Перейти к содержимому

ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНДА «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қызылжар ауданында «AMANAT» партиясының Жол картасының 10 айдағы орындалу қорытындылары талқыланды. Бескөлде өткен жиында аудан әкімі Бейбіт Исманов әлеуметтік-экономикалық даму бағытында кеңейтілген есеппен бөлісті.

Әкімнің айтуынша, биыл Жол картасының негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай оң динамика байқалды. Әсіресе жұмыспен қамту саласында нәтижелер жоғары: жылдың басынан бері 347 адам жұмысқа орналасса, олардың 238-і – субсидияланған орындарға жіберілген.

«Жалпы 295 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 115% орындалды. Бұған қоса, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көкөніс өсіру, қызмет көрсету, кондитерлік өнімдер өндірісі және тігін ісі бойынша 18 грант берілді. Жастар саясаты да қарқынды жүзеге асуда: жаз айларында «Жасыл ел» жасағында 89 жас еңбек етті, бұл жоспарланған көрсеткіштен екі есеге жуық артық», – деді Бейбіт Исманов.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Агроқұрылымдар 131 дана техника сатып алып, 10 айдағы жалпы өнім көлемі 80 млрд теңгеден асты. Суармалы жерлерді арттыру жоспары екі есеге асыра орындалып, айналымға қосымша 904 гектар енгізілді. Әкімнің айтуынша, бұл алдағы жылдары ауданның азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, ауа райына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Білім беру бағытында мектептерді цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Соңғы екі жылда 10 жаңа медициналық нысан салынды, ал жабдықтау деңгейі 108% жетті. Сондай-ақ жүйеге 12 дәрігер мен 27 орта буын маманы қосылды.

Инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша 16,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Новоникольское – Андреевка – Новомихайловка – Боголюбово» бағытындағы автожолда 976 млн теңгелік жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бескөлде биыл 6 шақырым жол жөнделіп, тағы 15 көшеге қиыршық тас төселді. Ірі жобалардың бірі – 10 ауылды қамтитын Соколов топтық су құбырын жаңғырту. Ол жұмыстар 2026 жылы аяқталмақ.

0
0
5637

Еще по теме