Перейти к содержимому

Мәтіндегі қате медиаэтикасын бұзады

Медиаэтика – журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы негізгі қағидаттар мен құндылықтардың жиынтығы. Ол ақпаратты әділ, объективті және қоғамға зиян келтірмейтін түрде жеткізуге бағытталған. Дегенмен, кейбір мәтіндерде медиаэтика талаптары бұзылып, бұл қоғамда дүрбең тудырып, теріс салдарға алып келеді. Мұндай қателіктердің себептері мен салдарын талдау – журналистиканың сапасын арттыру үшін маңызды қадам.

Медиаэтика бірнеше негізгі принциптерге негізделеді:

1. Шындыққа адалдық. Ақпарат нақты және шынайы деректерге негізделуі керек.

2. Объективтілік. Журналист тек фактілерге сүйеніп, жеке көзқарасын таңбауы тиіс.

3. Құпиялылықты сақтау. Жеке тұлғалардың жеке өміріне құрмет көрсету.

4. Кемсітушіліктен бас тарту. Жыныстық, этникалық немесе әлеуметтік белгілер бойынша дискриминацияға жол бермеу.

5. Қоғамдық мүдде. Ақпарат қоғамға пайдалы және маңызды болуы тиіс.

Ал медиаэтиканың бұзылуы төмендегідейпринциптердің еленбеуінен туындайды: Жалған немесе тексерілмеген ақпарат тарату. Қазіргі «фейк жаңалықтар» дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарының жалған мәліметті жариялауы қоғамда түсінбеушілік тудырып, шиеленістердің өсуіне себеп болуы мүмкін. Немесе мәтінде фактілерді бұрмалау немесе тек біржақты көзқарасты насихаттау. Бұл аудиторияны адастырып, оқырманның объективті ақпарат алу құқығын шектейді.

Журналистік материалдарда жеке тұлғалардың рұқсатынсыз олардың жеке өміріне қатысты мәліметтерді жариялау – үлкен этикалық қателік. Бұл құқықтық мәселелерге де әкелуі мүмкін.Сонымен қатар, этникалық, гендерлік немесе әлеуметтік стереотиптерді қолдайтын мәтіндер қоғамдағы теңдікті бұзады. Бұл әсіресе, азшылық топтарға қатысты кемсітушіліктің күшеюіне ықпал етеді.

Медиа кейде адамдардың жеке трагедияларын немесе қоғамдағы оқиғаларды рейтингтерді арттыру мақсатында қолданады. Бұл этикалық тұрғыдан дұрыс емес және аудиторияның моральдық құндылықтарына зиян тигізеді.Осындай оқиға ретінде 2019 жылы болған «Камиля Давлетова ісін» мысалға келтіруге болады.

Қазақстанда бұл оқиға қоғамда үлкен дау тудырды. БАҚ-та Камиля Давлетова есімді қыздың аты мен суреті рұқсатсыз жарияланды. Журналистер оны алаяқ деп айыптап, нақты дәлелдерсіз материал таратты. Нәтижесінде, қоғамда оған қарсы теріс пікір қалыптасты. Кейінірек, сотта оның кінәсіз екені дәлелденді, бірақ бұл оқиғадан кейін Камиля моральдық және психологиялық зиян шекті.

Бұл жағдай бірнеше медиаэтика қағидаттарының бұзылғанын көрсетеді: Ақпарат нақты дәлелдерге негізделмеген, оның жеке мәліметтері заңсыз жарияланды. Журналистер біржақты материал дайындап, қоғам пікірін бұрмалады.

Қызылордадағы күдікті туралы репортаж: Бірнеше телеарна күдіктіге қатысты ақпаратты таратқанда «күдікті» деп емес, «азғын» деп атады. Бұл соттың үкімі шықпай жатып, кінәлі деп жариялаудың көрінісі болды. Этикалық нормаларды сақтаған телеарна ретінде «Еуразия бірінші арнасы» аталып өтті, себебі олар материалда бейтараптықты сақтап, ресми ақпаратқа сілтеме жасады. Мұндай жағдайларда соттың шешімі шыққанға дейін адамның құқығы сақталуы керек, әйтпесе оның беделіне нұқсан келуі мүмкін

Бұл оқиғалар медиаэтика принциптерін бұзу журналистердің өз жауапкершілігін түсінбеуінен немесе ақпаратты жеткізу тәсілдерін дұрыс таңдамауынан туындайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайлар қоғамға сенімсіздік тудырып, жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға зиян келтіреді. Сондықтан БАҚ өкілдері өз жұмысында этика қағидаларын сақтауға ерекше назар аударуы тиіс.

Мұндай қателіктердің салдары: қоғамдық сенімнің төмендеуіне, адамдар арасында түсініспеушілік пен бөлінушіліктің артуына, ақпараттық хаос пен жалған ақпараттың көбеюіне, журналистиканың беделінің төмендеуі әкеп соғады.

Медиаэтика – ақпараттық қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Мәтіндерде медиаэтика талаптарын сақтау – журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі. Осы қағидаларды бұзу тек журналистиканың беделіне ғана емес, бүкіл қоғамға теріс әсер етеді. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер өз жұмысында этикалық стандарттарды басты назарда ұстауы тиіс.

Арайлым Қаналықызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Журналистика факультеті

3 курс студенті

0
0
5078

Еще по теме