МІНДЕТІМІЗ — ДЕРТТІҢ ТАРАЛУЫН ТОҚТАТУ
Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қалыптасқан жағдайға байланысты үндеу жариялады.
Мемлекет басшысының халыққа жолдаған бұл үндеуін мен де тыңдадым. Өз басым Президент бастамасын толық қолдаймын. Жасыратыны жоқ, әлемге таралған жұқпалы індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Елімізде карантин режимі ерте енгізіліп, сақтық шаралары уақтылы жасалды. Дегенмен, індеттің беті қайтқан жоқ. Адамдар өздерінің сауалдарына жауап ала алмай жатқан осындай қысылтаяң уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарына үндеуі осы мәселені шешуге зор ықпалын тигізетіні анық. Ел Президентінің өзі әлеуметтік желіде отырып, қоғамдағы жағдайды жан-жақты біліп отыратынын білеміз. Сол себепті, өңірлердегі болып жатқан барлық түйткілді мәселелер Мемлекет басшысының жіті назарында тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа үндеуі дер кезінде қолға алынған мәселе әрі Қазақстан халқының сан сауалына өз жауабын берген шешім деп білемін. Менің пікірімше, жұртшылық барлық жағдай бақылауда екені жөнінде нақты жұмыстардың нәтижесінен хабардар болды деген сенімдемін. Қазір мемлекет халыққа медициналық көмек көрсету үшін бар күшін салып жатыр. Алғашқы дәрігерлік көмек жақсарды. Дәрі-дәрмек, тыныс алу аппараттарын жеткізу, науқастарды жатқызу мен емдеу орындарын дайындау жұмыстары жөнінде ел Президенті нақты цифрларды атап берді. Ең бастысы, Қазақстан Президенті атап өткендей, осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері баршылық. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады», – деді Президент. Халқымызда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қанатты сөз бар.
