ОН ЖЫЛДАН БЕРІ ОЙЛАНЫП ОТЫРМЫЗ

Елдегі демографиялық дүмпудің дүрк көтерілгеніне қарамастан кейінгі 10 жылда 4 облыста халық өсімі күрт төмендеп бара жатыр.
Әсіресе, Солтүстік Қазақстанда аталған мерзімде тұрғындардың саны 100 мыңға кемігені қатты байқалады. Ал Шығыс Қазақстанда – 60 мыңға, Қостанайда – 35 мыңға, Ақмола облысында 15 мыңға дейін азайған. Мұның салдарынан мыңдаған ауылдар қаңырап қалып, жүздеген мектептер жабылып жатыр. Сонда он жыл бойына осы жағымсыз үдерісті үнсіз ғана бақылап отырмыз ба?! Жылыстап кеткен жүзмыңдаған жұрттың «жоғын жоқтамай», орнын толтырмай жайылып жатқанымыз қалай?!
– Мәселен, соңғы бес жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам мектеп оқитын оқушының жоқтығынан жұмысын тоқтатып отыр. Демек, бұл жүздеген елді мекендегі тіршіліктің тоқтағанының белгісі, – дейді кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. – Осыған орай, Мәжілістің жақында ашылған төртінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға тездетіп бірнеше заң жобасын қарауды тапсырды. Әрине, оның бірі де бірегейі – халықтың көші-қонына қатысты құжат. Сараптап қараңыз, тұрғындардың біркелкі емес, көшіп-қонуының салдары-нан Қазақстанның жекелеген өңірлерінде экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың кемуі, жұмыс күшінің тапшылығы, мектептердің жабылуы және соның салдарынан елдімекендердің жойылуы, ауылшаруашылығы құрылымдарының азаюы сияқты мәселелерді туындатып, жалпы, өңірлердің, кәсіпкерліктің және шаруашылық қызметтің дамуына теріс әсер етуде. Сондықтан да сырттан келетін қандастар мен ішкі көші-қонды тұрғындары азайған аймақтарға бұру мен оларды орналастыруға мүмкіндік беретін шарттарды заңға қосуды жоспарлап жатырмыз. (жалғасы мұнда: mtdi.kz)
