ҮМІТКЕРЛЕР САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Елімізде 10 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізім ұсынған партиялардың үгіт жұмыстары басталды.

Осы орайда 11 желтоқсан күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде еліміздегі көшбасшы ұйым – «Nur Otan» партиясының мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер – белгілі ақын, журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының және Президент сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Ашимжан Жанарбек Садыханұлы мен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директоры, «Мәдениеттану» саласы бойынша PhD доктор Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы сайлаушылармен кездесіп «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Үміткерлермен кездесуге сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайрат Бисембаев, «Nur Otan» Нұр Отан партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олжас Шарипов, «Верный Казахстан» ЖШС бас директоры Алтай Шарабаев және университетіміздің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдары қатысты. Сайлаушылармен кездесуде, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Жанарбек Әжімжан: «Бүгінде дүние жүзін жайлаған пандемия салдарынан әлемде қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Бұған күрделі халықаралық жағдайлар қосылып тұр. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бір бөлшегі ретінде дүниежүзілік дағдарыстың әсерін сезініп отыр. Қазіргі жағдайда бірлік пен келісімді, тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың, халықтың саяси сауатын арттырудың маңызы өте зор» –деп атап өтті. Айта кетейік, биыл парламенттік практикада алғаш рет партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізілді. Осының бәрі, біздің ойымызша, қоғамымызды одан әрі демократияландыруға, көппартиялықты дамытуға, еліміздің қоғамдық және саяси өміріне азаматтардың қатысуын кеңейтуге алып келеді.
