МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ТЕРЕКТІДЕ
Бүгін «АМАNAT» партиясы республикалық мобильді қабылдау бөлмесінің мүшелері Батыс өңіріндегі шалғайдағы Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылы, Бәйтерек ауданы, Макаров ауылы, Бөрлі ауданы, Жарсуат ауылы, Теректі ауданы, Долинное ауылы, Шыңғырлау ауданы, Ақбұлақ ауылдарының тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға Долинное ауылы бойынша бір күнде 18 азамат келіп, өтініш тілектерін білдірді. Долинное ауылының тұрғындары негізінен ауылға газ және су құбырларын тарту, негізгі трассаның құрылысы, ауылішілік жолдарды жөндеу, мәдениет үйі және ауылдық амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу секілді мәселелерді ортаға салды. Жалпы бұл ауылда 1мыңнан астам тұрғындар бар екен. Ауылға жастарды тарту мәселесі де қазіргі таңда өте өзекті болып қалуда. Себебі аталған ауылда егде жастағы адамдар көп тұратыны белгілі болды. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбайдың айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдап, атқарушы органдармен бірлесіп мәселенің шешімін табу. Біз осыған дейін еліміздің 14 аймағын қамтыдық. Әсіресе, партияның облыстық, аудандық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аударып отырмыз. Мұндай сапарлар ауылдық жерлердегі көкейтесті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол. Айта кету керек, мобильді қабылдау осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы 25 ауылдық округтерде өтті. Қабылдауға аудан, ауыл, қала әкімдері, орынбасарлары, партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардың атқарушы хатшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері белсене атсалысуда. Жыл соңына дейін 30 ауылды қамту көзделген.
