Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

“НЕЙТРОН” ЗЕРТХАНАСЫ: ҒЫЛЫМДЫ ҚЫЗЫҚТЫ ЕТУГЕ БОЛАДЫ

Педагог қызметкерлердің тамыз мәжілісінде “Нейтрон” қызықты ғылымдар зертханасы” стартап-жобасы ұсынылды. Әділет Елеуісов пен оның командасы жасаған интерактивті құрылғы күрделі физикалық және химиялық процестерді қарапайым тілмен түсіндіреді, ол тіпті мектепке жаңа барған балаларға да түсінікті. 

EduTech атты білім саласындағы стартап-жобалар конкурсы жаңа оқу жылының басталуына серпін беретін дәстүрлі кәсіби жиын – республикалық мұғалімдер мәжілісі шеңберінде өткен болатын. Білім және ғылым министрлігімен бірге бұл конкурсты ұйымдастырған құрылтайшылар қатарында “Болашақ” қауымдастығы мен Қазақстанның “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар. EduTech финалистері 22 тамыз күні Астанадағы ЭКСПО-2017 павильонында өткен жалпы жиналыста жарияланды. Отырыс барысында бизнес бастамалардың жобасынан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы таратылатын бейнероликтер мен мобильді қосымшалар да көрсетілді. Мәжіліс соңында білім беру саласындағы жетістіктер көрмесі өтті. 

EduTech конкурсына “Нейтрон” қызықты ғылымдар зертханасы” сынды креатив жоба ұсынған Әділет Елеуісов бұрын да білім беру мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген жандардың бірі. Әділеттің командасы жасаған ерекше көрнекі оқу құралын бүгінде Астанадағы №73 мектеп-лицей оқушылары ұтымды пайдалануда. Ал Әділеттің өзі “Нейтрон” сынды интерактивті құрылғымен жұмыс істеу физика, химия секілді пәндерді қызықты шоуға айналдыратынына кәміл сенеді. 

ФИЗИКАЛЫҚ ЭКСКУРСИЯ ЖӘНЕ ХИМИЯЛЫҚ ШОУ 

“Қызықты зертхана” – балалардың ғылыми музейі іспетті, оның Астана қаласында жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты. “Нейтронның” мақсатты аудиториясы – 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар. Бүгінде интерактив экспонаттар жалға алынған 157 шаршы метр жерге орналастырылған, Әділет материалды бұлайша беру мектепке әлі бармаған балаларға да, жоғары сынып оқушыларына да ақпаратты дұрыс игеруге мүмкіндік береді деп есептейді. Кәсіпкердің бұл идеясының жүзеге асуына Startup Bolashak конкурсындағы жеңісі себепкер болған. Енді автор концепциясын әрі қарай жетілдіріп, бұл жаңалықтың барша қазақстандық оқушылар үшін қолжетімді болуы бағытында жұмыс істемек. 

“Нейтрон” бағдарламасы физика пәнінен бір сағаттық ғылыми-танымдық экскурсиядан және 40 минутқа созылатын екі “химиялық шоудан” тұрады, олардың бірі “Нөлден төмен” деп аталады (сұйық азоттың қасиеттеріне негізделген), екіншісі – “Табиғаттың сыйы” (ұнтақ түріндегі түрлі реактивтерді пайдалану арқылы жасалады). Сондай-ақ, “Қызықты зертхана” мектеп оқушыларына 20 минуттық ғылыми шеберлік сабақтарын ұсынады. “Бүгінгі таңда ғылыми экскурсиялар мен шоу – біздің негізгі бағытымыз, – дейді Әділет. – Ашылғаннан бері оны 1700 адам тамашалады. “Нейтронда” барлығы 3500 бала болды. Ал әлеуметтік желідегі жазылушылар саны 13 мың”. 

ІРГЕЛІ ҒЫЛЫМДАРДАН БАСТАП РОБОТОТЕХНИКАҒА ДЕЙІН 

“Ғылымдар зертханасының” басты міндеті – күрделі процестерді көрнекі мысалдармен түсіндіру. Мәселен, Тесла жібін пайдалана отырып, найзағайдың қалай пайда болатынын интерактив түрінде көрсетеміз. Оқу құралы ретінде арка түріндегі көпірді пайдалана отырып, үйкеліс секілді физикалық құбылыстың мәнін түсіндіреміз. “Біз физикамен және химиямен айналысамыз, өйткені бұл іргелі ғылымдар зерттейтін процестерді түсіну STEM білімге мықты негіз қалайды. STEM робот техникасымен айналысуға мол мүмкіндік береді, ал робототехника – ең болашағы зор сала”, – деп түсіндірді Әділет Елеуісов жобаның концепциясын. 

STEM – ағылшын тіліндегі қысқарған сөз, Science, Technology, Engineering, Math (ғылым, технология, инженерлік іс, математика) деген сөздерден тұрады. Әділет болашақ робот жасаушыларды білім берудің дәл осы бағыттары бойынша тәрбиелеуге болады деп есептейді, өйткені бұл инновациялық ойлауды дамытады. Алайда, мұның бәрі әзірге жоспар ғана. Ал қазірге “Нейтронның” білім беруге қосып отырған үлесі ретінде зертхана қызметкері Әнуар Шаймергенов жасайтын интерактив экспонаттарды айтуға болады. “Ол қолданбалы өнердің кәнігі шебері, – дейді Әділет. – Батыс елдерінде шыққан мұндай көрнекі құралдардың бағасы миллиондаған теңге”. 

ӘР МЕКТЕПКЕ – ҒЫЛЫМИ МУЗЕЙ 

“Қызықты зертхана” үшін Әнуар 26 экспонат дайындаған. Тағы 10 экспонат жоғарыда аталған мектеп-лицей тапсырысымен жасалған. “Нейтрон” қызметкерлерінің арманы – осындай аэродинамикалық құбырлармен, электромагнитті құралдармен және ғылыми басқатырғылармен республика мектептерін тегіс қамту. “Біз шетелдік ғылыми музейлерге таңдай қаға қараймыз, мұндай музейлер қазақстандық мектептерде де пайда болуы мүмкін екенін ойлай бермейміз”, – дейді Әділет Елеуісов. Әлбетте, мемлекеттің қолдауынсыз алға жылжу қиын. Алайда, құрылғылардың бағасы аса қымбат болмағандықтан, мемлекеттің көмегіне иек артуға әбден болады. 

“Австриялық Hüttinger фирмасының жабдықтары “Оқушылар сарайына” қойылған болатын, олар “Нейтрон” жабдықтарынан әлдеқайда қымбат. Мәселен, олардың Бернулли құбыры 2 миллион теңге тұрса, одан еш кемдігі жоқ біздің өнім 700 мың тұрады”, – дейді Әділет. Салыстыру үшін айта кетсек, басқа музейлерде балаларға арналған осындай ғылыми экскурсияның бағасы 5700 теңге болса, “Нейтронда” – 1900. “Егер “Нейтрон” әлеуметтік бизнес жоба болса, бағаны бұдан да төмендетуге болады, – дейді Әділет Елеуісов. – Ол үшін, мәселен, мемлекеттің иелігіндегі ғимаратқа орналассақ жақсы болар еді”. “Қызықты зертхана” ұжымына физика, химия секілді күрделі ғылымдарды барша қазақстандық оқушы үшін қолжетімді әрі қызықты етіп жасауды тілейміз!

0
0
844

Еще по теме