Қосшы - оқуға құштар жандардың қаласы
Қосшы қаласында кітап оқуға және мәдени бастамаларға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Қаланың орталықтандырылған кітапханасы бүгінде тек кітап сақтау орны ғана емес, жаңа буын оқырмандары үшін ашық әрі заманауи мәдени кеңістікке айналды, деп хабарлайды Yvision.kz.

Қосшыдағы орталық кітапхана – Ақмола облысының мәдени өміріндегі ең белсенді ошақтардың бірі. Мұнда рухани, танымдық және шығармашылық бағытта жүздеген іс-шара тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Мекеме деректеріне сүйенсек, 2024 жылы кітапханаға 3 512 адам тіркелсе, 2025 жылы оқырман саны 8 758-ге жеткен. Бұл көрсеткіш оқуға деген қызығушылықтың және қызмет сапасының едәуір жақсарғанын дәлелдейді. Кітапхана қызметкерлері мәдени және әдеби бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Айта кету керек, Косшы қаласында еліміздің белгілі ақын-жазушылары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері аз емес.
2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша 387 ғылыми конференция, әдеби және мәдени кештер, рухани мазмұндағы кездесулер өткізіліп, жалпы 30 мыңға жуық адамды қамтыған. Кітап қоры жыл сайын толықтырылып, бүгінде 20 мың данаға жетті. Қажетті басылымдар облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрақты түрде сатып алынады.
Француз ақыны Шарль Бодлер айтқандай: «Алдымен жақсы кітапханашыны табу керек, содан кейін ғана кітапхана ашуға болады.»
Сонымен бірге кітапхана қызметіне КАБИС автоматтандырылған бағдарламасы енгізіліп, кітап қорының электронды каталогын жүргізу ісі жолға қойылды. Бұл жүйе оқырманға қызмет көрсетудің сапасын арттырып, барлық процесті цифрландыруға мүмкіндік берді.

Жобалар мен бастамалар
Жылжымалы кітапхана жобасына деген қала тұрғындарының сұранысы жоғары. Уақыты тығыз жандар үшін кітапханашылар олардың жұмыс орнына барып, сұралған кітапты жеткізіп береді. Бұл қызмет түрі күн сайын кеңейіп, пайдаланушылар саны артып жатыр. Кітапсыз кітапхана жобасы оқырман мен авторды тікелей байланыстыратын жаңа мәдени форматқа айналды.
Алғашқы кездесудің қонақтары арасында жас жазушы және сценарист Перизат Мырзахмет бар. Ол "Өмірдің аты М" атты кітабын таныстырып, қазіргі жастардың өмірге көзқарасы мен рухани ізденісін арқау етті. Шығарма кейіпкерлері түрлі күйзеліс пен таңдаулар арқылы өмірдің шынайы мағынасын түсінеді, ал жазушының басты ойы өзгеріс тек оған дайын жанға ғана келеді деген философиямен астасады.

Steppe&World баспасының редакторы Балғын Әділбай оқырмандармен бірге түрік жазушысы Элиф Шафактың "Махаббаттың қырық қағидасы" романын талқылады. Бұл туындыда XIII ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл әрі сопы Жәлеладдин Руми мен оның рухани ұстазы Шәмс Тебризидің арасындағы терең байланыс суреттеледі. Роман махаббат пен сенімнің, еркіндік пен рухани жарықтың мәнін ашып көрсетіп, оқырманды өмірдің ішкі үйлесімін іздеуге жетелейді.
100 күн 100 кітап әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған әдеби марафон қалың оқырманды бір ортаға біріктірді. Әр күні жаңа бір шығарма ұсынылып, қысқаша шолу, үзінді және автор туралы мәлімет жарияланады. "Ертегілер елі шақырады" жобасы балалардың қиялын дамытып, кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Мұнда бүлдіршіндер сүйікті кейіпкерлердің дауысын салып, шағын қойылымдар көрсетеді.
Жан азық атты әдеби клуб та тұрақты түрде жұмыс істейді. Мақсаты адамның рухани әлемін байытып, кітап арқылы ішкі жан дүниесін жетілдіру. Қазір клубтың тұрақты мүшелері жүзден асқан. Олар Елордадағы "Алқа", "Oyorda" және "Өзіңмен шығармашылық" клубтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Рухани орталық

Қазіргі таңда кітапханаға күніне 150-ге жуық адам келеді. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, жастар мен зейнеткерлер бар. Қосшы кітапханасына басқа өңірлерден арнайы ат басын бұрып келетін қонақтар да көбейіп келеді. Интерьері заманауи үлгімен қамтылған: залдары жарық, жиһаздары жұмсақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бұрыштар, компьютерлік және интернетке ашық қолжетімді орындар бар.
2025 жылы Қосшы кітапханасы еліміздегі жаңа буын кітапханаларының бірі ретінде танылып, тыныш әрі жайлы мәдени ортаға айналды. Кітапхана білім мен тәрбиенің бастауы ретінде дамуын жалғастырып, оқуға құштар қоғам қалыптастыру ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді.
Адам оқудан тоқтағанда, ойлаудан да қалады — бұл ұлы Абайдың өсиетімен үндес ақиқат.
Мәлімет пен фотосуреттерді Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұсынды.
