«МЕН — АНАМНЫҢ ТҮЙЕСІМІН!..»
Абдулла ибн Омардың (оған Алла разы болсын) тұсында бір йемендік жігіт анасын арқалап Меккеге қажылық парызын өтеуге əкеледі. Қажылық рəсімдерін тиісінше атқарып, қоштасу тəуабын жасау үшін Қағбада жүргенде:
Мен анамның түйесімін төзімді,
Ісімменен дəлелдеймін сөзімді.
Басқа көлік шаршаса да, мен оның,
Қызметінен аямаймын өзімді, - деп өлеңдетеді екен. Осылайша анасын арқасынан түсірмеген күйі қажылығын аяқтайды. Кенет Абдулла ибн Омардың да (оған Алла разы болсын) қажылық жасап жүргенін байқап, оған: "Мен қаншама жерді бағындырып, қиындықтарды артқа тастап, анамның қасиетті құлшылықты атқаруына себеп болдым, енді оның алдындағы міндетімнен, яғни қарызымнан құтылдым ба?" деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар: "Сен анаңның сені көтерген кездегі толғатып, бір рет қабақ шытып, қиналғанының да өтеуін бере алған жоқсың" - деп жауап берген екен.
P.S: Ана алдындағы қарыз бен борышты өтеу – ешбір адамның құзырына берілмеген, нəсіп етілмеген іс. Осыған байланысты қазақта "Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың" деген сөз бар. Алайда, қанша амал жасасақ та азсынбай, қолдан келгенше жақсылық жасап, ізгілік дəнін егуден шаршамауымыз керек.
