МӘРТӨКТЕ ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНЫП, ЖАСТАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов пен Асылжан Бүркіталин Мәртөк және Жайсаң ауылдарының тұрғындарымен онлайн кездесу өткізді. Мәртөктіктерге облыстық сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын түсіндірді.
Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмысқа басымдық берді. Соның ішінде егін және мал шаруашылығын субсидиялау ережесіне тоқталды.
-Субсидияны көбейту арқылы біз асыл тұқымды мал басын арттырамыз. Сонымен бірге мал шаруашылығы және мал азығын дамыту кезінде ғылыми-зерттеу институтының үлесі зор, - деді ол.
Ғалымжан Елеуов денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан ауқымды іске тоқталды.
-Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Бірінші толқын кезінде алған тәжірибе жұмыстың негізгі діңгегі болды. Алдағы бес жылда дәрігерлік амбулаториялар саны арттырамыз. Соның бірі Жайсаң ауылында салынбақ. Кадр тапшылығы мәселесін жою кезінде дәрігерлерді баспанамен қамту мәселесі оң шешіледі. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға көлік беріледі,- деді ол. Сонымен бірге Мәртөк ауданында медициналық туризм дамып жатыр. Мұнда 2024 жылы «Зәру» шипажайының аумағы кеңейеді.
Ал Асылжан Бүркіталин жастарды қолдау, мәртөктік еріктілердің жұмысына тоқталды.
-Мәртөктік жастар өте белсенді. Партия оларды әрдайым қолдайды. Жайсаңдағы көпсалалы колледжге заманауи мамандықтарды енгізіп, сұранысы жоғары саланы дамыту, жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруды көздейді. Коворкинг ортылығы, дене шынықтыру-спорт кешені салынып, көпсалалы спорт алаңдарын ашамыз, - деді Асылжан Бүркіталин.
Ауданның шаруа қожалықтары және ұйымдарымен меморандум жасап, жыл сайын жастар арасынан кемінде 300 адамды жұмысқа орналастыру көзделді. Жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жаз мезгілінде 100-ден астам жасты жұмысқа орналастырылады.
