Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

МАЙ АУДАНЫҢДА КӨКПАР ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Май ауданы Кеңтүбек ауылындағы ат спорты алаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кубогы үшін ересектер арасында ұлттық спорт түрі – көкпардан ауданның ашық біріншілігі ұйымдастырылды.

Жарыстың мақсаты – еліміздегі ұлттық ат спортына қызығушылықты арттырып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, дәстүрлі ат спортын көпшілік спортына айналдыру екенін жарысты өткізуге мұрындық болған азаматтар айтты.

Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Ардақ Қаңтарбаев спортсүйер қауымды күздің қоңыр күндерін қызықты думанға айналдырып, көкпар тартысына тұлпарларын баптап келген балуандардың өнерін тамашалауға келген жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, көкпаршыларды әділ де әдемі ойын өрнегін көрсетуге шақырып, ұлттық спорттың туын желбіреткен жігіттердің бұл ісі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие құралы екенін атап өтті.

Осы жолғы көкпар ойынын өткізуге ұйтқы болған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нығметолла Қаббасов та жүрекжарды лебізін жеткізіп, көкпаршыларға сәттілік тіледі. Көкпар турниріне бас төреші Серік Әбеуов қазылық етіп, командалардың тартысқа толы ойындарын қырағы көзімен бақылап, көкпаршылардың ережені бұзбай, тәртіп сақтауын қадағалады.

Көкпар жарысында Малайсары, Кеңтүбек құрамасы, Ақшиман және Саты ауылдарының құрама командалары өнерлерін паш етті.

Үздік үштікте көрінген Малайсары, Кеңтүбек ауылдары командасының арнайы сыйлығын аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Береке Ахметов табыс етті.

Екінші орын тұғырына шыққан Ақшиман көкпаршыларын арнайы жүлдесімен аудан прокуроры Сержан Теміров марапаттады.

Бірінші орынға ие болған Саты командасына арнайы жеңімпазға берілер кубокты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нығметолла Қаббасов табыстады.

Жарыстың ең үздік шабуылшысы болып Алмас Жұмағали танылып, оған сыйлығын ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Берік Зәбиев табыс етсе, ең үздік қорғаушы болып танылған Арлан Хамитті Кеңтүбек ауылының әкімі Ақтан Оразалин марапаттаса, Ақшиман ауылының құрама командасына осы ауылдың әкімі Ерлік Нұралин арнайы жүлдесін беріп, құрмет көрсетті.

Көкпар турнирі жаз айларында да ұйымдастырылған болатын, күзде де тұлпарлардың тұяғы тарпыған қара жер үсті белді де білекті жігіттердің ұлттық спортымызға деген қызығушылығы мен ыстық ықыласын әйгілеген әдемі жарыстарға ұласуда. Әсіресе, жастардың көкпарға деген көзқарасы өзгеріп, ат баптап, көкпар тартуға құмар жастар көбейіп келе жатқаны ауыл үлкендерін қуантады.

   
0
0
2535

Еще по теме