МИНИСТР ЕРЛАН САҒАДИЕВ БІЛІМ-ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ МІНДЕТТЕР ТУРАЛЫ АЙТТЫ
26 шілде күні Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында министр Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрлігінің Ұлт жоспарын орындау барысы туралы айтып берді.
МЕКТЕПАЛДЫ СЫНЫП ЖӘНЕ 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ
Келесі оқу жылынан бастап “0+11” принципімен 12 жылдық білім беру бағдарламасы және мектепалды сыныпқа арналған бірыңғай білім бағдарламасы енгізіледі. Толықтай бұл жүйеге көшу 2019 жылға жоспарланып отыр.
“Мектепалды сынып не үшін керек? Бұл балалар бірінші сыныпқа толыққанды дайын болуы үшін керек. Бүгінде балабақшадан келетін балалардың 85%-ы ғана оқи алады, әріптер мен сандарды біледі. Қалған 15%-ы мұны білмейді”, – дейді министр.
Орта білім саласындағы басты өзгеріс – жаңартылған мазмұнға көшу, бұл өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Ол іргелі сауаттылыққа баса назар аударуға негізделген. Министрдің сөзіне қарағанда, қазір жаңа оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасалуда. 1, 2, 5 және 7-сыныптардың материалдары бекітілген. Жаңару да 2019 жылы аяқталуы тиіс.
Былтырдан бастап бірінші сыныптар үшін критерийлі бағалаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Биыл 2, 5 және 7-сыныптарға кезек келіп тұр. Мұнымен қатар министрлік мұғалімдерді дайындаумен айналысуда. 70 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырды.
2019 жылы барлық мектепте “жан басына” шаққандағы қаржыландыруды енгізу жоспарланған (тек шағын комплектілі мектептерге қатысы жоқ). Егер ақша оқушының “артынан жүретін” болса, оқудың да сапасы артады – мектептер әр баланы оқыту құқығы үшін бәсекеге түсетін болады.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕМЕСІ
Жаңа әдістеме туралы Ерлан Кенжеғалиұлы былай деді: “Бүгінде балалардың 90%-ы қазақ тілінде білім алады. Биыл бітірушілердің 76%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырды. Қазақ тілі ешқайда кетпейді. Алайда, орыс тілінде білім алатын балаларға қазақ тілін үйрету мәселесінде әдістеме тиімсіз. Орысша оқыған балалардың 500 мыңдайы 11-сыныпты бітіргеннен кейін де қазақ тілінде сөйлей алмайды. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген жаңа әдістеме 100-150 мектепте пилоттық режимде енгізіледі. Егер бәрі ойдағыдай болса, 2019 жылы бұл әдістеме барлық мектепте енгізіледі. Тіл мәселесін шешу үшін педагогтар даярлау мәселесін де қолға алып отырмыз. Осы орайда 2016 жылы 750 мұғалім тілдік курстан өтті. 2017 жылға 13 мың мұғалімді оқытуды жоспарласақ, мың мұғалім оқуын аяқтап үлгерсе, тағы үш мыңы әлі де оқу үстінде. 1 қыркүйектен бастап курсқа тағы 8 мың мұғалім түседі. Қорыта айтқанда, біздің министрлік әр қадам бойынша нақты шаруаларды жүзеге асырып отыр және бұдан кейінгі қадамдарымыз түпкі нәтижеге қол жеткізуге бағытталмақ”, – деді министр.
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ЖӘНЕ ТжКБ ЖАҢАРУЫ
Экономиканың негізгі салалары бойынша маман даярлау үшін он базалық колледж бен он бір жоғары оқу орны таңдалып алынды. Жоғары оқу орындары шетелдік серіктес университеттермен және ИИДМБ (Қазақстан Республикасы Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы) 114 кәсіпорнымен бірге білім беру бағытындағы 48 инновациялық бағдарламаны жасап шығарды. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап министрлік ағылшын тіліндегі бағдарламаларды жүзеге асыруды бастамақ. Іріктелген он колледжде 53 модульдік бағдарлама сынақтан өткізілді, ал 2018 жылдан бастап ол еліміздің барлық колледждеріне таралмақ.
Биыл алғашқы 1817 магистр оқу бітірді. 2800 студент оқуын жалғастырып жатыр, тағы да 3500 магистрантты қабылдау жоспарланып отыр. Соңғылары оқып қана қоймай, бітіру жұмыстарын 47 заманауи зертханада дайындамақ.
“ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім) бойынша WorldSkills шеңберінде жаңартылған еуропалық бағдарламаға көшеміз, ағылшын тілін, ақпараттық технология, кәсіпкерлік және дуальді оқытуды енгізіп жатырмыз”, – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.
БАҚЫЛАУ КЕҢЕСТЕРІ
Бүгінде бүкіл білім беру жүйесі біртіндеп жоғары оқу орындарына еркіндік беру бағытына қарай ойысып келеді. 28 мемлекеттік жоғары оқу орнында бақылау кеңесі құрылды. Ол кеңестер тиімділігін және оқу орнының өміріне араласа алатынын көрсетті. Мәселен, бұдан былай министрлік ректорларды осындай бақылау кеңестерінің ұсынымынан кейін тағайындайды. Осы арада ректорларды конкурс арқылы іріктей отырып тағайындау тетігі енгізіліп қойғанын айта кеткен жөн.
ГРАНТТАР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
“Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесін коммерцияландыру туралы” заң қабылданды. “Заң қабылданды. Ғылыми жобаларды қосымша қаржыландырумен байланысты жаңа жүйе жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде 70 гранттық жоба жүзеге асып жатса, соның 67-сіне жекеменшіктің де қаржысы салынған. Сондай-ақ, құны 110 миллион АҚШ долларына тең Дүниежүзілік банктің “Өнімді инновацияларды ынталандыру” атты жобасы енгізілген, бұл жоба зерттеу жүргізуге, технологияны коммерцияландыруға, еліміздің инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған”, – дейді министр.

