МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫНДА ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНА ТҰРАДЫ
Маңғыстау ауданына қарасты Жыңғылды ауылында жүз жасаған ғасыр ана тұрады. Ол бұғанасы бекімей жатып-ақ ердің ісіне бергісіз еңбек етіп, адалдық пен мейірімділікті жанына серік еткендердің бірі. Тұщыбекте туып, Түркменстанда ер жеткен Ақілгек Құлбарақова туған жерден жырақ кетіп, жат елде еңбек еткенін еске алды.
«1921 жылы Тұщыбек деген жерде өмірге келдім, үш жасымда анамнан айырылып жетім болдым. Мені ағам мен апамды тістелеп жүріп әкеміз ер жеткізді. Мен ол кездері он жаста болуым керек, елдің аштығы, малдың көрінген бұтаның түбінде бұратылып жатқаны, адамдардың жер-жерден мондалақ, көсік қазып соны талғажау қылғандары еміс-еміс есімде. Содан ағам мен жеңгем мені ертіп Түркменстанға аттанды. Шағадамда жер жыртып, масақ теріп әйтеуір өлмешінің күнін кештік. Содан бір жылдары Алшын Меңдалиев бастаған азаматтар келіп, ел тұрмысының жақсарғанын, елге мал таратып жатқандығын, Маңғыстауға алып кетуге келгендерін айтты. Елге келіп 1-2 сынып оқып, сауат ашқан болдық»,- деді Ақілгек Құлбарақова.
Ауылға келген соң еңбекке араласқан ол бүгінде жайқалып тұрған Тұщыбектегі көп ағашты отырғызып, көң тасыған. Самайына ақ түскенімен көңіліне дақ түспеген сәби кейпіндегі қарт кісімен әңгімелесу барысында көп нәрсенің байыбын байқадық, ой қорыттық.
«Біз қиындықтың қамытын ерте киген ұрпақпыз, көзіміз соғысты да көрді, көңіліміз жетімдікті сезді, қарынымыз аш, киіміміз жыртық болды. Бүгінде оның барлығы көрген түстей болып отыр. Бала-шағамыздың көңілі де, қарыны да тоқ, көйлегі көк. Мұның барлығы ел басқарып отырған балаларымның парасаттылығы деп білемін. Сондықтан бүгінгі күнімізге мың шүкірлік айтып, балаларының бағын тілейтін барша аналардың атынан алғыс айтуды жөн көрдім», - дейді ол.
Әсілінде адамның ұзақ жасауы, дене бітімінің келісті болуы да жас күнінде жасаған еңбектің жемісі екенін тағы бір түйсінгендей болдық. Ақілгек ана қай қызметтің де қиюын келістіріп, үйде мейірімді ана, ерінің қас-қабағын баққан жақсы жар бола білсе, түзде өзі өмір сүріп отырған ортаның дамуына үлкен үлес қосқан қайраткер. Бүгінде әйел азаматтар ерлермен үзеңгі түйістіре қызмет етіп, үй шаруасы мен бала тәрбиесін қоса арқалап жүр деп марқайғанымызбен, олардың ешқайсысы да Ақілгек сынды аналардың жүріп өткен жолының жібін де есе алмай қалатыны белгілі. Тіпті Жыңғылдының төменгі ауылына көшіп келген егде тартқан Ақілгек ананың таудың тасынан үй салғанын көзі көргендер әлі бар екен. Ол кезде балалары жас болғандықтан тасты қашау, аудару мен тасуды өзі атқарған ананың қайраттылығына қайран қаласың. Сол тас үйдің бүгінге дейін іргесі бүтін, ішінен он шақты түтін түлеп шықты.
МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
