НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАНДЫ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ БАСҚАРУҒА БЕРМЕК
Қазақстан билігі мемлекетті басқаруға, түрлі салаларды дамытуға дәрменсіз. Отандық мамандардың жоқтығынан, енді ұлттық компанияларымыздың басшылығында шетелдік келімсек отырса, таң қалмаңыз. Назарбаев саясатының күлі неге көкке ұшты? Жақын арада тәуелсіздіктен айырылуымыз мүмкін бе?
Бұған дейін Қазақстанды дамытуды шетелдіктердің қолына беру туралы өткен жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан еді.
Толығымен: http://janaozen.net/bzd-zaman/nazarbaev-azastandy-sheteldkterge-basarua-bermek.html?lang=kz
«Ең үздік адамдарды біздің компанияларды басқаруға шақыру керек. Мұны Air Astana-ға басшылығына шетелдікті тағайындадық, міне осылай секілді жасауымыз керек. Меніңше, бұл компания өз саласында ең үздіктердің бірі. «Назарбаев университетін» жапониялық адамы басқарады, онда да бәрі қалыпты. Бұдан еш қысылудың қажеті жоқ, мұндай қадамды бәрі де жасаған. Бізді бұған оқытпаса, біз не істей аламыз? Біздің оқытуға уақытымыз жоқ, бізге қазір алдыға қарай қимылдау керек», - деді президент.
Әлбетте, еліміз шетелден үлгі алып, тәжірибе алмасуы қажет. Өйткені, Қазақстан 20 жылда асуы тиіс асуларды аса алып, белестерін бағындыра алмады. Дегенмен, бұл ел тізгінін шетелдік келімсектерге беру деген сөз бе? Әлем таныған, бағалаған, өзінде EXPO-ны өткізетін, Назарбаев деп білетін Қазақстан қайда? Неліктен, елдегі жағдайды күйреткен билік өз кінәсін мойындамайды? Президенттің шетелдіктерді әкелуге қысылмауды сұраған кезінде, неге ол мемлекет басшысы ретінде Қазақстанды дағдарысқа ұшыратуға себепкер болған екенін айтуға қысылады? Биліктің дәрменсіздігі неге әкелуі мүмкін?
Біріншіден, президенттің отандық кадрларды дайындау идеясы толығымен сәтсіздікке ұшырады. Осы тұста «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің сөзіне назар аударсақ. Ол: «Біз шетелдік мамандар үлесін бизнес пен логистика бағытын дамытуда, әуежай, химия саласы, жаңа нарықтарды ашу үшін энергетика мен байланыс салаларында күшейткіміз келеді. Сонымен бірге тұрақты даму мен басқару саласында, қаржылық бақылау мен есепте, тәуекелділікті басқару да шетелдік мамандар қажет»деп сабақтады. Шөкеевтің бұл сөзі еліміздің енді ештеңеге қауқары жоқ екенінің белгісі. Бүгінгі биліктің масқарасы! Өйткені Шөкеев Қазақстанның барлық дерлік саласын тізіп берді. Бұл кадрлық тоқырау емес пе? Шетелдіктерді шақырғанша, билік халық алдында өзінің таратылатынын айтқаны неғұрлым орынды емес пе? Қазақстан үшін ең маңызды салаларында кадрлардың жетіспеуіне жауапты Назарбаевтың «Болашағы» неге бұлыңғыр?
Президент бағдарламасының нәтижесін неге осы күнге дейін көре алмадық? «Болашақ» бағдарламасы орталығы әкімшілігінің есебі бойынша, 2012 жылы 4010 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген. Соның әрбір алтыншысы жұмысқа орналаспаған. Сол төрт мыңнан 400-іде ел басқаруға, әртүрлі салаларды дамытуға қабілетсіз, ақылдарының жетпегені ме? Демек, жастарға салынған қаражат өзін-өзі ақтамады. Себебі, билік басындағылар о баста ел болашағын ойлаған да емес. Сол болашақтықтардың көпшілігі бай-шенділердің, министр-әкімдердің балалары. Қазір ол балалардың мемлекет үшін тер төгіп еңбек етіп жүргеніне сену қиын. Бас-басына би болып, жылы кабинетте отыр...
Сонымен бірге, үкіметте ешқандай анық стратегия да жоқ. Егер, «Қазақстан - 2030» бағдарламасы іске асса, онда қазіргідей кадрлар коллапсы болмас еді. Демек, бұл жағдайлардан соң, «Жұмыспен қамту - 2020», «Үдемелі индустриалық-инновациялық бағдарлама», «Қазақстан - 2050» стратегиясы құр бос сөз ғана. Сондықтан да, шетелдік мамандарды шақыртуға құмар болып отырған Өмірзақ Шөкеевтен бастағани шенділер отставкаға кетулері тиіс.
Екіншіден, 20 жылда 20 сапалы маманды даярлауға миы жетпеген опасыз билік шетелдік мамандарды ең жоғары билік төріне отырғызбақшы және бұл үшін ұялмайды да. Олар «қасқырға қанша асырағаныңмен, бәрібір орманыға қарап ұлитынын» ұмытқан секілді. Сондықтан ешбір шетелдік келімсек Қазақстан үшін, оның халқы үшін адал еңбек етпейтіні анық. Міне осындай тұлғаларға біздің үкімет еліміздің ұлттық мүдделері, оның құпиялары қорғалуы тиіс ұлттық компания-корпорацияларды басқаруға бермекші. Тіпті қазір де басқаруда. Мысалы, бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма директоры ағылшын Питер Хауз, сонымен қатар, президентке кеңес бергені үшін 16 млн.фунт стерлинг алатын Тони Блэрда бар. Олардың аты бар болғанымен, істеген істері жөнінде еш мәлімет жоқ. Сыртқы саясатта өз мүддесін қорғай алмайтын билік, енді елдің ішіндегі бар билікті шетелдіктерге ұстатуы қазақ елінің тәуелсіздігінен айырылуы болып табылады. Шетелдіктің Қазақстанның ұлттық мүдделерін, ішкі құпияларын білуі, елдің басты саясатын жүргізуге араласатыны билікті еш алаңдатып отырмаған секілді. Әрине, мұнайдың жартысынан астамын Қытайға, Байқоңырды Ресейге берген билік нені алаңдасын?! Демек, бүгінгі билікке қазақ тәуелсіздігінің құны бес тиын болғаны.
Үшіншіден, Қазақстан билігі сияқты шетелдіктерді ел басқаруға ашық түрде шақырған мемлекет бар ма? Тіпті, біз менсінбейтін қырғыз бен өзбек билігінің шетел күшін шақырғандарын естідіңіз бе? Президент Сингапурды мысал етіп, кезінде олар Жапониядан мамандар шақарғанын тілге тиек етеді. Алайда, Сингапур билігі біз секілді жапондықтарды ең жоғары орындарына, мемлекет саясатын анықтауға дейін тағайындаған жоқ. Жапондықтардың білімін сингапурлықтарға үйретті. Қазіргі таңда Сингпур бірде-бір табиғи байлықсыз, тек ақыл-ойдың күшімен, әлемнің дамыған жетекші елі. Ал біздің биліктің логикасы мүлдем басқа. Қыруар қаржыға жалдаған Блэрдің экономикалық «кереметін» көре алдық па? Әлде, шетелдіктерге беріп қойған мұнай мен газдың, уранның жетістігі бар ма? Бірлесіп пайдалануға уағдаласқан Байқоңырмен ғарышты бағындыра алдық па? Жоқ!
Біздіңше, билік ауысып, оның ақыл-есі жаңаруы тиіс. Себебі, мемлекет мен оның болашағын ойлағандар шетелдік мамандардың кеңесіне жүгінгенімен, оларды мемлекет саясатынан оқшау ұстауға тырысады. Мәселен, Қытай, Жапонияда шетел мамандарына тізгінді беру жағдайлары сирек. Көрші Ресейде де сондай жағдай. Тіпті, өткен жылы Владимир Путин премьер-министр кезінде ядролық технологияларына қатысты салада шетелдік мамандардың дәріс беруіне тыйым салған еді. Ал Ливияда мұнай саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың басшы тек Ливия азаматы ғана болуы тиіс. Бізде басқа заң: Қазақстанды қазақтан басқа адам басқару керек. Бұл жағдайды өзгертуге қауқарымыз да жоқ, себебі, президент айтпақшы «Бізді бұған оқытпаса, біз не істей аламыз?».
