Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

#Ностальжи1

Жоғарғы сыныптарды мен Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқыдым.

Сол кезде, әсіресе, «қазақ тілі», «қазақ әдебиеті» деген пәндерге қызығушылығым артқан еді. Иә, барлығы мұғалімге байланысты. Ал жақсы көретін «математикама» күн санап «жатырқай» бастағаным бар. Бірақ әңгіме онда емес. Алтынсарин атындағы мектепте қазақ тілі пәнінен  Гүлмира Мұхамеджанқызы деген апайымыз сабақ беретін. Әдеттегідей, Гүлмира апай дейтінбіз. Қазір қарап отырсам, сол уақытта ол отызға да толмаған сияқты. Қалай болғанда да 80 пайызынан астамы ауылдан келген балалар оқитын мектепте бұл үйреншікті жағдай еді.

Сол апайымыздың энергиясы мықты болатын. Құдай, бір шаршағанын көрмейсің ғой. Аққұба, сүйкімді келіншек, сонымен қатар өте білімді. Жас болса да, әсіре пысық-тұғын. Бір сыныпта отыз бала отырамыз, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын. Орнымен қатал. Сабақ барысында қандай кітап оқығанымызды сұрап отыратын. Біз қайбір жөнді жарытып кітап оқыдық дейсің? Кітаптың қадірін, бардың қадірін кезінде білмеу ­­­- қалыпты дүние ғой. Сол себепті көбінесе ұрыс еститінбіз. Ұрысқанының нобайы былай болатын:

«Сендер неге Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін» оқымайсыңдар? Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романын ше? Не бітіріп жүрсіңдер? «Қараш-қараш оқиғасын» оқып келіңдер дегенім қайда? «Абай жолын» кім бастады?»,- деп бағдарлама бойынша оқуға міндетті кітаптардың тізімін авторымен қоса атап отырып, әрбіреуіміздің көзіне тіктене қарайтын. Біз жауапсыздығымыз бен салғырттығымызды мойындап, екі бетіміз қызарып, ұяла төмен шұқшиятынбыз.

Жанарымызды жоғары көтере алмай, «Қап бәлі, енді оқып келмесем!», «Бүгіннен бастаймын, олләхи!» деп ішімізден өзімізбен өзіміз серт байласып, «жеңімізді түріп, кірісіп кетуге» сөз беріп отыратын едік. Бірақ сабақтан шыға бере, серт те, апайдың ұрысқаны да, осы қазірде тығылатын тесік таппай, томсырайып отырған жағдайымыз да мүлдем болмағандай, ұмытылып кете беретін.

Ияхууу! Қоңырау! Үзіліс! Келесі сабақ не еді? Үй жұмысын істедің бе? Менімен бірге барып келш, үлгіреміз бе? – көңіл еріксіз басқа нәрселерге ауып кететін.

Қолыма апайым оқуға кеңес қылған кітаптар түсе қалса, сол бір жасөспірімдіктің енжарлығы еске түседі. Тым беймарал, айтқан ақылға немқұрайлы қараған ұқыпсыздығым үшін ұялып кетемін. «Бәйгеден ат келмейді, бап келеді» деп  ескерткені қажетті «жерге» енді «жеткендей» болады.

Айтпақшы, «Абай жолын» тағы бір мәрте оқып шығуға бел байладым. Алғашқы томын аяқтадым.  Ол туралы кейін айта жатармын. Кітап оқиық! Уақытты босқа зая ысырап етпейік! Бай-қуатты болайық!

 
0
0
745

Еще по теме

#Ностальжи1 - Yvision.kz