Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ағымдағы жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 629 мүгедек жұмысқа орналасуға өтініш білдірген. Нәтижесінде бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 9 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, қазіргі таңда оқуын аяқтаған 3 адам жұмысқа орналастырылды. Екінші бағыт бойынша 53 адам «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 14 адам шағын несие және 54 адам жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Үшінші бағыт аясында 603 адам жұмыспен қамтылды.

Бұл мәлімет 11 желтоқсан «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының мәжіліс залында «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселелері» тақырыбында өткен отырыста айтылды. Шараға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Шолпан Ильмуханбетова, Маңғыстау облысы әкімінің мүгедектер құқықтары жөніндегі орынбасары Владислав Трифонов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әсет Шопанов, балалар үйі директоры Сара Ермұханова және партия ардагерлері Ерғали Құрашев, Қуантқан Боранбаев қатысты.

Отырыс ZOOM платформасы арқылы өткізіліп, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ш.Ильмуханбетова жүргізді. Ә.Шопанов мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бойынша жасалған әрі жоспардағы жұмыстарға тоқталды.

- Ағымдағы жылдың 10 қарашасынан бастап 400-ден астам жұмыс берушілермен кездесулер өткізіліп, қолданыстағы заңнаманың сақталуы ескертілді. Сонымен қатар мемлекеттік жеңілдіктер жөнінде, бөлінетін қаражаттың көлемі жыл сайын артып жатқаны жайында жұмыс берушілермен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Мүгедек жандарды көптеп жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қарастырылатын жеңілдіктер қатарын арттыруды қарастырудамыз. Бұл ұсыныстарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдап жатырмыз. Оған қоса аудандар мен қала әкімдіктеріне мүгедектігі бар адамдар үшін 2021 жылға жұмыс орындарын бекіту туралы тиісті қаулыларды қабылдау тапсырылды, - деді Ә. Жоламанұлы.

Осы орайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесінде туындайтын проблемалар бар. Ең негізгісі мұндай жандарды кәсіпорындар, елуден аса жұмысшысы бар мекемелер берілген мемлекеттік квотоны орындауға құлықсыз келеді. Жұмыс берушілерге ҚР Халықты жұмыспен қамту туралы Заңына сәйкес ауыр, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын ескермегенде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын 2%-дан 4%-ға дейін белгілеу міндетті. Оған қоса жұмыс беруші мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға мемлекеттен субсидияланады.

Отырыс барысында В.Трифонов ақпараттық-насихаттық жұмыстарды дұрыс әрі тұрақты жүргізу ұсынысын жеткізді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жұмыс беруші мемлекеттік жеңілдікті, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналасу үшін жасалатын жағдай жөнінде толық ақпараттанады, өз құқын дұрыс пайдаланады. Туа бітті мүгедек балаларды ортаға бейімдеу мәселесі де осы насихаттық жұмыстар аясында жақсармақ. Сол себепті жұмыспен қамту орталығы ғана емес, бұл орайда денсаулық сақтау мекемелері де ақпараттық жұмыстарға баса назар аударғаны жөн екені тілге тиек етілді.

0
0
340

Еще по теме

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ - Yvision.kz