«NUR OTAN» ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ
Облыстық мәслихат депутатына кандидаттар: Жұлдыз Мұхамбетқалиқызы, Нури Тумышев, Қалым Дербисов, Сарсен Қырымқұлов сайлауалды бағдарламамен таныстырды.
Партияның сайлауалды бағдарламасы 5 жылдық жұмысты қамтиды. Ауданда 7 басым бағыт бойынша іс-шаралардың жоспары жасақталған. Жаңа жұмыс орындары құрылады. Құрық пен Құланды ауылдарында 2 малшаруашылығы базасы, Жетібайда 2 жел электр стансасы, оған қоса ауданда көкөніс сақтау қоймасы, банка өндіру цехы, жүн өңдейтін цех салынады. 2021 жылы Жетібайда 2 мың м3 су тұщыту стансасы, 2023 жылы «Кендірлі» демалыс аумағынан 50 м3 болатын су тұщыту зауыты салынады. Зауыт Жаңаөзен халқын ауыз сумен қамтиды.
Бұдан бөлек аудан бойынша спорттық ғимараттар бой көтереді. Күрес пен боксқа арналған спорт зал, футбол мен жеңіл атлетиканы дамытуға арналған стадион, спорт кешені, футбол алаңдары салынады. Ауданға қарасты ауылдарда 7 «Workout» және спорт алаңдары орналасады.
Мұнайшылар байланысқа шыққан кандидаттардың жұмысына сәттілік тіледі.
