Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ЛИЦЕЙГЕ ҮШТІЛДІЛІКТІ ЕНГІЗУГЕ ЕРІКТІЛЕР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСТІ


Алматыдағы Сұлтан Қожықов атындағы №39-лицейдің оқушылары мектепте үш тілде сөйлейді. Сыныпта да, сыныптан тыс уақытта да. Оқу орнының басшысы Мейірхан Жұмағалиев үш тілде оқыту әдісін қалай енгізгені жайында айтып берді.

«Білім берудегі жемісті эксперимент». Тамыз айында өткен педагог қызметкерлердің мәслихатында лицейдің қанатқақты жобасына осындай баға берілді. Мейірхан Сансызбайұлы әріптестерінің алдында баяндама жасап, үш тілде білім беру әдісін қалай еңгізгені туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 2015 жылы іске қосылған қанатқақты жоба тамаша нәтиже көрсетті. Үш тілділікті енгізбес бұрын оқушылар ағылшын тілінен сынақ тапсырып, оның нәтижесі көңіл көншітпеген еді. Ол кезде балалардың 80%-ы beginner базалық деңгейіне жете алмай, 40%-ы жеңіл тапсырмаларды да орындай алмай қиналған. Есесіне қазір мектеп оқушыларының 80%-ы орта деңгейді көрсетіп, 20%-ы ең күрделі деген тестті қиналмай орындай алады.

Жоба бойынша химия, биология, және физика пәндерін ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде қатар оқыту көзделген. Осылайша, мұғалімдер ағылшынша тек еркін сөйлеп қана қоймай, өз пәніне тән терминологияға да емін-еркін тіл сындыруы керек болатын. Лицейге дәл осы кезде еріктілердің көп көмегі тиді. Алматы шет тілдер университеті студенттерінен құралған еріктілер тобы 100 бала, 15 оқытушы және 20 ерікті болып топ жасақтады. Оқу жеделдетілген әдіспен өтті. Студенттер үш ай ішінде 1 жыл және бір тоқсанның оқу курсын өтіп тастады. Материалды миға дұрыс сіңіру үшін шағын 10 топқа бөліп, әрқайсын 2 ерікті қадағалап отырды.

Қолдары бос уақытта еріктілер ұстаздармен бірлесіп термин сөздерді аударды, шет тілінде сабақ өту ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ жоба аясында 15 мұғалім қазақ және орыс тілінде сабақ жоспарын жазып, Шет тілдері университетінің мамандары оны ағылшын тіліне аударды. Нәтижесінде лицей оқытушыларының 30%-ы өз пәнін ағылшын тілінде түсіндіріп, сабақ өте алатын деңгейге жетті. Бұған қоса бағдарламадан тыс бірталай шаруалар атқарылды. Атап айтқанда, балалар ағылшын тілінде сыдыртып оқи алу үшін Fast reading жобасы, «Бізге субмәдениет керек пе» деп аталатын зияткерлік жарыс секілді көптеген шаралар ұйымдастырылды. Лицей директорының пікірінше, мұндай жұмыстар балалар мен мұғалімдердің қызығушылығын оятып, кейіннен олардың өздері қосымша курстарға баратын болады.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» атты педагог қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесі 22 тамызда өткен болатын. Бұл шара Білім және ғылым министрлігі мен «Болашақ» қауымдастығы және «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасының ұйымдастыруымен өтті.

Осы тақырып бойынша «Нейтрон» ғылыми зертханасы жайлы қызықты мәліметті мына сілтеме арқылы көре аласыз:https://yvision.kz/post/777517.

0
0
939

Еще по теме