Люди старшего поколения, внесшие свой вклад в становление и развитие Независимого Казахстана
#NurOtan
Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын ардагерлер қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы. Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу - бабадан балаға сіңген қасиет. Ата салтты берік ұстанған халқымыз қашанда «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген. Көнекөз қариялар салт-дәстүр сабақтастығының буыны. Үлкенге-құрмет, кішіге - ізет көрсету қазақ халқының ең асыл тәрбиесі.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еңбекпен шыныққан, өмірдің талай бұралаңын бастан өткерген, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жан, Жақсы ауылының құрметті тұрғыны, ақсақалы Зияда атамыз туралы айтқымыз келеді.
Зияда атамыз 1947 жылы Жақсы ауданы Кіндікті ауылында өмірге келді, 1960 жылы Жақсы ауылына қоныс аударып, мектеп қабырғасын осы ауылда аяқтайды. Бұрынғы Целиноград қаласының ауылшаруашылық институтында «экономист» мамандығы бойынша оқыды.
1970 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, Рентабель ауылына агроном болып орналасады. Еңбек жолын туған жерінен бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейін бар қажыр – қайратын еліне, жеріне арнаған қадірменді ақсақал қазір зейнет жасында. Әлі де ауданның мәселелерін шешуде өз ақылын аяған емес. Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. Сонымен қатар бала күннен бойындағы ақындық талантымен танылған ақсақалдың, жергілікті баспасөз беттерінде өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрады.
«Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған», - демекші Зияда атамыз осы жерде Бақытжамал әжемізбен үйленіп, отбасына үлкен қамқорлықпен қарап, ұл-қыздарына саналы тәрбие беріп, оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, көпке үлгі боларлықтай үлкен жанұяға айналды.
Қазіргі көп жас отбасыларына үлгі боларлық көпбалалы жанұя десек қате айтпаспыз. Ұл-қыздарына да жоғарғы білім беріп, қазіргі таңда барлығы бір – бір маман иесі. Бүгінгі күні бес ұрпағынан он жеті немере, бес шөбере сүйіп, бақыттың базарына кенеліп отырған бақытты ата–әже. Ауылдастарының алдында да беделдері жоғары, шақырылған жерде төрден орын алып, жастарға баталарын беріп жүрген құрметті қарттарымызға айналды.
«Қарты бар елдің-қазынасы бар, қызы бар-елдің базынасы бар», - демекші осындай үлкен құрметке лайық қарттары бар Жақсы ауылы қазыналы, берекелді ауыл деп есептеймін. Бүгінгі жас ұрпақ өздеріңіздей тұлғаларға еліктеп өсуі керек. Сол арқылы еңбекқорлықты, елін сүйгіш қасиеттерді бойына сіңіреді. Қазыналы қарттарымыз ұлағатты болашағымыздың кепілі.
