"Күлпәш" фильмін көргеннен соң...

Алты кісі жиналып “Күлпәш” фильміне бардық. Бірінші кісі эмоцияға беріліп, көзінің жасына ерік беріп, аналық мейірім туралы айтты. Оның отбасындағы Ашаршылық тақырыбына жете алмадық. Екінші кісінің әжесі Ашаршылық заманында бір бұзауға сатылып кете барыпты. Бұл кісілер “Күлпаш” әңгімесі авторы елінен, қазіргі Б.Майлин атындағы, Қарабалық аудандары жағынан, айтқандай Бейімбеттің әулеті де Ашаршылыққа ұшыраған. Өзі репрессия құрбаны. Тағы бір қызығы жамағайын туысымен көрші тұрамын. Ағамызбен сәтін салса Қарабалық жаққа барамыз деп жүрміз.
Ал, Бейімбет Майлин “Күлпәш” әңгімесін 1922 жылы жазыпты, ал, қазақ даласында Ашаршылық 20 ғасырда үш рет болғаны белгілі, біріншісі 1918 жылы, екіншісі 1920 жылдар және үшіншісі 1930 жылдар. Майлин екінші Ашаршылық кезеңін сипаттаған болар. Бұл Ашаршылық туралы 1921 жылы Ахаң - Ахмет Байтұрсынұлы былай депті: “Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, есі кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті”.
Үшінші кісі бүй деген еді: “Ауылымызда бір адам болды, момын, адамдарға жоламас еді, заманында екі қызын сойып жепті деп ауылдастар күбір-күбір ететін, бірі арықтау, екіншісі семіздеу. Әуелі бір қызымен екінші қызын сойып жеген деседі, кейін екінші қызын өзі жеген, сонда семіздеуін бит басып кетіпті деседі, естіген құлақта жазық жоқ. Киноға келген төртінші кісі жас буын өкілі, одан Ашаршылық туралы сұрағанда: “әрине, хабарым бар” деп жауап берді, бірақ, жастардың сеанс бітпей тұрып кетуі көңіліме қаяу түсірді, жастарды кінәлаудан аулақпын, оларға айтып отыру біздің парызымыз. Жалпы, менің ұстанымым біреуді кінәлау емес, осындай жайт қайталанбаса екен деген тілек. Киноға барған бесінші кісі келіншегім еді, ол: “кезінде Ашаршылық туралы атамнан сұрап алмаппын, бір жағы Кеңес заманында қайтып, Ашаршылық туралы айтылмайтын еді ғой” деді, бар білетіні Ашаршылық уақытынде Жезқазған жағында (өндірісі бар Жезді болар деп болжадым) нағашыларын паналап тірі қалыпты, кейін елге келген екен.
Мен болсам фильм оқиғаларымен атам Әмірхамза мен әжем Шынардың Ашаршылық заманындағы өмірін салыстырдым.
Шынар әжем (яғни, әкем Қорғанның анасы) мен Әмірхамза атам туралы көп біле бермеймін, көздерін де көрген жоқпын, тек әкем Қорғанның бір-екі естілігінен есімде бар. Сондықтан, әкем естеліктерін толықтыра отырып, үзінді бере кетсем.
Бірінші естелігі.
"Мен аштық жылдары бес-алты жасар баламын. Бiздiң әкелерiмiз бес ағайынды болыпты. Олардың үлкенi Қожайт, Смағұл, Әмiрхамза, Әмiрәлi, Сәду. Одан басқа екi қыз болды. Осылардан 31-32 жылдардың аштығынан тiрi қалғаны Смағұлдан Сейдағалиы, ал Әмiрхамзадан мен едiм. Қожайт атамыз ертерек үйленiп қонысы да өрiсi де бөлектеу болыпты. 1932 жылдың аштығында бiздiң ата-қонысымыз Аққұм деген жерде ер жетiп үйленген Әубәкiр-Ахмет деген екi баласымен аштықтың құрбаны болды. 1932 жылдың алапат аштығы біздің әулетке өте қатты тиді. Ал Әмірәлі ағам аштықта тастап кеткен әйелі мен екі баланың аянышты өлімі қосылып, ауырмай-ақ 1933 жылдың жазында қайтыс болды.” Дәл осы жерде күйеуі мен баласы Мақтым мен Қалиды амалсыздан тастап кеткен Күлпәш еске түсті.
Сонымен әкем Қорғанның естелігін жалғастырайын: “Әкем Әмiрхамза өзiнен кiшi Әмiрәлi, Сәду деген iнiлерiмен бiрге қазiргi Көкалат ауылынан 10-15 шақырым жерде, Қарабидайық деген поселкеде әкемнiң қайындары Молдағали, Батырғали дегендермен, олардың екi баласы әйелдерiмен, бiз бiр үйде, менен үлкен апам Зағила мен өзiм және екi шешемiз, тетелес iнiсi Әмiрәлi әйелiмен және екi баласымен, үйленбеген Сәду деген ағам – барлығы 16 адам бiр жерде әкемнiң қарамағында болды. Олардың жағдайын жасаймын деп Әмірхамза тыным таппайтын. Әкем ақыры аштықтан қайтыс болды. Сонда ол кісі (Әмірхамза шоқша сақалды кісі еді) қырық бесте ғана екен. Шешем Шынар әрқашан Әмірхамзаның қасынан табылатын.
Жоғарыда айтқан өзiнiң туыстары мен қайын жұрттарын асырайын деп талай рет абақтыға жабылған кездерi де болды. Ол кезде аштықтан аман қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн. Жаңа өзiм айтып өткендей, Қарабидайық поселкесiнен қашықтау бiр шақырым жерге өте биiк етiп саманнан мал қора салынды. Қораның жанына мылтықпен қаруланған күзетшiлер тұрды. Әкем пысықтау, өжет деген 4-5 жiгiттi жанына ертiп, колхоздың күндiз далаға бағып, түнде қораға қамап аузын құлыппенен бекiтетiн биiк қорасының құлпын бұзып, мал алып шығып, оны сол жерде бауыздап, жiлiктеп бөлiп үйге әкелетiн. Бiз – балалар аузын ашқан балапандай, “әкемiз қашан келедi?” деп түнiмен ұйықтамай қарап отыратынбыз. Күн көрiсiмiз қолға тиген ұрлықтың етi ғана болатын. Бидай-тары дегендi бiлмейтiнбiз. Шешелерiмiз әкемiздiң әкелген етiн таң атқанша пiсiрiп, күн шыққанша еттiң сүйегiн Қабырға өзенiне ағызып жiберетiнбiз. Келесi күнi ауылсовет орталығы Көкалат деген жерден ауданның уәкiлi мен ауыл белсендiлерi келiп, әрбiр үйдi тiнтiп, қалған-құтқан сүйектердi тауып алып осы сезiктi-ау деген әкемнiң серiктерiн жаяу айдап 15 шақырым жердегi ауылсоветтiң кеңсесiне алып келiп қамайтын. Бiз балалар, айдап бара жатқан әкемiздiң соңынан жүгiрiп, «әке-әке» деп әкемiзге жүгiретiнбiз. Айдап бара жатқан белсендiлер бiздердi қамшымен бiр-бiр тартып жiбергенде ғана кейiн қашатынбыз.".
Екінші естелігі.
"1932 жылдың қанды-қырғын аштығы ел талғамай тамақтан өткеннің бәрін қылғытып, аман қалудың қамын жасауда. Аш-жалаңаш адамдар әлсіреп, қадам басып жүрудің өзі мұң болып қалған. Кішкентай мен қатарлы балалар өзі аш, өзі әлжуаз, аналарының етегіне жармасып тамақ сұрап жылағандары әлі күнге көз алдымда. Аштықтан бұратылып қалжыраған, бір-екі әйелдің етегіне жармасқан балаларын "осы сен-ақ сор болдың ғой" - деп сирағынан ұстап, шырқыратын жылатып, Қабырға өзеніне лақтырғанын өз көзіммен көргенім бар. Соны көріп, есі жаңа кіріп келе жатқан мен не анамның қасына барарымды, не кейін қашарымды білмей мәңгіріп тұрып қалатынмын. Анам мені құшақтап, бірде кеудесіне қысып, бірде арқасына салып, көлегейлеп, жоғарыдағы көріністерді көрсетпеуге тырысып, кейін қарай кететін. Сөйткен анам осындай алапат аштыққа көнді, шыдады. Өз аузынан жырып, алдымен мені тамақтандыруға тырысатын. Сөйтіп, мен шешемнің аналық мейірім-махаббатымның арқасында аштық деген нәубеттен аман қалдым.". Осы ретте тағы бір салыстыру жүргізген дұрыс болар, 1700 жылдар соңында аталарымыз Сырдан келіп, Торғай даласында астық өсіріп (тары егіп), Қыпшақ Сейітқұл атамыз Қабырға өзені бойына тұрақтаса, 150 жылдан соң баласы үшін жанын беретін қазақ әйелі ертең құлақшы, мұрап болатын баласын суға лақтырып жатыр. Манағы Ахаң сөзі еске түсті.
Үшінші естелігі.
"Менің туған нағашым Серкебайдың Батырғалиы Екінші дүниежүзілік соғыста қолынан жаралы болып, осыдан бір жыл бұрын елге келген. Нағашымның екі баласы, өзі, мен және шешем – бір үйде бес жанбыз. Анам марқұм соғыс біткен жылы, 1945 жылдың қараша айының бесі күні елді жаппай жайлаған сүзек ауруынан қайтыс болды. Нағашымда әйел жоқ, ертеректе өлген, шешем өлгеннен кейін екі баласымен олар бөлек кетті.
Мен әкемнің (Әмірхамзаның) бірге туған ағасы Смағұл деген деген кісінің үйіне шықтым".
Сонымен, Аянбай ұрпағы ішіндегі Смағұл мен Әмірхамза екеуі де Дәулетбикеден (ру аты) қыз алған, ал енді Әмірхамза (1932 жылы қайтты) қайтыс боларының (ашаршылық зұлматына байланысты құрқұлақ ауруына шалдығады, оның емі жуа екен) алдында өзінің Дәулетбике руындағы Оймауыт Дауылбаев, Төлекенің Әлиі, Айса Нұрманов, Бәйтен, ағайынды Байбатыр және Ербатыр деген достарының ішіндегі жан аямас достары – соңғы аты аталған кісілерге жалғыз ұлы Қорғанды аманаттап кеткен екен.
Бір үйде Ербатыр мен Байбатырдан өзге Бөкен, олардың бала-шағалары, әкем Қорған, оның шешесі (менің әжем) Шынар бар, топты бала-шағамен бір қора адам екен. Елдің арасына аштық дендеп кірген кез болса керек. Ал, қолдарында бары тек бір сиыр. Шынар әжеміз бір сиырды сауып, төрт отбасыға теңдей бөліп, нағашыларымыздың арқасында қаншама адамды асырап шықты десеңізші?!
Тоғыз ай, бір жыл көлемінде бір үйлі жан қара сиырдың сүтіне су қосып, оған аздаған жарма илеп баламықтап шыққан екен.
Сөйтіп, нағашылары бір жыл аштық зұлматынан алып қалыпты. Ағайынның арасындағы бауырмалдық, достық осындай болса керек. Әрі сөзге тоқтайтын заман ғой.
Кешегі “Күлпәш” фильмінен соң Шынар әжемнің жалғыз ұлы Қорғанды тірі алып қалу үшін қаншама тер төккенін осы посттан білуге болар.
Суретте: Торғай жеріндегі Қабырға өзеніне жақын маңдағы әжем Шынар Аянбайкелінінің құлпытасы, фотоға түсірген Amandyq Amirkhamzin
#Шынар Аянбайкеліні #Ашаршылық ақиқаты #Көкалат ауылы