«НҰР ОТАН» ҰБТ-ДАН ӨТЕ АЛМАҒАН ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
Еліміздің ірі партиясы ҰБТ кезінде шекті балды жинай алмаған жастарға қолдау көрсетеді.
«Бірде-бір түлек біздің қолдауымыздан және назарымыздан тыс қалмайды», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған түлектерге көмек көрсету жөніндегі меморандумға қол қою барысында. Бұл құжатқа ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та қол қойды. Қазақстан Республикасы Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып жасалған төртжақты меморандум 3 шілдеден бастап күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетсек, 1 шілде күні елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды, оған 90 мыңға жуық мектеп бітіруші түлек қатысты. Мектеп бітірушілердің көпшілігі тестті табысты тапсырды, жуық арада олар еліміздің жоғары оқу орындарында білімін жалғастырады. Алайда, ҰБТ тапсырғандардың 15%-ы жоғары оқу орнына түсуге қажетті шекті балды жинай алмады. Десе де, бұл балалардың екінші мүмкіндігі бар. Тамыздың 19-ынан 24-іне дейін ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ-ны қайта тапсыруға болады. Ал қол қойылған меморандум жастарды жігерлендіруі тиіс: «Нұр Отан» партиясы түлектердің білім алуына және әрі қарай жұмысқа орналасуына барынша ықпал жасамақ.
Мұхтар Абрарұлының сөзіне қарағанда, қол қойылған құжат тек жастарға ғана емес, жалпы қоғамға пайдалы. М.Құл-Мұхаммед меморандумның негізгі мақсаттарын да жария етті: түлектердің сұранысқа ие мамандықты игеруіне көмектесу, қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ету, сонымен қатар, экономиканы дайын жас мамандармен қамтамасыз ету. Төраға орынбасары әр жағдайға жеке-жеке тоқталатындарын да жеткізді.
Мойнына алған міндетті орындау үшін партия бірінші кезекте биылғы ҰБТ-да шекті балды жинай алмаған түлектерді толықтай тізімге алмақ. Бұл істе «нұротандықтарға» жергілікті атқарушы органдар мен Білім және ғылым министрлігі қолдау білдіреді. Бұған қоса, «Нұр Отан» негізгі жұмыс берушілерді де белсенді әрекетке шақырып, олармен аймақтық деңгейде үкіметтік бағдарлама шеңберінде әріптестік келісімге қол қояды. Меморандумға сәйкес, партия жобаның негізгі үйлестірушісі болады, ақпараттық қолдау көрсетеді және қолданыстағы мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде жастардың оқуына және жұмысқа орналасуына мониторинг жасайды.
ҚР БҒМ болса, жергілікті атқарушы органдармен өзара тығыз іс-әрекеттерді қолға алады, соның ішінде еңбек нарығының сұранысына сай колледждерде маман даярлауға мемлекеттік білім тапсырысын бөлу ісіне белсене араласады. «Мәңгілік ел жастары – индустияға» атты әлеуметтік жоба шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен жұмысты қолға алу жоспарланып отыр. Соның ішінде, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін еңбек ұтқырлығы саясатына сай жұмысқа орналастыру ісіне араласады.
Меморандум шеңберіндегі біздің министрлік қызметінің тағы бір бағыты ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған мектеп түлектері үшін ақпараттық науқан ұйымдастыру болып отыр. Өйткені, бірқатар аймақта халық шаруашылығының кейбір салалары бойынша мамандар көп те, келесі бір аймақтарда керісінше, жас мамандар тапшы. Бұл науқанның мақсаты – еңбек күші көп аймақтың жастарына мамандар тапшы аймақтар туралы жан-жақты мәлімет беру.
«Нұр Отан» партиясы ҰБТ-да шекті балды жинай алмаған түлектер мәселесімен ресми түрде 2016 жылдан бастап айналысып келеді. Былтыр "Нұр Отанның" өкілдері күш салуымен шекті балды жинай алмаған немесе ҰБТ тапсырмаған 54 мың түлектің 10 мыңы жұмысқа орналасқан. 20 мыңға жуық мектеп бітіруші ҰБТ-ны екінші мәрте тапсырып, білімін жалғастыруға мүмкіндік алса, қалғандары колледждер мен даярлық курстарында оқуды жөн деп тапты. Сондықтан, «нұротандықтарға» сенім артуға болады. Партия мемлекет басшысының алғаш тапсырғанда ҰБТ-дан шекті балды жинай алмаған түлектерге көмектесу жөніндегі тапсырмасын орындауға бел шеше кірісіп отыр. Ал бұл іске мәселені шешуге ықпал ете алатын министрліктер мен мекемелердің қосылуы «Нұр Отанның» бастамасы табысты аяқталарына кепілдік береді.

