«NUR OTAN»: ТҮРКІСТАННЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНА ЖАУАПТЫ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында 8 Наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесіне орай, бір топ көпбалалы анаға құрмет көрсетілді. Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен мерекелік жиында таңнан кешке дейін Түркістан қаласын абаттандырумен, тазалаумен айналысатын «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің 15 қызметкері марапатталды. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев еңбекқор аналарды мерекесімен құттықтады.
«8 Наурыз – ардақты аналарымыздың, қарындастармыз бен жеңгелеріміздің, қызғалдақтай қыздарымыздың шуақты мерекесі. Осы мейрамға орай, Түркістан қаласының гүлденуіне шынайы үлесін қосып жүрген нағыз еңбекқор, көпбалалы аналарымызды арнайы шақырып, марапаттауды жөн көрдік. Сіздердің жаңа Түркістанды дамыту бағытындағы еңбектеріңіз ерен. Түркістан облысы бала туу саны бойынша республикада көш бастап тұр. Бүгінде өңірімізде 98 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Былтыр «Біргеміз» қоры арқылы партияның ықпалымен 38907 отбасына бір реттік ақшалай көмек берілді. Олардың басым бөлігі – көбалалы аналар. «Nur Otan» партиясы «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы аналарды қолдауды жалғастыра береді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін!», – деген Б.Дәулетұлы көпбалалы аналарға алғыс хат пен сый-сияпат тапсырды.
Таңғы 7 болмай жатып жұмысқа шығып, кешке дейін қала көшелерін, тұрғын үй аулаларын сыпырып-тазалайтын бұл аналар жұмыспен қатар ұрпақ тәрбиесімен де айналысып отыр. Қиындыққа мойымай, елге адал еңбек етіп жүрген қала партриоттары партия басшылығына ризашылықтарын білдіріп, Түркістанымызды, жалпы облысты таза ұстауға, экологиялық сауатты болуға шақырды.
«Барша қыз-келіншектерді келе жатқан мерекемен құттықтаймыз. Қаланың, ауылдың тазалығына әр адам жауапты екенін білуі тиіс. Туған жерді қадірлейік, көшені таза ұстайық. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын», – дейді түркістандық көпбалалы аналар.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі