ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
7 маусым күні аудан әкімі Альберт Есалиев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Қатимолла Бердіғалиев пен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетовты қабылдады. Өнер майталмандарымен жүздескен аудан басшысы ауданымыздағы өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асып жатқан жобаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ қабылдауда аудандық мәдениет үйі жанындағы «Қос алқа» фольклорлық ансамбльіне әдістемелік көмектің қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқандығы баяндалды. Қабылдау барысында аталған ансамбль жұмысының оң нәтижеге ие болуы үшін бірқатар ұсыныстар да айтылды. Альберт Темірболатұлы айтылған ұсыныстардың назарда болатындығын айтып, өнер майталмандарына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
