ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ПОРТУГАЛИЯДА БІЛІМ БЕРУДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАЙЛЫ ИДЕЯЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ
Лиссабонда өткен Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының (ЭӘДҰ) мәжілісінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары білім берудің болашағы жайлы идеяларымен бөлісті.
Еліміз Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының «Білім-2030» атты жобасы аясында өтетін дәстүрлі жиынға үшінші рет қатысып отыр. Бұл жолы ЭӘДҰ жұмысшы тобының отырысы Португалия астанасында өтті. Оған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да шақырылған.
Балалар «Білім-2030» жобасының «Оқушы дауысы» атты жаңа бағыты аясында ұйымдастырылған шараға тұңғыш рет қатысып отыр.
«ЭӘДҰ әр ел өкілдерінің білім беру саласындағы мәселелері бойынша пікір алмасып, ойларын ортаға салатын ашық кеңес алаңы іспетті. Барлық елдердің беталысы бір екенін айта кеткім келеді. Толғандыратын мәселе де ортақ» – дейді шараға қатысқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ Білім беру бағдарламалар орталығының директоры Жанар Абдильдина.
Бүгінде мектеп қабырғасында білім берудегі негізгі мәселе ретінде қоғамның даму қарқынына оқулықтарды ыңғайлап үлгеру мүмкін болмай тұрғанын айтуға болады. Заманның көшіне ілесуге тырысу мектеп бағдарламаларының шамадан тыс ауырлап кетуіне алып келеді.
«Мысалы, Оңтүстік Кореяда оқушылардың сабақ кестесі өте тығыз. Корей еліндегі қатарластарымыз аптасына алты күн сабақ оқып, кейде жексенбі күндері де мектепте жүреді екен. Әрі сабақ таңнан басталып, кешкі бес-алтылар шамасында бітеді. Бұдан кейін де мектепте қосымша сабақтары бар болып шықты», – дейді Лиссабонда болып қайтқан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Дияр Сапаров.
Лиссабонда өткен жұмысшы тобының бұл отырысы ерекше, бейресми түрде ұйымдастырылған. Әлемнің 28 елінен келген оқушыларға мектептегі білім беру саласын сипаттап беру сұралды. Оның ішінде «мектеп дегенде көз алдарыңа қандай жануар елестейді?» – деген сияқты ойға келмейтін сұрақтар да болды.
«Мен қар барысы деп жауап бердім. Бұл жыртқыштың бойында қиын-қыстау кезеңнен жол тауып шығарда керек барлық қасиеттер бар. Мектеп те дәл сондай болуы керек. Бізді шыңдап, жас түлек емес, тас түлек етіп ұшыруы керек», – дейді конференцияға қатысқан НЗМ мектебінің оқушысы Диас Абдишев.
Ұйым мәжілісіне қатысқан оқушылар мектептің болашағы жайлы да бірқатар сұрақтарға жауап берді. Ол сұрақтардың біразы ұстаздарға да қатысты. Сауалнама нәтижесінде жас өскіндер ұстаздарының ашы-жарқын әрі тіл табысқыш, көпшіл болғанын қалайтыны анықталды.
Әсіресе, мектеп бағдарламасын өзгертуде оқушылардың алып-қосар пікірлері мен нақты ұсыныстары қызықты болып шықты. Біздің балалардың ұсыныстарының бірі Экономикалық әріптестік пен даму ұйымы өкілдерін қатты елеңдетіп қойды.
«Бұл ұсыныс емтиханнан кейінгі «рефлексия» жайында болды. Яғни, емтиханнан соң оқушы сынақтың қаншалықты қиын болғаны, тапсырманы қаншалықты дұрыс шешкені, неге назар аудару керектігі сияқты әсерімен барынша бөліседі. Тағы бір ұсыныс – жаңа пәннің енгізілуі жайында. Қосылатын пән бағдарламасы мектеп қабырғасында үлкен өмірге дайындау, кейін алдарынан кездесетін жағдайларға дайын болуды қамтуы керек. Сабақ барысында оларға коммуналдық есепті төлеу, түрлі өтініштерді толтыру, несие алуға құжат жинау т.б қызметтер түсіндірілетін болады», – дейді НЗМ оқушысы Арманжан Мұратбаев.
«Білім-2030» жобасы жаһандану дәуірінде тиімді қызмет көрсете алатын «жаңа буын мектебін» құруға бағытталған. Біздің ел Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының Білім беру жөніндегі комитетіне аталған саладағы белсенді реформаларының арқасында шақырту алған. Атап айтқанда, үш тілде білім беру саясаты, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу және т.б. Осылайша, Қазақстан аталған комитеттің ТМД бойынша тұңғыш мүшесі болып отыр.
