ОН ОЙЫЛДЫҚ ӨТІНІМ БЕРДІ
Кешеден бері «Nur Otan» партиясының праймеризіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңі басталған болатын. Аудан бойынша ең бірінші болып үш Ойылдық праймеризге қатысуға ниет білдірді. 30 жастағы Құлмұханов Медеттің де үлкен мақсаты бар. Алға қойған мақсаттарына жету жолында тыңбай еңбек етуде. 2014 жылы Ойыл қазақ орта мектебінде тарих пәні мұғалімінен бастап, ауданымыздың әр саласында Жастар ресурстық орталығында директорлық қызметте болды. Қазіргі уақытта Ойыл аудандық "Ш.Берсиев атындағы өнер және тарихи өлкетану музейінде" бас маман болып жұмыс жасап жатыр. - Мен партия мүшесі болғаныма қуаныштымын. Биыл партия көшбасшыларының бірі болуды және аймағымызды дамытуға өз үлесімді қосуға жоспарлар құрып отырмын. Жастарға праймеризге белсенді қатысуға кеңес берер едім, - деп өз ойымен бөлісті Медет. Алғашқы үш үміткердің ішінде ауыл тұрғындары да бар. Олар - Оразғалиев Қайрат пен Жайлыбаев Мінсізбай. 52 жастағы Оразғалиев Қайратта жерлестеріне жақсы үлгі көрсетіп жүр. Ол қоғамдық жұмыста үлкен тәжірибесі бар партия мүшесі. Қазіргі таңда, Қараой ауылына қарасты Жақсыбайкөл елді-мекенінде "Теңдік" ШҚ төрағасы. - Мен праймеризге қатысып, өз бағымды сынап көруге бел будым - деп атап өтті кандидат. Тағы бір ниет білдірген үміткеріміз 59 жастағы Жайлыбаев Мінсізбай. Ойыл селосына қарасты Ақшатау елді-мекеніндегі Ақшатау негізгі мектебінде мұғалімдік қызметте. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Мінсізбай ағайда партиямыздың белсенді мүшелерінің бірі. Мінсізбай ағайдың шәкірттері облыстық, республикалық, әлемдік деңгейге көтерілген спорт шеберлері. Кандидаттардың өтініштерін қабылдау енді ғана басталды, бірақ қабылдаудың алғашқы сағаттарында ақ ниет білдіргендер саны аз емес.
