МЕКТЕПТЕГІ 5 КҮН ОҚУ АПТАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Өткен оқу жылының басынан бірінші сынып оқушылары сенбі күні демалатын болды. Жүктемені азайту мен жаңарған бағдарламаның басқа да артықшылықтары жайлы Алматы қаласындағы №49 мектептің бастауыш сынып оқытушысы Жанна Таныбергенқызымен сұхбаттасқан едік.
Былтырғы оқу жылы бес күндік білім беру жүйесіне біртіндеп көшумен есте қалды. Алайда, бұл тек балалардың демалатын уақыты көбейді деген сөз емес. Қосымша демалыс күнін енгізу үшін жаңа оқу құралдары жасалып, сабақ өтудің тәртібі де өзгерді. Бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер, ата-аналар, ұстаздар бес күндік оқу бағдарламасын қалай қабылдағаны туралы осы реформаның белортасында жүрген жан әңгімелеп берді. Жанна Хисамиддинова – бастауыш сынып мұғалімі, 26 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. 2016 жылы Жанна Таныбергенқызы «Бейбітшілік әлемі» атты Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің медалін тақса, 2017 жылы Қазақстанның «Боевое Братство» ұйымы «Патриоттық тәрбие бергені үшін» медалін тапсырды (мектептің бұрынғы оқушылары 1979-1989 жылдары Ауғанстанда әскери борыштарын өтеген). Алматыдағы №49 жалпы білім беретін мектеп 1959 жылы ашылған. 1993 жылы бірінші сыныпқа қазақ тілінде білім алатын оқушылар қабылдана бастаған. Ал 2011 жылы инклюзивді білім беру жүйесі енгізілді. Қазір мектепте 90 мұғалім жұмыс істейді. Қазақ және орыс тілінде 1263 бала білім алады.
С.: Сонымен, оқу жылы аяқталды. Бұл бірінші сынып оқушылары бес күндік жүйемен оқыған алғашқы жыл еді. Оқыту барысында кедергілер тумады ма? Ұстаздарға уақыт жеткіліксіз болып қалған жоқ па?
Ж.: Иә, біз 25 мамырда жаңартылған бағдарламаға сәйкес оқу жылын аяқтадық. Қосымша демалыс күні енгізілгеннен соң оқу әдістемесі, оқу құралдары, сабақ беру үрдісі өзгергені рас. Біздің мектептегі 8 бірінші сынып белгіленген мерзім ішінде оқуын қиналмай аяқтады.
С.: Оқу үлгерімі ақсап қалған жоқ па?
Ж.: Бес күндік оқу жүйесінің енгізілуі балалардың үлгеріміне тек оң әсер етті деп айта аламын. Оның үстіне, балалардың жас ерекшеліктерін де ескеруміз керек болатын. Бірінші сыныпқа биыл 6 жастағы балалар қабылданды. Оларға демалыс ауадай қажет. Ал сенбі-жексенбі күндері қатарынан демалыс болғаны балаларға күш жинауға мүмкіндік берді. Жалпы, бағдарлама қызықты деп айта аламын. Балалардың ойлау жүйесіне лайықтап жасалған. Білім алу барысында жағымды әсер қалдырады. Апта соңында екі күн демалыспен қосылып, жақсы нәтиже көрсетті.
С.: Өз тәжірибеңізге сүйене отырып жаңа жүйенің артықшылықтарын айта аласыз ба?
Ж.: Менің ойымша, 6 күндік оқу бағдарламасында артық жүктеме көп болатын. Аса маңызды емес материалдардан бас тартудың арқасында жаңа бағдарлама жүктемені азайтты. Бұл жүйеде адамға ХХІ ғасырда қажет болатын білім ғана беріледі. Мысалы, жаратылыстану сабағында балалар ақпаратпен жұмыс істеп, маңызды тұстарын белгілеп, сараптау, салыстыру дағдыларына машықтанады... Немесе математиканы алайық. Бұрын белгілі бір ережелерді жаттауға көп көңіл бөлінетін. Қазір оны өмірде қолдану тәжірибесіне баса назар аударылады. Біз бірінші сынып оқушыларын топтық жұмыс негіздеріне баулимыз. Қос-қостан серіктес болып жұмыс істеу, өзгенің пікірін тыңдай білу, өз әрекетін әліне қарай бағалау жағын йретеміз. Қазіргі заманда балалар үшін дәл осы қасиеттер маңызды деп ойлаймын.Сонымен қатар, жаңа жүйе бойынша балалар партада аз отырады. Көбінесе қимыл-қозғалысқа, бірлескен іс-әрекеттерге негізделген. Сабақ үстінде балалар өздерін шын мәнінде қызықтырған шаруамен айналысады. Сондықтан да олар тез шаршамайды. Мысалы біз бесінші, яғни соңғы оқу күні ең оңай сабақтар қоюға тырысамыз. Осының арқасында жүктеме жеңілдейді. Соның өзінде бір апта ішінде балалардың шаршай бастағаны байқалып тұрады. Селқос тартып, енжарлық көрсетеді. Ал екі күн өткен соң, дүйсенбіде демалғандары бірден байқалып, белсенді болып, жайнап келеді. Олар үшін екі күн демалыстың маңызды екенін осыдан-ақ байқауға болады.Көп ата-ананың сенбі күндері бос болатынын да естен шығаруға болмайды. Осының арқасында олар балаларға бір күнін арнап, көңіл бөліп, сабағын пысықтап немесе бірге қыдырып, театр, музейге баруға уақыт табады. Сондықтан да, бес күндік оқу жүйесі баланың жалпы даму барысына да жақсы әсер ететінін айта кетуіміз керек.
С.: Биыл 1 қыркүйектен бастап екінші, бесінші және жетінші сыныптар бес күндік оқуға көше бастайды. Бұл өзгеріске ұстаздар қалай дайындалып жатыр?
Ж.: Осы сыныптарда сабақ өтетін барлық мұғалімдер арнайы курстарда білімін жетілдіріп қайтады. Бір жыл бұрын өзім де педагогикалық шеберлік орталығында ұйымдастырылған осындай курсқа қатысқанмын. Мектепте арнайы әдіскерлер мен тренерлер айналысады. Ұстаздар барлық әдістемелік, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Олардың міндеттері барынша жеңілдетілген. Мысалы, жаңа оқулықтармен жұмыс істеуге арналған арнайы әдістемелік құралдар да бар. Ұзақ уақытқа, жуық араға ғана емес, қысқа мерзімге де арналған жоспарлар дайындалған. Былайша айтқанда, барлық талаптарға сай келетін сабақ жоспары дайын деуге болады. Мұндай курсты мектеп директорлары, оқу ісінің меңгерушілері де өтеді. Яғни, бұл өзгерістерге қатысы бар жандардың барлығы курсқа қатысады. Мұнымен қатар, қазір қажетті ақпаратты интернеттен де алуға болады. Жаңа әдістеме бойынша жұмыс істейтін ұстаздар қауымдастықтарға бірігіп, тақырыптық форумдарда кедергілер мен жетістіктерін талқылап жатады.
С.: Жаңа жүйеге ата-аналардың пікірі қандай болды?
Ж.: Көпшілігі бес күндік оқу жүйесін қолдайды. Әрине, ескі әдіспен оқып, міндетті түрде алты күн білім алғанын қалайтындар да жоқ емес. «Бізді солай оқытқан, жаман болған жоқпыз, балалар да солай білім алғаны дұрыс» деген пікірді ұстанады. Екінші жағынан, көптеген ата-аналардың жоғары сыныпта оқитын да балалары бар. Олардың заманауи жүйені салыстыра отырып, тиімділігіне көз жеткізуге мүмкіндіктері мол.

