Медиаэтикадан аттап кеткендерге не амал бар?
Адам шіркін қандай жағдайда да өзін-өзі ақтап алуға шебер ғой. Тіпті кісі өлтірушіге салсаң да, оның ақталуға мың түрлі уәж табуы мүмкін: «жағдай солай болды», «есімді білмей қалдым», «өзі соған жеткізді», т.б.Жарайды, ол өзін-өзі ақтауға жанталассын-ақ. Ал оны жаппай жан-жақтан қорғаштауға не себеп? Гүлжан Ерғалиева жүргізген Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарымен болған сұхбатты қарап шығып, таң қалдым. Рас, былтыр қарашада болған Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін Қуандық Бишімбаевтың аты БАҚ беттерінен түспей келеді. Әйелін өлтірді деген айып тағылып, қазір сот процесі жүріп жатқанынан хабардармыз. Сол кездің өзінде-ақ Бишімбаевтың әрекетін ақтап алуға тырысушылар аз болған жоқ. Ал жағдайдың жай-жапсары мейлінше анықталып қалған қазіргі уақытта Бишімбаевты жақтаушылар тіпті көбейе түскендей. «Қуандық – нағыз алтын бала, ақылды, білікті, ата-анасы мен жарын сыйлайтын жан» деген ойдың дәнін сеуіп жүргендер медиаалаңға қайтадан шықты.Бұл үрдіс те бекерден бекер емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде озбырлық көрсеткен адамды қолдап, оны ақтау – біздің қоғамдағы ахуалдың қандай екенінің айқын көрінісі. Ерғалиева мен адвокаттар да сол «ақылы» үрдісті жалғап, Elmedia Youtube-арасында 1 сағат бойы Бишімбаевтың өз кінәсін мойындамайтынын, оның қандай мейірімді, әйелін сүйетін жар болғанын, ал Салтанаттың өлімінің жазатайым жағдай екенін дәлелдеуге тырысты. Яғни қанша қаражат төленсе де, оқырман мен көрермен алдындағы беделін сатып жібере салу оларға оп-оңай болғаны ма?Қазіргі ақпараттық қоғамдағы басты қару – әлеуметтік желілер мен БАҚ. Оның ішінде Instagram, Facebook парақшалар, Telegram, Youtube-арналар, газеттер мен сайттар да бар. Алайда оқырман жинап, халықтың сеніміне кіріп алғаннан кейін кейбір блогерлер мен журналистер қарақан басының қамын күйттеп, қалаған тақырыпта жазба жариялап, видео түсіре беретін болды. Шебер үйлестіре қиюын келтірген кезде оның қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін, қайсысы журналистің өз ойы, қайсысы ақшаға жазылған, айтылған ой екенін білмей де қаласың. Бұл жерден қандай үрдісті байқауға болады? Кейбір ақпарат таратушылар қоғам арасында өздерінің сөзі салмақты екенін біліп, соны пайдалануға тырысады. Яғни өз имиджін пайдалана отырып, қоғам пікірін манипуляциялап, өзгертуге, басқа бағытта қалыптастыруға ықпал етпек болады. Сонда оларға еш шара қолданылмағаны ма? Бүгін зорлық көрсеткен бір адамды ақтап алса, ертең бұдан да ауыр қылмыс жасаған кісіні ақтамайтынына кім кепіл? Әрине, оларды заң алдында жауапқа тарту мүмкін емес. «Иә, ақша алғандықтан ақтап, қорғап тұрмын» деп мойындамайды да ғой. Бірақ құқық қорғау органдары қауқарсыз жерде біз қоғам болып қарсы шыға аламыз деп ойлаймын. Бишімбаевты ақтап, оны сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысушылар мен Салтанатты алкоголь тұтынатын, психикалық ауытқуы болған деген сияқты сөздермен айыптап жатқандарға өз наразылығымызды білдірудің бірден-бір жолы – әлеуметтік желі арқылы қарсы шығу: олардың парақшаларынан шығып кету, «дизлайк» қою, блокка салу, таныстарымызды да осыған үндеу. Яғни медиаэтика деген қарапайым нәрсені ада-күде ұмытқан блогерлер мен журналистер біздің пікіріміз бен ойымызды түкке тұрғысыз деп санаса, онда біз де оларды оқудан, көруден бас тартқанымыз жөн шығар.
Сәкен Сыбанбайдың жазбасы