандық. Кез келген жағдайда ұрпаққа ғибратты өрнек қалдыруға болады. Мән тауып, бақытқа кенелуді Тәңірім бір нәсілге яки бір тілге тәуелді етіп қойса: - Жаратушы әділетсіз боп шығады. Құдайға ондай сипат беру қауіпті. Өйтсек Әділдіктің онтологиялық тұрғыда барына күмән туып, адам ұрпағы өмірден түңілер еді. Талай пақыр «түбінде әділдік бәрібір жеңеді» деген үмітпен тіршілікке жалғанып тұр. Ақысы желініп, есесі кеткен есіл жұрт «ана дүниеде Құдай әділ жазаңды береді» деп қорлыққа төзе береді. Құмырсқаның құмалағындай игі ісің ешқашан да жоғалмайды. Ол сол заматта 18 мың ғаламды шарлап, мәңгілік сипатқа ие болады. Қылдай қиянат та құрып кетпейді. Жанға жабысып, көңіл көзін перделейді. - Айтпақшы Құранда «Тарыдай жақсылығың мен қылдай қиянатың алдыңнан шығады. Қияметте сол бойынша соттаймын» деген сүре бар еді. Мына ойыңыз сол сүрені еске салды ғой. - Иә, дінің дұрыс айтады. Ақиқат объективті болғандықтан қай тараптан түссең де бір алаңда түйісесің. Байқасаң тіршілікте таңдауда тұрасың. Не ізгілік, не қиянат. Таңдау еркі өзіңде. Қалай шешім қабылдасаң да қолыңнан ешкім қақпайды. Өлген соң бұл құдірет қолдан кетеді. Күллі ғаламға үн қатып, қолтаңбаңды мәңгілікке қалдырып кету бақытынан біржола айрыласың. Ілімнен бейхабар ғаріп жандар өмірлік миссиясын ұмытып, көрген қорлығын бәріне айта беретін ауруға шалдығады. Ал, «келешек менен не күтіп тұр?» деген сұраққа көңілін бір рет байласа, артына қарауға уақыты болмайды. Бұны ғылымда «Кеплер әдісі» деп атайды. Яғни кісінің көзқарасын 180 градусқа өзгертіп жібересің. «Өмірден біраз нығмет, рақат, қызық алдың. Енді өмірге сен де біраз хикмет дарыт» дейміз. Сол кезде тағдырынан тек алып үйренген адам «Мен де бұл ғаламға бір нәрсе бере аламын ба?» деп ойлау позициясын өзгертеді. Өзгерген заматта сірескен санасы қақпаннан құтылады. Объективті ғаламдағы Арман, Мақсат, Мұрат, Мән сияқты құндылықтар тәңірлік әлемнен оған үнемі үн қатып, қызықтырып қол бұлғап шақырып тұрады. Мәннің де дәмін бір рет татқан соң әңгімесі түзеледі. Бұрынғыдай көрген қорлығын айта беріп, елді мезі қылатын жаман әдетінен арылады. Логотерапия осылайша адамның Мәнге талпынысын оятады. Тағдырдың тізгіні қолына бір тиген соң адам да оңайшылықпен беріспейді. - Сонда барлық адам «Мен мынау үшін ғана өмір сүріп жүрмін. Мені тіршілікке байлап тұрған осы нәрсе» деп бір мұратқа жүрегін байлауы тиіс қой, дұрыс ұқтым ба? - Иә, дұрыс түсіндің. Қай бір жылы осыған орай Францияда сауалнама жүргіздім. Жұрттың 89 пайызы «Тіршілікте табан тіреп күресу үшін көңілде қандай да бір құндылықтың болғаны абзал» деп ағынан жарылды. Ал, 61 пайызы «Осы мұратым үшін өлуге бүгін дайынмын. Мен үшін өмірдің мәні осы! Мені Табиғат ана осы үшін жаратты» деп нық жауап берді. Тура осы сұрақты Вена халқына да қойдым. Айырмашылық 2-ақ пайыз болды. Яғни кез келген елде барлық адамды объективті Мұрат пен Мән ғана тіршілікке қызықтырып тартып тұр. Олар болмаса қартайып базары тарқағандар яки жолы болмаған бейбақтар өзіне қол салар еді. - Өзіне неге қол салады? - «Өмірде мақсат - рақатқа бату!» концепциясын мораль деп қабылдасақ осы ойға тірелеміз. Қарттар мен ғаріптер бұл өмірден қалайша рақат табады? Саудасы бітті деген сөз. «Өмірде сен алатын рақат қалмады. Азаптанбай «ана жаққа» тезірек аттанғаның өзіңе жақсы» деп, оларды о дүниеге «шығарып» салғаннан басқа жол қалмайды. Мысалы ауру балалар мен қаусаған қарттарды осы концепция негізінде пешке жаққан Гитлер сияқты. Ал, Мән үшін жүрміз десек, жүрек шіркін тоқтағанша Хикмет іздеу жалғаса береді. Енді түсіндің бе? - О, міне, енді енді миға қорек бара бастады, - дедім жадырап. - Бірақ бұл арада тағы да бір проблема болады. - Қандай проблема? - Көбі арымен айқасып, өзімен конфликтіге келгенде бойындағы екіұдай сезімді басқаға көрсетуге арланады. Жалған намыс деген сол. Яғни бір кезде «- кімсің? – пәленше!» боп жүрген кісі ақырындап лаға бастағанда өзіне көңілі толмайды. Сосын абыройын сақтау үшін жалған құндылық тұтынып, бетіне маска киеді. Бұл оның аурын одан сайын асқындырады. - Сонда күйзелген үстіне күйзеле түсе ме? - Иә, солай. Жалпы жанның күйзелісі деген не өзі? Сөзің мен ісіңнің екіге жарылуы! Елге насихаттап жүрген құндылықты өзің тұтынбайсың. Игере алмай ит боласың. Сөзің мен ісің ажыраған сайын жүйкең де жұқара түседі.Сөзің мен ісің біріккенде күйреу жоғалып, жүрегің тынышталады. - Мысалы қазақ ақын-жазушылары сияқты ғой. Қазақ тілін үйренуге жұртын шақырады. Бірақ баласы орыс мектебінде оқиды. Орысша ойлайды, Ресейді шексіз сүйеді. Ана тілі мен төл мәдениетін жек көреді. - Олай десе де болады. Айтайын дегенім екіге жарылу сезімі өнегелі өмір сүргізбейді. Екі түрлі өмір сүрген соң пенде пақыр жүнжиді. Амал жоқ психоаналитикке қаралады. Обалы не керек, психоаналитика бұл жерде пайдалы. Сұрақпен қуалап отырып, кейде пациентке шынын айтқызады. Бірақ психоаналитик әу баста пациенттің Мән үшін бір құндылықты жалған жолмен болсын игеруге ұмтылғанын мойындауы тиіс. Яғни «Иә, сіз әу баста құндылық әлеміне қадам басқыңыз келді. Ол норма! Қалыпты талпыныс. Оны құптаймыз. Мағыналы іске ұмтылуға бәріміз мәжбүрміз. Тек соны құр сөз емес, нақты іс жүзінде жүзеге асыруыңыз керек еді. Құр сөз түбінде пендені екіжүзді мұнафыққа айналдырады. Енді көздеген мұратыңызды жүзегі асырып, қоғамға көрсетіңіз» деп тоқтағаны жақсы. Ал, егер доктор қызыл линияны қиып өтіп, Мәнге талпынысын таптап кетсе дертіне кесел жамап береді. - Сонда қалай олар құндылықты мойындамай ма? - Объективті құндылықты мойындауға міндеттіміз. Жалпыадамзаттық құндылықты игерген сайын әлемдік деңгейде тұлғалана түсеміз. Барлық кемеңгер «Адамдардан айырмашылық емес ұқсастық іздеңдер» деген. Құндылықтар субъективизмге ұрынып, бөлшектенген сайын пенденің оқшауланып, қамауда қалу қаупі зорая бермек. Мысалы он бес жасыңда құмар болған ойыныңды өмірлік қызық ретінде қуалай алмайсың. Есейген сайын ғаламдық маңызы бар құнды идеяны игеруге ұмтыласың. Сол сәтте «мұның бәрі далбаса. Өзіңе не ұнайды сонымен шұғылдана бер» деп, біреу тірсегіңді «қиып» жіберсе әлемге ашылатын қақпа сен үшін жабылады. Сондықтан құндылыққа тартылысты «бұл бар болғаны «self-expression» яғни өзіңді елге жарқ еткізіп көрсетуге деген құмарлық қана» деп таяз тәпсірлеуге болмайды. - Сонда бұл не түрткі болды өзі? Үй тұрмақ Жер дүниеге симай аласұрудың түпкі себебін не деп ұғамыз ? - Міне көрдің бе, сен де ТҮРТКІ деп қисық кеттің. Осы терминді қолданған сайын өзіңді қате танисың. - Неге? - Түрткі ИНСТИНКТ деген мағынаны береді. Инстинкт жан-жануардың ішіне туғаннан салынған Табиғаттың тамашасы! Оны қолдану үшін ақыл керек емес. Бір рет іске қосылса ескіріп, тозып, қирағанша өздігінен айналып тұратын маховик сияқты зырылдай береді. Мысалы құмырсқаның кей қауымы өлгендерін адам сияқты жерлейді. Өлгенін қалай біледі? Өліктің үстінен арнайы сасық иіс шығады. Сол иісті сезгенде тірілері мүрдені автоматты түрде көміп тастайды. Ғалымдар былай етіп көрді. Өліктің иісін тірі құмырсқаның үстіне жағып, илеудің ортасына тастай салды. Үстінен мәйіттің иісі мүңкіген ол да дән тасып, тынбастан шауып жүр. Басқалары иіскеп көрді де оны бас салды. Анау қарсыласып жатыр. Онымен ешкімнің ісі жоқ. Апарды да тірідей жерлеп жіберді. Бейшара жәндік тырбаңдап топырақтан шықты да қауымға қайта қосылды. Күзетшілері ұстап алып, байғұсты тағы да көміп келді. Үстінен өліктің иісі кеткенше екі жақ арпалыста болды. Көрдің бе түрткі деген сол әне. «Әй, мынау қарсыласып жатыр. Бұл өлмеген. Мына бауырымыз әлі тірі ғой» деп іс-әрекетін ақылмен айырып отырмайды. Тіршілігін механикалық түрде сүре береді. - Адамда бұндай механизм жоқ па? - Бар. Неше атасы бар. Нерв жүйесінің бәрі солай автоматша сартылдап тұр. Ит тіршілік бүлінбес үшін біз де инстинкпен өмір сүреміз. Бірақ ғайыптағы Мәнге талпынып, ғибратты ғұмырды аңсағанда инстинкт адамға көмектеспейді. Яғни «анын істе, мынаны бүйт. Алай етсең тура шығасың» деп іштен ештеңе түртіп тұрмайды. Өйтетін болса Көктен түскен төрт Кітап пен сансыз пайғамбарды Жерге жіберудің мәні қалмас еді. - Неге? - Енді өзің ойла, балам. Адамдар құмырысқа сияқты инстинкпен Құдайға мінсіз құлшылық етіп жүрсе, орта жолдан оларға кітап ендіріп, пайғамбар жолдаудың не жөні бар? Пайғамбар кімге ақыл айтады? Кітапты кім оқиды? - Ноологика осы жерде іске қосыла ма, сонда? - Иә, әңгіме Мән мен Хикметке тірелгенде инстинкт аймағынан шығуға тура келеді. Яғни рухани ядроның барлық қасиеті іске қосылады. Ақыл, айқын сана, бейсана, түпсана, ар-ұят, еркіндік, жауапкершілік, сабыр, сақтық, үміт, түйсік, логика сияқты Болмыстың барлық эпитеттері алдыңғы планға шығады. Бұлардың алдында ірі тапсырма тұр. «Мән қайда? Өмірдің бітпейтін қызығы қайсы?» деген тағдырдың жұмбағын шешуі керек. Таппаса невроз боп, жүрегі ауырады. Ал, егер «Мән жоқ. Оны іздеп те, тауып та керегі жоқ. Бұл ойдан құралған гәп әңгіме» десе түбінде фрустрацияға ұшырайды. - Фрустрация күйреу ме? - Оны былайша түсіндіруге болады. Кейде ыдыстағы сүт ашып кетеді. Оны білмейсің. Қызыл шәй демдеп, оған сүтті қатасың. Ашыған сүт сол заматта іртік-іртік боп бөлшектеніп кетеді. Бастары бірікпей шәйдің бетінде қалқып жүреді. Тағдыр да солай. Асыл мұраттың етегінен ұстап, мағыналы бір іске тәуекел етіп еніп кетпесең, жайнаған ғұмырың сүт сияқты іріп бастайды. Сауықшыл әйелдер мен қатынқұмар еркектер орта жастан асқан соң отбасына ие бола алмайды. Қуыскеуде мылжың еркекке ешкім де бағынбайды. Қатыны қылық шығарып ол кетеді жайына. Баласы сөз қайтарады, қызы жүре тыңдайды, інілері құрдасындай қалжыңдасады, үлкендері басынып сөйлеседі. Іштегі қуысқа тыстағы қорлық осылай жалғанғанда жанын қоярға жер таппай қиналады. Көбі осы кезде ішіп кетеді. Кейі өзіне қол салады. - Да, мынау қызық жаңалық болды маған. - Солай, Шәнжархан! Логотерапияның психоаналитикадан айырмасы осында. Психоаналитик зерттеу жасағанда пенденің бір істі жасауына не түрткі болды деп бейсанасына үңіледі. Және оны шынымен де тауып алады. Ал, экзистенция вакуміне құлап, Мән таппай қапаста жатқан пациентке бұл әдіс жүрмейді. Қалай үңілсең де тағдырын күйреткен түпкі түрткіні таппайсың. - Мұны қалай түсінеміз енді? - Оны анекдотпен оңай түсінесің. Айтпақшы, Шыңғысханның алты бойы Отырарды ала алмау себебін білесің бе? - деді кенет Франк көкем. Серьезно сұрап отыр екен деп қалдым да: - Енді Хорезм Шах қорғанысқа әбден дайындалды. Ас-ауқат қоры мол еді. Халқы жауынгер болды деп лаға бастап едім: - Әй, Шәнжархан, саған не болды? Юмор бар ма сенде? Мен әзілдеп отырмын, - деді профессор. - А, қайдан білейін. Сонда не болды?-дедім сасқалақтап. - Бері қара. Отырарды оңай ала алмаған себебі моңғолдар қаланың қақпасы ішке қарай ашылады деп ойлапты. Сосын бөренемін алты ай бойы қақапасын ішке қарай соққылай берген ғой. Бір күні бір моңғол «қақпа ішке емес, тысқа қарай ашылады» депті. Содан Жошы хан тұтқадан ұстап қақпаны өзіне қарай тартып қалса есік ашық тұр дейді, - деді де Франкл көкем әлгі жерде рақаттанып тұрып ал кеп күлсін. Бүкіл жолаушы бізге қарап қалыпты. Мен түк ұқпай өтірік ыржиып қана отырмын. - Түсінбедім мұның логотерапияға не қатысы бар? Әзілдің хикметі не?- дедім мақау кейіпте. - Ол былай. Мән трансцендентті әлемде жатыр. Яғни ғайыпта тұр. Оны игеру үшін пенде пақыр құндылықтар қақпасын өзіне қарай ашып, көкірегіне құю керек. Құндылық кеудеге толған сайын оның жарығы молайып, сәулесін алысқа шашады. Қай жаққа қадам басарың анық болады. Мән мен Хикмет әлемін құндылықтар жиналған БАҚЫТ қаласы деп алайық. Пайымсыз пенде бұл қаланың есігін сырттан теуіп әуре болады. Қанша тырысса да Бақыттың қақпасы ашылмайды. Бақыт қақпасы тысқа қарай емес, өзіңе қарай ашылады. Бар сыры сол. Тәңірлік әлемдегі сыңсып тұрған құндылықты өзіңе қарай бұр. Себебі адамға азап тарттырып жатқан кеудедегі қуыс қой. Ендеше құндылық оған тыстан кеп құйылады. Ол үшін басқа әлеммен байланысқа түсуге тиіссің. Көп кісі үйінде отырып үрейдің кесірінен тұйықталып қалады. Өзіне ұқсамайтын жұртты жек көреді. Жаңалықтан үркіп тұрады. Танымаған, зерттемеген, білмеген нәрсесі жайлы сыртынан тон пішеді. Кісі осылайша кесел болады. Бұдан құтылу үшін барлық жаңалықты қорықпай сынап, тексеріп, жақсы болса сіңіріп алу керек. Мұның мысалын мұсылмандарға оңай ұқтыруға болады. Сен пайғамбарыңның алғаш уахиын қалай алғанын білесің бе? - Хазреті Мұхамбет ғалеһи саламның ба? - Иә! - Әлбетте білемін. Үңгірде оңаша отырғанда Жебірейіл періште уахи алып келді. Сол күні оның көкірек көзі ашылып, рухани ілімнің иесіне айналды. - Дұрыс айтасың. Пайғамбарға уахи тыстан, Тәңір әлемінен келді. Басында біраз күдіктеніп, әліптің артын бақты. Хаққа көзі жеткен соң уахиды қабыл алып, көңіл қақпасын ілімге айқара ашты. Құран құндылығы тұла бойына тұнып еді, теңдессіз тұлғаға айналды. Үмбеттері де тура солай жүрек көзін ашып, Құран нұрын көкірегіне қондырса, нағыз мұсылман саналады! Ал егер қақпаны ішке қарай ұрғылаған моғолдар сияқты діннің есігін тысқа қарай тебе беретін болса, діни фанатикке айналып, ақырында Сириядағы соғыстан бір ақ шығады. - Расында да мынау тамаша мысал екен. Бұрын ойыма келмепті. Сонда пайғамбардың да ақиқатқа құмарлығы күшті боп тұр ғой иә? - Шәнжархан , бұл жерде құмарлық сөзін байқап қолдану керек. «Діни құмарлық», «Діни қалау» деген дұрыс емес. Танымды тұқыртады бұлар. - Неге? Рухани құмарлығым яки діни қалауым деуге болмай ма? - Десең дей бересің ғой әрине. Бірақ академиялық білімде басқаша мағына береді. Орысша «моральное влечение», «религиозное влечение» деп айтып жатады. Осыған қарсымын. Адамды ішкілікке, есірткіге, секске құмарлықтың іштен жұлқып айдап салғаны сияқты кісіні рухани қадамға бір зат түртпектеп, еріксіз итермелеп тұрмайды. - Неге тұрмайды? - Себебі қисын жоқ. Адамның шешімі, әрекеті, қадамы қандай да бір түрткінің себебінен ойланбай жасалады десек, бізге Тәңірі не үшін сауап жазады? Қандай еңбегіміз сіңіпті? Мысалы бір жақсы істі діни құмарлықпен ойсыз атқардың делік. Ол істе ерлік үлесің қанша? Қандай қиындық көрдің? Бәрі де сенің қатысыңсыз автоматты түрде жүзеге асты. Ендеше марапатты сол автоматты жасап, ішіңе қондырған Құдіретті Қолдың Иесіне беру керек. Дұрыс па? Одан бөлек құмарлық қозғанда физиологиялық тұрғыда сезіп тұрасың. Ал Мәнге шөлдегенде дене-мүшең түк сезбейді. Бірақ алаңдап жүресің. Өзіңе не керегін өзің түсінбей жынды боласың. - Жо, дұрыс қой. Бірақ менің де ниет қалауым болатын шығар енді? Әлде мүлде араласпаймын ба? - О, шымыр сұрақты енді қойдың. Ғайыптағы Мән магнит сияқты бізді қызықтырып өзіне тартады. Осы тұста адамның Еркіндік феномені ең шешуші роль ойнайды. Мысалы көңілде бір Мәнді істің сұлбасы көрінді делік. Яки бір құнды идеяны көріп қызықтың. Осы жерде айуаннан басқарақ жаралғаныңды анық ұғасың. «Осы іске қатыссам ба әлде шет қалсам ба?» деп тербеліске түсесің. Ар-ұят феномені «Дұрысы осы!» деп алдын ала ескертеді. Бірақ еркіңнен тыс жұлқып әкетпейді. Ардың өзі ең бірінші Рухани Ядроның Еркіндік алаңына барып ұлықсат сұрайды. Ең соңғы бұйрықты ЕРКІНДІК феномені береді! Яғни Ерік қалауың «иә, мен бұл іске араласамын. Мына құндылықты игергім келеді» деп соңғы шешімін айтады. Сосын барып денеде әрекет көрінеді. Тәңірім адамды осы қабылдаған шешімінің Мәні мен сапасына қарай сауап жазады десек ақылға қонады. Ірі іске ерікті түрде араласқан сайын, адамның Құдай алдындағы абыройы да арта бермек. - О, міне әңгіме қайда жатыр! Мына сөзден соң әулие болсам деген құмарлығым оянған сияқты. - Әй, баламысың деген. Әлі де көп шикісің, Шәнжархан! Көңіліңе келмесін. Бір нәрсені қаттырақ ескертемін. - Ал ескертіңіз, - дедім сәл-пәл қызарақтап. - Әулие болсам деген құмарлық болмауы керек. Құмарлықтың түбі инстинкт болады. Оны айттым. Әр қадамды ерікті шешім қабылдап барып жасаймыз. Мысалы, нәпсінің бір құмарлығы оянып, ақырындап күшейеді. Қалауын берсең рақатқа батып, біраз уақыт тыншиды. Сәлден соң араны қайта ашылады. Еркіндік рычагы осы сезімді шектен шығармауға міндетті. Ал, ақылды тұлға «рухани құмарлығымды өтеп жүрмін» деп құлшылық етпейді, біреуге жақсылық жасамайды. Ол өзінің Мәнді деп тапқан сүйікті ісін саналы түрде махаббатпен атқарады. «Ар ұяттың айнасы боламын» деп армандауға әсте болмайды. Бұл өте қауіпті арман! - Неге? - Себебі арсыз, ұятсыз, өзіне сенімсіз ұсақ типтер ғана елге уағыз айтып, минбардан мораль оқуға құмар болады. Жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы арсыз амалдарын байқатпас үшін дін лидерінің оқалы шапанын киіп алады. Оқалы шапан жалт-жұлт етіп, ақылды адастырады. Осылайша арсыздар үкіметтің саяси ойындарына араласып, түбінде фарисей типіне айналады. Фарисейдің кім екенін білесің бе? - Жоқ. - Құдыс шаһарында Ғайса пайғамбарды Понти Пилатқа ұстап берген діншілдер. Олар Римнің чиновниктерімен ауыз жаласып, хақ пайғамбарды асып өлтірді. Сайқал саясатшылар фарисейлерді әманда мүддесіне шебер қолданған. Әлі де солай. Мән іздеуші момындар фарисейлер жамағатынан аулақ жүреді. Ізгі жандар «менің арым таза. Дінді, имандылықты менен ғана үйреніңдер. Сонда ғана адаспайсыңдар» деп өзіне жарнама жасамайы. Олар мағыналы іспен тыныш қана шұғылданып, ел ішінде жүре береді. - Бірақ біз әулие деп әспеттейтін адамдар бар ғой. Біздің ұлы далада әулие атанған мыңдаған Атаның моласы бар. Ол қалай? - Олар мақсатты түрде әулие боламын демейді. Олар елдің табанына топырақ болып, мақтау, марапат күтпей риясыз еңбек еткен ЕРЛЕР! Олардың ісіне қарап елі ӘУЛИЕ деп құрметтейді. Тірісінде батасын алады. Өлсе рухынан медет тілейді. Бары сол.

- Бірақ дұрыс ниетпен мешітке барып, құлшылық қылатын кісілерді де танимын. Оларды нашар тип деп айтпас едім. Оған не дисіз? - Иә, білем. Олар әрі кеткенде перфекционист болады. Одан әрі рухани өспейді. Тірлігі сағаттай жүріп тұрады. Мінезі жайлы, жайдарлы. Артық сөзі жоқ. Тапсырған ісіңді оңымен орындайды. Мінәжатын мінсіз атқарады. - Бұ типтің несі жаман? - Жаман емес, олар да жақсы. Қоғамға игі әсері мол болады. - Енді? - Айтпағым мынау. Өркениет тудырып, мәденитке жан бітіріп, қоғамды локомотив сияқты сүйреуші мұзжарғыш тұлғалар перфекционистерден шықпайды. Адамзатты жаңа белеске көтеретін батырлар – Ұлы Мәнге талпынған тау тұлғалар! Тозығы жеткенде ескі ережені бұзып, қоғамға жаңалықты қорықпай ендіре алады. «Қалыпты бұзсам ел өсектеп, түтіп жейді» деп былқылдамайды. «Жұмадан қалмай, құлшылығымды қылып, зікірімді айтып, оразамды ұстап, садақамды беріп, түп-түзу тыныш жүрсем кәміл мұсылман боламын» деп дәметпе. Мінсіз моральдық иммиджимді жасаймын деп мешіт күзетіп жүргеніңде, фарисейге айналып кеткеніңді сезбей қаласың. Сондықтан «ар ұяттың айнасы боламын» деп рухани транквилизатор ішпей-ақ қой. - Рухани транквилизатор деген не? - Ар-ұятты ұйықтатып тастайтын рухани дәрі деген сөз. «Мән іздейік. Монотонды өмірден жалықтым. Уақыт кетіп жатыр. Ғибратты із қалдырайық» деп ар-ожданың мазалап бастағанда «мешітке барып жүрмін ғой. Бұдан артық не керек?» деп өзіңді өтірік жұбату. Мән тіршілікте тұтас боп тұрмайды. Тағдыр толқынында тізбектеліп құралады. Өмір бізге күн сайын жаңа Мәнді ұсынады. Қалай да қағып түсуің керек. Қиқымдап жиналған өнегелі оқиғалар өмірдің соңына қарай монолитті тұтас Мәнді сомдап шығады. Құрғақ құлшылықпен қалғып кеткен ар-ұят Мән атаулыдан мақұрым қалады. Өмір шіркін зая кетті деген сол әне!-деп Франк көкем бір күрсініп алды. Сұхбаттың түйіні маған шок болды. «Рухани транквилизатор» ішіп жүрсің дегені сәл ауырлау тиді. Асқақтаған көңілім пәс тартып, сүмірейіп шөгіп қалдым. Сол сәтте көкжиектен доп-домалақ боп апельсин түстес Күн де көрініп бастады. Жер үсті қызылсары ғажап бір реңге боялды. Аспан астына алтын төсеп тастаған дерсің. Таңғажайып панорама екі көзді суыра жаздап әрең тұр. Франкл көкемнің қос жанары қызыл Күнге қадалды да қалды. Арайлап атқан таңға қарап арбалып отыр. Маған жүзін бұрмастан: - Міне, Шәнжархан, сезім құндылығы деген осы болады. Қарашы ана таң нұрының арайына. Тәңірден басқа кім жасай алады мынадай таңғажайып тамашаны, - деп сөйлеп отыр еді, кенет екі құлағым шытыр-шытыр етіп бітелді де қалды. Кәдімгі тасқұлақ керең болдым да қалдым. Профессор аузы жыбырлап сөйлеп отыр. Ештеңе естімеймін. «Мұнысы несі?» деп шошып кеттім. Сол кезде біреу жұлқып оятты. Көзімді ашсам стюардесса екен. Кәмпит толы тостақты алдыма тосып: - Аға, қонғалы жатырмыз. Кәмпиттен алыңыз, әйтпесе құлағыңыз бітіп қалады. Сосын терезені ашып қойыңыз. Тәртібі солай, - деді. Бүкіл оқиғаның түс екенін сонда ғана түсініп есімді жидым. Бір барбаристі аузыма салып, терезені ашып қалсам көкжиектен әбден піскен апельсин құсап Күн дискісі көтеріліп келе жатыр екен. Қып қызыл арайға қарап арбалып отырдым да қалдым.

Санжар Керімбай

1
0
2260

Еще по теме

Оныншы түс - Yvision.kz