Минимализм
Қазіргі таңда көптеген адамдар «минимализм» атты ұғымды өз өмірлерінде қолданып жүр. Мен де солардың бірімін. Өмірімнің өзгеріп жатқанын байқап та жүрмін. Сол себепті, осы ұғымды қазақтарға да қолдануды ұсынып көрейін.
Негізі минимализмді – керек емес нәрселерден арылу деп те қарастырсақ болады. Олар – қажет емес заттар да болуы мүмкін немесе керек емес ойлардан, адамдардан және нәпсіден арылу да болуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, минимализмді - өміріңді дұрыс түрде қолдану және өзіңнің гармонияңмен тыныштықта бақытты өмір сүру деп те айтар едім.
Мысалы, кез келген адамның өмірінде кедергі жасап жүрген немесе артқа тартып жүрген достары, таныстары бар. Олармен көп араласқан сайын өзіңнің дамымай жатқаныңды немесе бақытсыздықты сезінесің. Себебі олардан жаман энергия келуі мүмкін. Сондықтан өзіңнің дамуыңа кедергі жасайтын адамдардан алыстап, жетістікке жетелейтін адамдармен араласуға ұмтылу қажет. Олармен көп уақыт өткізген жөн. Ғалымдардың пайымдауы бойынша, біз жанымыздағы 5 адамның жиынтығы екенбіз. Бұл теорияны табыста да қолданады. Яғни, біздің табысымыз: жанымыздағы 5 өте жақын араласатын достарымыздың табыстарын қосып, 5-ке бөлгенге тең екен. Сондықтан, арманымызды саралай отырып, жанымыздағы адамдарды да саралайық немесе оларға көмектесейік. Бұл жердегі минимализм – өзіңнің дұрыс ортаңды табуды көздейді.
Қазақтағы екінші бір мәселе - дүркіретіп той жасау. Кейбіреуі шамасына қарамай жұрттан қалмас үшін кредитке белшесінен батып, той жасап жатады. Оның соңы да зар. Ал, біреулері миллиондап шашады. Әрине, олар үшін бұл дұрыс та шығар, бірақ біз тойдың нағыз мақсатын ұмытып кететін сияқтымыз. Той – екі жастың бақытын тойлау, үйдің қуанышын бөлісу емес пе?! Кейде бұл жердегі мәселе бақыт емес, «жұрт не дейді» секілді.
Үшінші мәселеміз – жарты ғұмырымыз үй соғумен өтсе, қалған жартысы – оны толтырумен өтеді. Біздің көзіміз тоймайды және жұртпен санасамыз да тұрамыз. Ал, минималды түрде өте жайлы үй соқсақ, оны толтыру да қиынға соқпайды. Ең маңыздысы – ол үйдің ішіндегі бақыт.
Төртіншісі – қажетсіз зат сатып алуымыз. Үлкен сауда үйлерінде нан ең соңғы қатарда орналасады. Кейде нан сатып алуға барып, қалай ғана 5 қалтамен шыққанымызды түсінбей қаламыз. Сондай-ақ, жеңілдіктерден көп зат алып, үйге келгенде оларды неге алғанымызды ұқпай отырамыз. Сол сияқты көп нәрсені жоспарламай, дұрыс ойланбай жасаймыз, кейін соңынан өкініп жүреміз.
Қорыта келе, минимализм біздің өміріміздің реттелуіне, бақытты болуымызға, бос өмір сүрмеуімізге алып келеді. «Судың да сұрауы бар» демекші, өмірде барлық нәрсенің сұрауы бар. Әрбір істеген ісіміз сұралады. Сол үшін, өзімізді тәрбиелей отырып, әрдайым ойланып сөйлеп, жақын адамдарымызға көп көңіл бөліп, бүкіл жақсы энергиямызды соларға беруге тырыссақ бақытты болуға бір саты жақындаймыз деген ойдамын.
