МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Жақында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің белгілі бір бюджеттік бағдарламалар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтері бойынша бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігін тексерген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шықты
https://goo.gl/HHn8EU.
16 млрд теңге болатын қаржылық заң бұзу аудиттің барлық нысандарын қамтыған (БжҒМ, ведомствоаралық мекемелер, жергілікті атқарушы органдар). Осы соманың ішінде 10 млрд теңге 2015 жылға дейінгі «e-learning» жүйесі арқылы құрал-жабдықтарды түгендеуге қатысты БжҒМ тарапынан болған заң бұзушылық ретінде көрсетілген. Қалған сома жергілікті атқарушы органдар еншісінде.
Қазір инвентаризация жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Құралдарды дер кезінде кіріске енгізіп үлгермеген облыстарға арнайы сапар жоспарланған.
Тиімді жұмсалмаған бюджет қаражаты (43 млрд теңге) ішінде БжҒМ еншісіндегі қаржы 37 млрд теңге. Оның ішінде 31 млрд теңге «e-learning» жүйесіне қатысты.
Дейтұрғанмен, «e-learning» электронды білім беру жобасы аясындағы жұмыс оң баға алғанын да ескеру керек. 2015 жылға дейін 27 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алынған. 2 млрд теңге Ұлттық білім базасы (ҰББ) мен LMS (learning management system) Оқуды басқару жүйесін құруға жұмсалған. Ұлттық білім базасы қазір бар, әрі қарай даму үстінде. ҰББ – бүкіл ел бойынша білім беру саласындағы статистикалық есепті жүргізудің жалғыз құралы.
Қалған фактілердің Білім және ғылым министрлігіне жанама ғана қатысы бар.
Мысалы, 2016 жылы жоспарланған 8 мектептің орнына құны 929 млн теңге болатын 4 нысан ғана тапсырылды. Ал нысандарды қаржыландыру туралы өтінімдер өңір әкімшіліктерінен келіп түссе, мемлекеттік сатып алу жергілікті жерлерде жүзеге асырылады. Министрлік бағдарламаның әкімшісі және қаржының дер кезінде түсіп тұруына ғана жауап береді.
Үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің жағдайы да осыған ұқсас.
2015 жылы 1 қазанда үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы 156 мектеп анықталған. 2017-2018 жылдар аралығында олардың бірі қалмай жабылады. Бұл мақсатта қаржы толық бөлінген. Алайда, халықтың демографиялық өсімі мен мектептердің табиғи жағдайда ескіріп, тозуы салдарынан жылда проблемалы нысандар қатары толығып тұрады. Мысалы, 2016 жылы апатты жағдайдағы 23 мектеп пен үш ауысымда оқитын 65 мектеп белгілі болды.
2008-2015 жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігі үшін әлемдік деңгейдегі колледждер мен өңіраралық кәсіби орталықтар салу үлкен мәселе болды. Осы жоба бойынша елеулі заң бұзушылықтарға жол берген бірқатар лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Осыған байланысты биылдан бастап аталған нысандарды әкімшіліктерге әлеуметтік мұқтаждық үшін беру ұйғарылды. ҚР БжҒМ позициясы: бұл жобалардың шығыны үлкен, оны салудың қажеті жоқ.
Маман қажеттілігі жөніндегі болжаммен Еңбек министрлігі айналысады. Олар жергілікті атқарушы органдар, ірі компаниялар және өзге де мемлекеттік органдармен алдағы уақыттағы кадр тапшылығын айқындайды. Осы қажеттікке байланысты БжҒМ мемлекеттік тапсырыс іледі. Білім және ғылым министрлігі кадр қажеттігін өзі бетінше айқындамайды. Себебі бұл БжҒМ құзіретіне кірмейді.
Істі құқық қорғау органдарына беру ҚР БжҒМ лауазымды тұлғаларына қатысты емес. Бірақ ОҚО, Сайрам ауданы құрылыс бөлімінің атқарылмаған жұмыстары мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ЖОО студенттерін тамақтандыруды ұйымдастыру жөнінде шартты байқау өткізбей жасағанына қатысты тұстары да бар.
Сурет http://lenta.inform.kz сайтынан алынды.

